Қоғам • 05 Қараша, 2019

Әнге арқау болған Балқадиша

3139 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әнге арқау болған Балқадиша

Балқадиша...

Бұл бірауыз сөз санамызға сәуле түсірсе, ең алдымен әуезге толы Ақан сері­нің әні ойға оралады. Көрнекті музы­ка зерттеушісі Ахмет Жұбанов: «Әрбір ән-күй тарихтың әрбір кезеңін анық көрсетеді, тайға таңба басқандай бей­не­леп береді. Сондықтан да ән-күйді халық­тың басынан өткен кезеңдерді суреттейтін тарих десек қателеспейміз», – деген екен. Ақан серінің ел аузында бүгінде шырқалып жүрген, өз биігінен түспеген «Балқадиша» әнінің кейіпкері кім еді?

Жиырмасыншы, отызыншы жылдары қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, о бастағы сөзінен, мән-мағынасынан ажырады. Үкілі Ыбырайдың «Толқын» әні – «Елім бар колхоз болып дүрілдеген», «Ақбаян» әні – «Ой, Ленин, Қараңғыда көп елің» болып өзгерсе, «Балқадиша» әні әйел теңдігін шектеген ән боп шыға келеді. Бұл жөнінде көп қырлы дарын иесі, сезімі сергек, сырлы сазгер Ілия Жақанов өзінің «Жүрек пернесі» атты лирикалық эсселер жинағында ғажап суреттейді.

«Дегенде Балқадиша, Балқадиша,

Күйеуің сексен бесте,

 шал Қадиша»...

Иә, жоғарыда атап өткен әйел теңсіздігінің көрінісі осы екі жолдан-ақ анық байқалады. Балқадишаның келін боп түскен жері – Көкшетау уәлаяты, Зерендідегі Қойайдар ауылы. Кейін бұл ауыл Сәберлі, Кенжетай атты ауылдармен қосылып, Кеңөткел колхозы аталады. Соғыс жылдары Зерендінің Кеңөткелінде ән сапарымен келген бір әнші Балқадишаны бұрмалаған сөзімен айтыпты. Сонда залда отырған Балқадиша: «Мына жазған не деп отыр?» деп биязы ғана мінезімен мұңая басын шайқаған екен. Сол жерде отырған ақсақал: «Аққудың көгілдіріндей үлбіреген Балқадиша өз сүйгеніне қосылды», деп үн қатыпты.

Дәстүрлі әнші Берік Омаровтың сөзіне сүйенсек, «Балқадиша» әнін көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова Семей өңіріне сапармен барғанда орындапты. Фариза апамыз: «Құшақтап құс жастықты жыладым...», деген теңеу­ді естіген соң, Ақан қатардағы азамат­тың бірі емес, жігіттің төресі, ердің ері емес пе? Құс жастықты құшақ­тап, бүк түсіп жатқан Ақан серіні елес­тету мүмкін емес. «Құз жартасты құ­шақ­тап жыладым», деп орындасаң жақ­сы болар еді. Кейбір әншілер «кер бестіні құшақтап жыладым...» деп орындап жүр, құлаққа жағымды есті­леді. Бұл жағдайды 2017 жылғы 2 ақ­панда «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рия­ланған «Фариза ақынның аманаты» (авторы Азамат Қасым) атты шағын мақаладан оқып, қайран қалып едім. Иә, бұл шағын кездесудің өзі үлкен жауапкерші­лік­ті жүктеп отыр. «Аманатқа қиянат жасама» деген қазақи қағиданың бір көрінісі емес пе?

Масабай мен Ыбырай құда болып, қызы Балқадишаны Сүлейменге ұзатады. Балқадишаның шын есімі – Төкен. Әкесі Ыбырай үш рет үйленген. Бәйбішесі Жықыштан Балқадиша және Сейітбаттал туған. Балқадиша өмірге екі ұл, үш қыз әкелген.

Неміс музыканты А.Эйхгорн: «Қазақ­­тардың қарапайым саздары мен сөздері айналадағы табиғатпен үндесе келе, оның сырт өмірден алған әсерін табиғи қалпында беріп, сезімдерін еш­бір қалтқысыз баяндайды» деген болатын. Иә, Ақан сері сыршыл сезі­мін бұл әнде қалтқысыз баяндайды. «Балқадиша» әні 90 шумақтан тұрған. 1988 жылы Қай­ролла Жүзбасовтың құрас­ты­руы­мен «Өнер» баспасынан жарық көр­ген еңбегінде «Балқадиша» әнінің үш нұс­қасы берілген. Жоғарыда атал­ған бірді-екілі кемшіліктерді қалыпқа кел­­тіріп, орындаушылар орындаса, келер ұр­­пақ­­тың төлтума мәдениетін білуге бас­­тар даңғыл жол болары сөзсіз. Орыс зерт­теу­шісі, Шоқанның досы Пота­нин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», деп жазған. Иә, «Балқадиша» әні әлі де қазақтың аспанында қалықтай береді. Біз бұған сенеміз...

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ

 

АТЫРАУ