Ең қысқа әңгіме • 05 Қараша, 2019

Ең қысқа әңгіме. Айбатыр Сейтақ

968 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ең қысқа әңгіме. Айбатыр Сейтақ

Гүл-ғұмыр немесе қызғалдақ – махаббат құрбаны

Көктем келіп, Жер-Ана бусанып, тіршілікке жан біткен шақта, өсімдіктер бірінен кейін бірі гүлдей бастайды. Әуелі қар астынан бәйшешек шығады. Одан соң, өзге өсімдіктер, алма, жиде сияқты ағаштар да гүлдейді. Бәрінің де бір-ақ мақсаты бар, ол – өз дәнін шашу, яғни төңірекке ұрпағын тарату.

Ал адамзат өзінше ойлайды. Құлпырып тұрған гүлді өзінің сүйікті адамына сыйлайды. Ауыл балалары көктемде қып-қызыл кілемдей құлпырып жатқан қырға шығып, қызғалдақ теріп әкеліп, ғашық болған қыздарына сыйлаушы еді. Қала адамдары қызғалдақ, раушан, бақытгүл, лалагүл және басқа да гүл дестелерін дүкеннен сатып алып, ең қымбат адамына тарту етеді.

Гүлдің адам өмірінде алатын рөлі өте жоғары десек, қателеспейтін шығармыз. Өйткені ғашық адамдар бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімін гүл сыйлау арқылы білдіреді. Яғни, гүл сыйлау арқылы миллиондаған адамдар өз сыңарын тауып, отау құрды. Гүл – махаббаттың дәнекері. Және сол жолда тамырынан қиылған гүлдер өз тұқымын шаша алмай, құрбан болады.

Ғажап гүлдер тойларда, кештерде, туған күндерде тарту етілген адамға бір сәттік қуаныш сыйлайды. Әуелі үйдің төрінде тұрады.  Сыйға берілген небір әдемі гүлдердің екі-үш күндік «ғұмыры» болады. Одан кейін, иә, одан кейін адамдар солып қалған әлгі гүлді далаға шығарып, күл-қоқыс салатын жәшікке тастайды.

Гүлдердің қысқа ғұмыры-ай!..

 

Ошағандар гүл атып тұр

Қайран далам-ай! Не болып кетті? Кім бәрін отап жатқан? Небір асыл өсімдіктердің көзі жойылуда. Мәселен, елге де, жерге де пайдасы мол мияны түп-тамырымен жойып жатыр. Еркек шөп, бидайық деген шөптер де қиянатқа ұшырауда. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» болып «елеусіз жүре берейік» деген өсімдіктер де аман қалған жоқ. Жермен-жексен өсетін изендер мен сіңбіріктер де қырқылды. «Мына қырғыннан құдай сақтасын» деп қаңбақтар жермен домаламастан, аспанға көтеріліп, алыс аймаққа безіп кетті.

Осындай өзге тіршілік иелері түгілі, адам түсінбейтін оқиғалар болып жатқан кезде басқалардың есебінен пайда тауып өмір сүретін шырмауықтарға, жақындағанға жармаса кететін ошағандар мен тікенектерге, ешкімге пайдасы жоқ итсигектерге ешкім тиіспегені таңғалдырып тұр. Тіпті жолдың жиегінде озбыр ошағандар гүл атып тұр!

 

Толқындар бір-біріне ұқсамайды

Теңіздің толқындары кезек-кезек келіп, жағаны соғып жатады. Бір қараған адамға толқындардың легі, жылжуы бірдей болып көрінеді. Алайда, әр толқынның ағысы өзге болады екен. Бұған бейнетаспаға жазып алып, зерттеп қарасаң ғана көз жеткізуің мүмкін. Өйткені толқындар легінің бір-бірінен ара қашықтығы, жал-жал болып ағуы, бұрылыстары, тасқа соғылған кезде аспанға шапшуы – барлық осы көріністер ешуақытта қайталанбайды! Бұдан шығатын қорытынды – толқындар бір-біріне ұқсамайды.

Адамзат ұрпағы да солай. Бір-біріне ұқсас ғұмыр кешсе де, бір атадан тарап, бір әке-шешеден туса да, өмір ағыстары өз жолымен қалыптасады.

 

Айбатыр Сейтақ

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45