Қазақстан • 05 Қараша, 2019

Қазақстанның алтын қоры қайда сақталады?

1408 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осы сұраққа жауап іздеп Ұлттық банк пен Үкіметтің экономикалық блогының сайттарын сүзіп шықсақ та, толыққанды мағлұмат таба алмадық. Бір кездері Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған экономист Айдархан Құсайынов та жуырда журналистерге алтын-валюта қорының қанша пайызбен, қай елде сақталатынына, ол туралы ақпарат неліктен құпия екеніне жауап бере алмады.

Қазақстанның алтын қоры қайда сақталады?

Өткен қыркүйек айының басында Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор­дағы активтің бір бөлігін алтынға алмастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сарапшылар бұл Жар­лық арқылы «Ұлттық қордың қара­жатын қалыптастыру мен пай­да­ланудың негізгі принциптері мен тәсілдері» бөліміне өзгерістер енгізілгенін айтады. «Ұлттық банк валюталық резервтерді шетел валютасына инвестициялайды. Басқаша айтқанда, шетелде сақталады, бұл халықаралық практикаға толық сәйкес келеді. Алтын-валюта резервтерінің валюталық бөлігі дамыған елдер­дің (АҚШ, Франция, Ұлы­бри­тания, Аустралия, Канада, Германия, Нидерланд, Финлян­дия сияқты) сенімділігі жоғары тәуел­сіз облигацияларына, кей­бір дамушы елдердің облига­ция­ларына салынған. Инвести­циялық кредиттік рейтингі бар компаниялардың облигацияларына, жеке капитал, хедж-қорлар, жылжымайтын мүлік нарығында. Валюталық резервтер әртараптандыру мақсатында және мақсаттарына қарай, бас­қарылуы инвестициялық стра­тегияға сәйкес жүзеге асыры­латын портфельдер бойын­ша бөлінген. Алтын-валюта актив­терінің портфелі инвестиция­ларының көлемі туралы ақпарат әрбір ел бойынша деректердің құпиялылығына байланысты таратуға жатпайды» делінген Ұлттық банктің ресми сайтында.

Ұлттық банктің халықаралық резерві биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бо­йынша 28,8 млрд доллар болды. Оның 63 пайызы алтынмен, 37 пайызы шетелдік валютамен сақталған. Демек, халықаралық резервтегі 28,8 млрд доллардың 63 пайызын құрайтын алтынның қандай формамен сақталғанын біз білмейміз. Ол жайлы деректі тап­падық. Қолдағы дерек біздің елдің меншігіндегі таза алтын құйма­лары сенімділігі жоғары тәуелсіз облигацияларға, кейбір дамушы елдердің облигацияларына салынғанын айтады.

Жекелеген мемлекеттердің шетелдердегі алтын қоры жайлы мәлімет жыл басынан бері ашық айтыла бас­тады. Биыл 5 қазанда ресейлік «alpari.com» Түркияның Орталық банкі АҚШ-тан алтын қорын экспорттауды аяқтағанын хабарлады. Анкараның бастамасымен бұл процесс 2018 жылы басталыпты. 9 ай ішінде 28,7 тонна алтын құймалары Нью-Йорк Федералды резерв банкінің қоймаларынан Түркияға қайтарылды.

Ресей шетелдерде сақталған алтын қоры жайлы мәліметтерді биыл ашық айта бастады. Әрине, тек өздеріне қатыстыларын ғана. Panorama.pub басылымы 21 қазанда Ресей Орталық банкінің басшылығы АҚШ-тың Федералды резерв жүйесімен Нью-Йорктегі сақтау қоймаларында өзінің алтын-валюта резервтерін сенімгерлікпен сақтау туралы келісімге келгенін хабарлады. 2200 тонна алтын мен 1,1 трлн долларды АҚШ-қа, Нью-Иоркке тасымалдау 2019 жылдың 1 желтоқсанында басталады.

Ресей Орталық банкі сарапшыларының пікірінше, ФРЖ 30-дан астам әлемдік қаржы ұйымының арасында тендерде жеңіске жетіп, валюталық резервтерді орналастыруға ең қолайлы жағдай ұсынып, 2200 тонна алтын құймаларын (ФРЖ) Нью-Йорктегі қауіпсіз кешенде 4500 шаршы метрден астам қорғалған кеңістікте сақтауға уәде берді. Орталық банктің басшысы Эльвира Набиуллина атап өткендей, ФРЖ-мен жасалған келісім бюджетке алтын мен валютаны сақтауда жыл сайын 80 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Қазір біздің алтынды орналастыратын Нью-Йорктен басқа сенімді жеріміз жоқ. Бұл жердің қауіпсіз­дік деңгейі өте жоғары, сонымен қатар Федералды резерв­ке қатысты департаменттердің көптеген қызмет­керіне біздің активтеріміздің қауіпсіздігін бақылау өте ыңғайлы болады. Олардың көпшілігінің Нью-Йоркте туыстары бар, ата-аналары, балалары тұрады», деді Э.Набиуллина 21 қазанда ресейлік журналистерге.

Қазан айында Орталық банк елдің алтын-валюта қорының 13,4 пайыз активін Қытайда сақтап отырғанын жария етті. Көрші елдің Қытайға құйған салымынан жыл сайын 8,7 пайыз пайда көргенін ресейлік ақпарат көздерінен білдік. РБК сайтының хабарлауынша, Қытай сыртқы елдердің алтын-валюта қорын сақтау көлемі бойынша алғаш рет әлемдік рейтингте алғашқы үштікке енді. Ресейдің Қытай мен АҚШ-тан басқа елдердің қорларында сақталған активтері туралы да мәліметтерді ашық дереккөздерден көруге болады: Ресей Орталық банкінің алтын қоймасындағы үлесі – 18,2 %, Германияда – 13,2%, Францияда – 11,6%, Жапонияда – 10,2%. Ұлыбританияда – 5,9%, Халықаралық ұйымдарда – 4,3%, басқа елдердегі үлесі – 9,3%. Мұны көрші елдің орталық банкі ашық жария­лап отыр.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) алтынның әлемдік резерві туралы ресми мәліметіне сенсек, 2019 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан әлемде 15-орынды сақтап қалған. Ұлттық банктің халықаралық резервтері қыркүйектің соңында 28,8 доллар млрд болды. Оның құрылымына келсек, алтынмен сақталған активтері – 63 %, ал валюталық активтері 37%-ға тең» дейді Ұлттық банк. Ұлттық банк алтынның негізгі көлемі мен қандай формада сақталатынын ғана айтып, өзге ақпаратты құпия ұстап отыр.

Әлемдік жетекші орталық банктер алтын қорларының бір бөлігін шетелдерде сақтайды. «Қазақстан алтын қорын қай елдерде сақтайтынын құпия ұстайтын елдердің санатында» деген пікірді қазақстандық емес, ресейлік сарапшылардан да жиі естиміз.

Сарапшылар «қазақ алтынының басым бөлігі қай елде сақталады?» деген ақпаратқа жауап берудің Ұлттық банк пен Үкіметке тиімсіз екенін айтады. Бұл пікірді жақтаушылар «шетелдегі алтын елге қайта ма, қайтпай ма?» деген мәселені сырт елдердегі оппоненттеріміз саяси дискуссияға айналдырып жіберуі мүмкін деген пікірді алға тартады. Сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, Ресейді де осы қауіп күні бүгінге дейін алаңдатып келіпті. Бірақ мәліметтер ашық айтыла бастаған 1 жылдың ішінде «Ресей алтыны шетел асып кетті» деп билігінің жағасынан алып жатқан топ жайлы естімедік.

Тәуелсіз сарапшылар алтынның сақталуына қатысты ақпараттың жеткіліксіздігінен қазақстандық басылымдарды толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ете алмай отыр. «2018 жылы Ұлттық қордағы қаржының белгілі бір бөлігі бұғатталып қалған кезде қоғам қазақстандық сарапшылардың пікірін сұрастырды. Бірақ мәлімет түрлі топтардың сүзгісінен өтіп, алыс-жақын шетелдерден келіп жатты. Мемлекеттің байлығы мен қазынасы туралы деректер басы ашық болса, мұндай жағдай орын алмас еді. Ұлттық қордың немесе алтын қорының басым бөлігі қай елде, оның табысының ел экономикасына мультипликативті әсері бар ма?» деген сұрақтардың жауабын ел біліп отыруы тиіс. Ресейдің Орталық банкі мен ФРЖ жасаған келісім бюджетке алтын мен валютаны сақтауда жылына 80 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік беретіні ашық айтылып жатыр. Сол сияқты Қазақстанның Ұлттық банктің алтын қорын сақтау туралы жекелеген елдермен жасаған келісім-шарттары бюджетті қанша теңгеге үнемдеуге мүмкіндік беретіні ашық айтылуы тиіс», дейді Е.Ибрагим.

Ерлан Ибрагимнің пайымдауынша әлемде сая­си дипломатияның күні өте бастады, басымдық эконо­микалық дипломатияға беріле бастады. «Жекелеген елдердің алтын қорының белгілі бір пайызын уысында ұстап отырған елдердің пайыздық көрсеткіштері қырық құбылып тұрады. Пайыздық үлес азайған сайын біздің пайдамыздың көрсеткіші де төмендей беретіні белгілі. Себебі Ұлттық банк таратқан дереккөздерде айтылғандай, алтын қорын сақтаған кезде ең алдымен пайда емес, саяси тұрақтылыққа басымдық беріледі. Сол себепті Ұлттық банк оған қатысты ақпараттарды ай сайын жаңартып тұруы тиіс. Ол Ұлттық банк немесе Үкімет тарапынан түсіндіріліп отыруы керек», дейді ол.

Сондай-ақ Е.Ибрагим соңғы екі жылдағы ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы шетелдердегі алтын қорымызға әсер етіп жатуы мүмкін дегенді алға тартады.

Шынында да, елде теңге құнсызданады деген алыпқашпа әңгіменің жаңғырығы бір сейілмейді. «Теңгенің кенеттен күш алуына қандай факторлар себеп болуы мүмкін?» деген де сұрақ бар көп көңілінде. Сарапшылар тарапынан «Қазақстанның алтын қоры таусылуға жақын. Ұлттық қордың трансферіне шектеу салынған соң теңге бағасы алтын қорымыздың есебінен тұрақталып тұр» деген әңгіме де жиі айтыла бастады. Бұл туралы Е.Ибрагим «Алтын қорымыздың қандай елдерде сақталатыны туралы басы ашық мәлімет теңге девальвациясы туралы дақпыртты сейілтеді», деп түйіндеді.

Экономист Жарас Ахметов те осы пайымды қостайды. Оның айтуынша алтын қорына байланысты мәліметтердің құпия болуы отандық сарапшылардың сараптау мүмкіндігін шектеп отыр. Елдегі девальвация туралы дақпырттың трендтен түспеуіне де шетелдегі алтын қорымыз туралы ашық ақпараттардың кемшіндігі себеп екенін ресми орындар да мойындап отыр. «Біз Ресейдің ақпарат көздеріне көбірек сүйенеміз. Дамыған елдерде елдің алтын қоры тәрізді бюджетке табыс әкелетін қорлар пайда әкелетін жерде емес, сенімді жерлерде сақталады. Мұндай жағдайда пайдаға емес, қауіп-қатеріне басымдық беріледі. Ең бастысы, алтын қоры сақталатын елдерде экономикалық және саяси тұрақтылық деңгейі жоғары болса болды», дейді экономист. Сарапшының пайымына салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қор активтеріндегі алтынның пайызын арттыру туралы Жарлыққа қол қойғаны енді алтын-валюта қорына қатысты деректерді құпия сақтай берудің керегі жоқ екенін көрсетеді. Мұны ашық жариялауға ешқандай кедергі жоқ.

 

АЛМАТЫ