Қазақстан • 06 Қараша, 2019

Құрылыста ақпараттық модельдеу технологиясын енгізу бақылауда

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚазҚСҒЗИ-да ҚР құрылыс саласына ақпараттық модельдеу технологияларын (ҚСАМТ) енгізу мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Құрылыста ақпараттық модельдеу технологиясын енгізу бақылауда

Отырысқа мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің техникалық реттеу және нормалау басқармасының өкілдері, Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының атқарушы директоры, Мемсараптама мамандары, ҚазҚСҒЗИ сарапшылары және жобалау және құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.  

Іс-шараның шеңберінде, ҚазҚСҒЗИ даму және цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Александр Шахнович Қазақстан Республикасының құрылыс саласына ақпараттық модельдеу технологияларын (ВІМ-технологияларын) енгізу бойынша 2017-2019 жылдардағы Іс-шаралар жоспарын жүзеге асырудың қорытындыларын ұсынды.

Отырыста 4 нормативтік-техникалық құжаттардың ағымдағы редакциялары қарастырылды.

«Мемсараптама» РМК автоматтандыру және ВІМ-технологиялары секторының басшысы Саламат Серикхалиев үшөлшемді электронды модельден және электронды құжаттардан тұратын ақпараттық модельдің сараптамасын жүргізу бойынша қанатқақты жобаны іске асыру барысы туралы айтып берді. Айрықша назар ҚСАМТ-да орындалған пилоттық жобаны қарастыру кезінде пайда болған қиындықтарға аударылды.

Кәсіби пікірталас барысында, сараптау ұйымы құрылыс сатысында ақпараттық модельдерге қойылатын талаптарды қалыптастыру үдерісіне қызығушылық білдірді. Сарапшыларды электронды құжат айналымын жүргізу қажеттілігі туралы мәселе қызықтырды, құрылыс саласының бірыңғай цифрлық порталын пайдалануға, құрылыс-монтаждау жұмыстарының үдерістерін ұйымдастыруға, сондай-ақ  ВІМ қолдану саласындағы шетелдік әріптестердің жетістіктеріне ерекше көңіл бөлінді.

Отырыста сонымен бірге технологиялық күрделі объектілерді жобалау кезінде ҚСАМТ пайдалану туралы міндетті талаптардың қолданысқа енгізілу күнін қайта қарау туралы мәселе көтерілді. Жұмыс тобының қатысушылары мұндай шешім ҚР жобалау ұйымдарының ҚСАМТ қолдануға даярлығы туралы зерттеулердің қорытындылары бойынша қабылдануы мүмкін деген ойға келді.

«Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік және азаматтық құрылысына ақпараттық модельдеу технологияларын енгізу тұжырымдамасына» сәйкес, 2020 жылдан бастап ҚСАМТ пайдалану мемлекеттік инвестицияларды пайдалана отырып салынған технологиялық күрделі объектілер үшін міндетті болатынын еске саламыз. Мысалы, ауруханалар мен 600-ден астам оқушыға арналған мектептер технологиялық күрделі объектілерге жатқызылады.