С.Сейфуллин би-шешендерді «заң ережелерін жұртқа жүйелі қылып жақсылап айта білетін», «тұрмыс тәжірибесінен екшелген ереже, заң болып шыққан қорытындыларды билер айырым-айырым қылып, жинақты, көркем сөзбен жатқа алуға жеңіл, айтуға оңай, ыңғайлы етіп ұйқастырып, үйлестіріп шығаратын» қабілет иесі деп санайды.
Билер бұрынғының «екшеңді, түйінді, қорытынды тәжірибе сөздерін зерттеп, «ескі сөз» білетін адамдардың сөздерін көп тыңдап, соларды жадына тоқитын», «үлгі», «өнеге», «нақыл», «заң», «ереже» сөздерін әдемілеп айтатын», айтулы тұлға, бұған қоса, ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді.
Қазақ көшінің бастаушысы, халықтың қорғаушысы «билер – салт заңын бұқара былай тұрсын, хандарға да, байларға да, батырларға да бұздырмауға тырысқан», тіпті «тілін алмаған хандарды, бір кезде, тақтарынан қуыршақша алып тастап та отырғандығын» дәлелдеп жазады. Бұл орайда С.Сейфуллин «Тоқтамыс ханды ордадан қуалаған Едіге би, Шағатай ұлысындағы хандарды қуыршақша ұстаған Ақсақ Темір биді» мысалға келтіреді.
С.Сейфуллин билер мен шешендердің көрегендік, көсемдік қасиеттерін жіті танығанын әрі заманының соққан желін дұрыс аңғарғанын, Ресейдің отарлау саясатының ызғар-ықпалын, «жат елдің» шеңгеліне, құрсауына түсе бастағанын білгірлікпен баяндайды.
Оқу құралының кіріспесінде «ұлт санасының ұлы күзетшісі, ұлы үгітшісі билер болған сияқты» деп жазады.
Би-шешендер – рухани көшбасшылар, шығармашылық қабілеттің иелері, халықтың тарихи тағдырын терең толғайтын зерделі де зергер ойдың өкілдері. Сондықтан да «елдің ескі, тәжірибе қорытындысы, заң, жол-жоба, салт ережелерінің екшеңді жинағы тәжірибелі адамдардың жадында» сақталған. Бұрынғы өткен халық даналарының асыл ой-пікірлеріне қанатты, ақыл-нақыл сөздеріне ізет-құрмет ерекше. Әдебиет тарихшысы С.Сейфуллин көрсеткеніндей, «елдің ескіліктен екшеленіп келе жатқан жол-жоба, салт, дәстүр, заң ережелерінің екшеңді жинақтарын, бұрынғылардың шежіресін, өнегелі, үлгілі сөздерін жадында көп тоқып, жатқа айтуға ұстарған, билігі жүрген ру басылардан көсем шыққан өздері де тұрмыстан туған қорытынды сөздерді әдемілеп, жұптап, ұйқастырып айта алатындай шешендер – би атанған» дейді.
Ұлтымыздың даналық, сұлулық, әлемі – би-шешендердің қоғамдық-философиялық ой-пікірлері екендігін сұңғыла Сәкен сезімталдықпен қабылдап түсінген.
Тарихи білім-білігі кемел С.Сейфуллин би-шешендердің қоғам дамуындағы тарихи қызметіне, ұлттық идеологияның жалынды насихатшысы болғанына жан-жақты баға берген: «билер, шешендер сол ескіліктегі батырлар, хандар, билер, байлар табының үстемдік қылған тұрмыстың заң ережелеріне, салт-санасына күзет болған. Ол тұрмыстың шырқы, қаймағы бұзылмауына күш салған. Бұрынғылардың ережелі, өнегелі сөздеріне жетік шешен-билердің өздері де сол өз заманының тәжірибесіне керекті, өз табының үстемдігі жүрген заманының қалпы бұзылмауына керекті сөздерді ықшамдап, әдемілеп ұйқастырып, жұптап, бірін заң қылып, бірін «үлгілі-өнегелі сөз» қылып шығарып отырған. Тегінде, олар «заманының қалпын, шырқын бұздырмауға, әдемілеп «өнеге» қылып шығарған сөздерін билер руға да, үлкенге, кішіге, әйелге, еркекке үлгі тәрізді қылып алдарына ұсынатын болған».
«Ханды таққа отырғызушы – батырлар, билер, молдалар, байлар болған», «хандардың да, батырлардың да, байлардың да ақылгөйлері – билер болған», «әділдік күзетшісі болған» – деген тұжырымды ойлары нақтылығымен, әділдігімен ерекшеленеді. Асылы, би-тайпа жетекшісі, ел бегі, дұрыстық, түзулік жолына бағыттаушы, халықтың көшбасшы көсемі. Оның дұғадай сөзі мен ісі біртұтас. С.Сейфуллинше айтқанда, билер – «әділет күзетшісі». Ол би-шешендер толғаныстарының тоқылысына (ырғақтық, күйлілік, әуендік құрылысына) назар аударып, «тұрмыстың тәжірибе, қорытынды, екшеңді ережелері, заң, салт, дәстүр, ырым сөздері, өнеге, үлгі, үгіт сөздері, батырларды дәріптеген қызықты қылып айтқан әңгімелер, мереке, сауықта айтылатын көркемдеген сөздер – бәрі жатқа алуға, жатқа айтуға жеңіл, оңай, қызықты болуы үшін ырғақ, күй, ән өлшемімен ықшамды, әдемі қылынып түйіліп, жұпталып, ұйқастырып шығатын болған» деп қорытынды жасайды.
С.Сейфуллин кітабында Асан би, Қуандық Алтайдан шыққан Байдалы би, Қыпшақ Айтқожа шешен, Киікбай би, Арғын Алшынбай би, Айдабол Торайғыр би, Жалайыр Бөлтірік би, Төле би, Жарылқасын шешен, Қаратоқай Беріш Есет би, Жағалбайлы руынан батыр Боран би, Орманбай би, Шекті Мүңке би, Шеркеш Түрке би, Нүрке би сөздері келтірілген.
Асылы, ұлттық әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет билер дәуірінің әдеби нұсқаларын жинақтап, жүйелеп, түбірлей тексерген Сәкен Сейфуллин еді.
Серік НЕГИМОВ