Jas Otan белсенділері Қазақстанның барлық аймақтарындағы 15 мыңға жуық студент арасында анонимді сауалдама жүргізген. Студенттердің 12,8% жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық бар деп көрсеткен. Демек, сауалдамаға қатысқан әрбір 8 студент білім ордаларында сыбайлас жемқорлықтың бар екендігін растайды және әрбір 12 студенттің пара бергені айқындалды. Сондай-ақ университеттерде емтихан тапсырып, диссертация қорғағаннан кейін дастархан жаю және сыйлықтар беру және тағы басқалар «дәстүрге» айналған.
Сауалнама негізінде студенттер жемқорлық фактілері орын алады деп көрсеткен бес ЖОО-ның рейтингі жасалды: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау мұнай-газ университеті, Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.
«Сауалдаманың нәтижесінде студенттер оқу орындарындағы жемқорлықты тудыратын себептер ретінде мыналарды атады: профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысының төмендігі, студенттерде өз бетінше білім алуға деген қызығушылықтың болмауы, мұғалімдердің де, студенттердің де жүктемесінің көптігі, жатақханаларда орындардың болмауы», деді Дәулет Кәрібек.
Республикалық қоғамдық кеңес мүшелері жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру студенттер мен оқытушылардың белсенді қатысуынсыз жүзеге аспайтынын атап өтті. Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың табысты жүргізілуіне мемлекет қана емес, әрбір азамат, қоғам, сонымен қатар жастар да жауапты. Шынында да, көптеген салада, соның ішінде білім беру мен еңбек нарығының бағыттарын белгілейтін осы жас буын.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындарының ректорларына университеттердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдап, жан-жақты әлеуметтік зерттеулер жасап, сол зерттеулер негізінде сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша жоғары оқу орындарының қоғамдық рейтингін енгізу қажет екенін айтты.
«Партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоюдың маңыздылығына ерекше назар аударды. Жоғары білім беру жүйесінің жемқорлыққа неғұрлым бейім екені бәріңізге белгілі. Сондықтан жастардың бойына адалдық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу қағидаттарын сіңіре отырып, халық арасында алдын алу жұмыстарын жүргізуге баса назар аудару қажет», деп атап өтті Омархан Өксікбаев.