Қоғам • 04 Қараша, 2019

Сервистік компаниялардың әлеуеті қандай?

422 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұнай-газ саласында қазақстандық үлесті арттыру бағытында ғана емес, басқару менеджментінде отан­дық мамандарды көбейту жағы да әлі күнге кемшін. Шетелдік мамандар Қазақстанға көп болса 3-4 жылға келісімшартпен келеді, олар осы уақытта Қазақстанның ішкі нарығын танып-біліп те үлгермейді.

Сервистік компаниялардың әлеуеті қандай?

 

Бұған шетелдік компанияларды кінәлау­дың да реті жоқ. Олардың тала­бына сай келетін мамандарды даяр­лай алмай отырған өзіміз.

Алматыда «Kazservicе» қазақстандық мұнай сервис саласындағы компаниялар одағы ұйымдастырған дөңгелек үстелде осы және басқа да мәселелер көтерілді.

Сарапшылар Қазақстан нарығы шетелдік мердігерлер үшін тартымды әрі табысты екенін айтады. Бүгінде бұл саладағы ең ірі халықаралық 100 компанияның 20-сы Қазақстанда жұмыс істейді, тағы 10 компания біздің нарықтан орын алуға тырысуда. Бірақ олар елге келген соң көп ретте қазақстандық компанияларды серіктес ретінде тартудың орнына, бөлек серіктестік ашып, өз бетінше жұмысын жалғастыра береді.

Бүгінгі таңда North Caspian Operating Company N.V., Теңізшевройл және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. тәрізді ірі мұнай-газ операторлары жалпы сомасы 45 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыруда. Бұл операторлар нарықтың ірі тапсырыс берушілері болып саналады (барлық сатып алудың 75 пайызы), алайда олардың сатып алу рәсімдері жабық режімде өтеді.

Бүгінде Қазақстандағы мұнай сервисі қызметтерінің жыл сайынғы айналымы кемінде 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Мұндағы отандық бизнестің үлесі орта есеппен алғанда 50-60% шамасында. Олар жергілікті бизнесті несиелендіру кезінде екінші деңгейлі банктер тарапынан жоғары талаптар мен кепілдіктердің қойылуы, отандық бизнестің өтініштерін ұзақ қарастыру тәрізді проблемалармен жиі кездеседі.

Р.Жақсылықов мұнай-газ саласына қызмет көрсететін қазақстандық компаниялар салыстырмалы түрда өте жас екенін айтады. Соған қарамастан экономикианың драйверіне айналатын мүмкіндігі байқалады.

«Елімізде 1 мұнайшыға 4-5 маман қызмет көрсетеді. Егер бұл бағытта жеке кластерді қалыптастырмасақ, мұнай-газ саласының болашағы болмайды. Мұнай сервисі геология, барлау жұмысынан бастап, мұнайшының жеке бас тазалығына дейінгі аралықты қамтиды», дейді ол. Осы саланың жекелеген сегменттерінде қазақстандық үлес әртүрлі. Айталық, инжиниринг саласында үлесіміз 40-50 пайыз болса, құрылыс саласында 80 пайыз төңірегінде. Ең кенже қалған сегмент – логистика, бұл бағыттағы үлес 18 пайызбен шектеледі.

Сервистік компаниялардың табысына әсер ететін фактор көп. Халықаралық нарықтағы ахуалдардан бастап, ірі компаниялардың өз ішіндегі жағдай да оған ықпал етуі мүмкін.

«Ел ішінде мұнайдың арзандауына қатысты пікір көп айтылады. Мұнай бағасы төмендеп кетсе, инвесторлар мен операторлар үнемдеу режіміне көшеді. Басқаша айтқанда әрбір тиынды үнемдей бастайды», дейді Р.Жақсылықов.

Тәуелсіздіктің 30 жылында мұнай-газ саласындағы ірі сервистік компанияларды қалыптастыра алмадық деген пікір де сарапшылар тарапынан жиі айтылады. «Kazservic» одағы төрағасының пайымдауынша, елімізде осы бағытта орта деңгейлі компаниялар құрылмаған. Мұнай операторлары ірі немесе шағын компаниялар болып жіктеледі. Орта буынды компаниялардың қалыптаспауына жобаларды қаржыландыру көп кедергі келтіреді. Айталық, кейбір тендерлерге қатысу үшін компанияның қаржылық айналымы миллиондаған доллар болуы керек. Ондай еркін айналымы бар отандық компания бізде аз. Сондықтан мұндай тендерлерде айналымында миллиардтаған АҚШ доллары бар шетелдік компанияларға бірінші кезекте басымдық беріледі.

Қазақстандық компаниялардың ірі жобаларды іске асыруына қаржы тапшылығы да қолбайлау. Кез келген тапсырыс беруші үшін ауқымды мердігерлік жұмысты бірнеше лотқа бөлгенше, тәуекелдерді азайтып, ірі мердігерді таңдап, оған барлық жауапкершілікті жүктеген тиімді. Ондай мүмкіндік шетелдік компанияларда бар. Сондықтан құны қымбат жобалар да солардың қанжығасында кетеді.

 «Күрделі жобаларды операторлар емес, шетелдік акционерлер бекітеді. Жобалау шетелде өткізілсе, халықаралық стандарттар, талаптар қойылады. Ал шетелдік компаниялардың барлығының Еуропада өкілдіктері бар. Сондықтан қазақстандық компанияларға олармен бәсекелесу өте қиын. «Инжинирингтің Қазақстанда жүргізілуі біздің компанияларға қатысты міндетті жеңілдетеді. Мұндай жағдайда қазақстандық зауыттарға тапсырыс берушілермен тікелей сөйлесіп, өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік турады» дейді Р.Жақсылықов.

Төмен пайызбен несие ұсынатын шетелдік қаржы ұйымдарына шығу үшін кепілдік керек. Бұл кепілдікті Қазақстанда тіркелген ірі шетелдік компаниялар беруге мүдделі емес. Ал қазақстандық банктердің жобаларды қаржыландыру үшін ұсынған пайызы айналып келгенде 30 пайыздың үстіне шығып кетеді. Бұл жұмысын енді бастағандар үшін қиынға түседі. Сол себепті отандық мұнай сервисі саласындағы компаниялар одағы Ұлттық банк немесе квазисекторды диалогқа шақырып отыр.

Осы жиынға қатысқан Ұлттық банктің департамент директоры Данияр Сәлімбаев Қазақстанның мұнай сервисіне қатысты жобалар тек кепілдік арқылы қаржыландырылатынын жеткізді. Тарқатып айтар болсақ, бұл – екі тараптың арасында келісім арқылы жүзеге асатын жоба. Шетелдік ірі компаниялар болмаса, жергілікті компаниялардың көпшілігі банк талап еткен кепілді ұсына алмайды. «Банктер кепілмен қамтамасыз етілген жобаларды қаржыландыруға шектеу қоймайтынын атап өткім келеді. Егер банктердің капиталдық резерві жеткілікті болса, тәуекел етуге дайын болса, онда әрине осындай жобаларға несие бере алады» дейді Д.Сәлімбаев.

Д. Сәлімбаев осы тұста банктің жеңілдігі бар екенін де қаперге салып өтті. Сауатты дайындалған келісімшарттарты банктер компанияның несиені уақытылы төлеуіне мүмкіндік беретін табысының кепілі деп қарастырады. Егер тапсырыс берушінің акциясының 50 пайызы мемлекетке немесе ұлттық холдингтерге тиесілі болса және рейтингі жоғары болса, банктер мұндай компанияларды қаржыландыруға дайын.

АЛМАТЫ