Руханият • 04 Қараша, 2019

Қаржастағы қазақ зираты

1343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресей тарихшылары Омбы қаласының сол жағалауындағы ескі шағын ауданда бірнеше ғасыр Қаржас деп аталатын қазақ ауылы болғанын анықтады. Бұл  туралы «Хабар 24» тілшісі хабарлады.

Қаржастағы қазақ зираты

Осыдан 500 жылдай бұрын, бұл өлкеде бірнеше ірі қазақ ауылы қоныстанғаны ескі  қорымдардан белгілі болды. Кейін аумалы-төкпелі замандардан соң жергілікті тұрғындар ата-қонысын және ата-баба зиратын тастап, жайлы мекен іздеп, үдере көшкен. Уақыт өте келе бұл маңай қалалықтардың үй жануарларын қыдыртатын, уақыт өте  өлген жануарларды көметін  жерге айналған.

Омбы қаласының  тұрғыны Нұрғали Шалов  «Хабар 24»  тілшісімен кездескен кезде қала басшылығы жершілікті қазақтардың өтінішіне түсіністікпен қарағанын, тарихи атауын қайтарып беруге келісім бергенін айтыпты.

Бұл мекенге қазақтардың қоныстануы жонғар шапқыншылығынан соң басталыпты.  Қаланың ХVIII  ғасырдағы картасындағы қазақ руына тиесілі ескі зираттардың суреті көрсетілген. Қазір ол қорым түгелдей жойылып кеткен.  Археологтар бұл жерден орта ғасырларға, одан арыдағы темір дәуіріне тиесілі құнды деректер тапқан. Айта кету керек, бұл ауылға күні бүгінге дейін бірде-бір археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген.    Тарих ғылымдарының докторы Шолпан Ахметова журналистермен кездескен кезде қазір ХVIII  ғасырдағы қорымның біздің заманымызға жеткен бөлігін сақтап қалу үшін  оны қоршап қою керектігін айтқан. Ауылдың ізі уақыт өте келе топырақ үйінділеріне айналып кеткен. Тарихшылар бұл нысан – Омбы қаласының құрдасы болуы әбден мүмкін деп отыр. Қорымдағы белгілерге қарап, оның тарихын  300 жылға ары жылжытуға болады.  «Тек қана қоршап қою аз. Ескерткіш орнату керек. Бұл қорым Омбы қаласының тарихи мемориалды кешеніне айналуы тиіс. Себебі Омбыда қаланың құрдасы болып табылатын ескертіштер аз» дейді  тарихшы Шолпан Ахметова.    

Қазір қоғам белсенділері осы мәселемен айналысып жатыр. Олар аймақтың басшылығына ұсыныспен шығып, орта ғасырлардағы қазақтардың тарихынан сыр шертетін аймақты зерттеу нысанына айналдыруды өтініп отыр.

Бұл жерге үш ғасыр бұрын ата-бабаларымыз көшіп барып, тұрақтап қалыпты.  Ертіс өңірінен қоныс аударған қазақтардың ұрпақтары сол елді мекеннің байырғы тұрғындары екен. Қазіргі Ресей құрамында,  ал өткен тарихта қазақтың ежелгі қоныстары болып саналған Астрахань, Орынбор, Омбы ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ел жадында қазақ жерінің құрамдас бөлігі болды. Қазір  өлкелердің кеңес тұсындағы тарихы дала өлкесінен тыс жерлер болғандықтан болар, қазақ зерттеушілерінің назарынан тыс қалып келген еді. Себебі КСРО кезінде орыс тарихшылары «өткен тарихтағы қазақ факторына» мүлдем назар аудармай  келген еді.

«Қазіргі уақытта омбылық қазақтардың құрметіне ауылға кірер жолда автобус аялдамасы ашылды. Оған осы рудың атауы берілген» деп хабарлайды  «Хабар 24»  тілшісі.