Қоғам • 06 Қараша, 2019

А.Шпекбаев Президенттік резервтің офицерлеріне дәріс өткізді

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Төрағасы Алик Шпекбаев «Парасаттылық сағаты» атты тоқсан сайынғы акцияны жалғастыра отырып, біліктілікті жетілдіру курстарының аясында құқық қорғау органдары басшыларының Президенттік резервіне «Парасаттылық сағаты» дәрісін өткізді. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

А.Шпекбаев Президенттік резервтің офицерлеріне дәріс өткізді

Ол өз сөзінде парасаттылық қағидаларын насихаттау және алдын алу шаралары тақырыбына жан-жақты тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басым бағыттарын ашып көрсетті.

Агенттік қызметінің нәтижелері, жаңа бастамалар мен келешекке жоспарлар айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті мысалға ала отырып ашық, кәсіби және тиімді құқық қорғау органын құрудың нақты қадамдары ұсынылды. 

Осы орайда Алик Шпекбаев кадр саясатының маңызына айрықша тоқталды. Дұрыс жасақталған жүйенің басты құрамдас бөлігі ретінде меритократия мен алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қажетті жағдай жасау атап көрсетілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеменің басшысы құқық қорғау органын тиімді басқарудың «пайдалы кеңестерімен» бөлісті. Атап айтқанда, ынталандыруды арттыру, корпоративтік мәдениетті өзгерту және қатардың тазалығын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Тыңдаушылардың ерекше назарын «өзінің жеке басымен үлгі болудағы» рөліне аударды.

Азаматтық қоғаммен сындарды диалогтың, халықтың мұқтажына көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті. Әр азаматтың мәселесін шешу кез-келген мемлекеттік орган жұмысының басымдылығына айналу қажет. Агенттік Төрағасы азаматтарды апта сайын, оның орынбасарлары мен территориялық департаменттерінің басшылары күн сайын қабылдайды.

Тек жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің қолдауымен 2 мыңнан аса азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

Құқық қорғау және сот органдарындағы жемқорлық қоғамның сеніміне селкеу түсіреді. Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген барлық елдер құқық қорғау органдарынан бастаған. Бұл құрылымдардағы жағдайды жедел өзгерту басқа салаларда да сыбайлас жемқорлықты азайтуға ықпал ететін мультипликативтік нәтижені қамтамасыз етеді.