Оған қазақстандық сарапшылар мен әлеуметтік қызметкерлер, Ресей, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің аталған сала мамандары қатысты. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен мемлекеттік аннуитеттік компанияның және Астана халықаралық қаржы орталығының өкілдері арнайы ат басын бұрды.
– Бұл диалог алаңы сарапшыларға әлеуметтік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Сондықтан семинардың басты мақсаты – халықты әлеуметтік қорғау саласында талғамды тәжірибе алмасу деп санаймын. Өзекті тақырыптар төңірегінде жасалған баяндамалар еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру институттарының тәжірибесіне серпін береді деп сенемін, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы маңызды бағыттардың бірі де осы әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Яғни жаңғырудың жаңа кезеңі жаңа бастамалар мен тың бағыттарды мұрат етпек. Бұл ретте, семинар жұмысынан күтілетін нәтижелер турасында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының әлеуметпен қарым-қатынас департаментінің директоры Гүлбағила Болатбекова:
– Елімізде 2011 жылдан бастап қазанның соңғы демалысы әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде бекітілген. Сондықтан бұл семинардың қарашаның басында ұйымдастырылуы заңды. Жалпы жаһандану дәуірінде әлеуметтік саланың алар орны айшықты дер едім. Себебі халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесі қай мемлекеттің болсын күн тәртібінен түскен емес. Сол себепті бүгінгі семинарда пікірталас, тәжірибе алмасу арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыруды дамыту жолдарын жан-жақты талқылайтын боламыз. Шет мемлекеттерден келген сарапшылар Қазақстандағы әлеуметтік салаға зор қызығушылық танытып отыр, – деді.
Кеңес Одағы ыдыраған тұста тәуелсіз еліміз өзінің дара әлеуметтік саласын қалыптастырды. Сондағы даралық – көпдеңгейлікте. Яғни мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жекелеген жауапкершілік айқындалды. Отандық әлеуметтік саланың озық үлгісі турасында халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының Еуразия аймағындағы үйлестірушісі Дмитрий Карасев:
– Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта зор беделге ие. Бұған себеп – әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тұрақты жолға қойылғандығы дер едім. Себебі кей мемлекеттерде әлеуметтік сақтандыру тұрғындар санының небәрі 10-20%-ын қамтыған. Ал сіздердің елдеріңізде әлеуметтік сақтандыру саласы мамандарының назарынан тыс қалған азаматтар кемде-кем. Бұл – үлкен жетістік, – деді.
Семинар жұмысы аясында ұйымдастырылған екі панелді сессияның алғашқысы әлеуметтік сақтандыруды дамыту тәсілдерін енгізуге негізделсе, кейінгісінде қатысушылар аталған саланың қаржылық ағымын шоғырландыру мәселесіне тоқталды. Шет мемлекеттерден келген қонақтар тәжірибесімен бөлісіп, ортаға орамды ой тастады.
Рауан ҚАБИДОЛДА