Кеніш жұмысшылары вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олардың жұмыс істеуіне, демалуына, спортпен шұғылдануына барлық қолайлы жағдай жасалынған.
Жалпы «Амангелді газ» ЖШС – «ҚазТрансГаз» оператор.
Бүгінде оның құрамында Талас ауданына қарасты «Амангелді», «Жарқұм», «Айрақты» аталатын үш бірдей кен орны бар. Барлығы 47 ұңғының 37-сі жұмыс істеп тұр, 3-еуі бұрғыланған, 2-еуі бұрғылану сатысында, 3-еуіне геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.
Биыл қаңтар-маусым айларында Талас ауданындағы өнеркәсіп өндірісі өнімдерінің қаржылай көлемі 12101, 8 миллион теңгені құраса, оның 36 пайызы аталған газ кенішінің үлесіне тиесілі. Нақтылай айтқанда, есепті кезеңде мұнда 118,2 миллион текше метр табиғи газ бен 5,6 мың тонна газ конденсаты өндірілді. Бұл ақшаға шаққанда – 4404,05 миллион теңге.
Айта кетейік, 2006 және 2010 жылдардағы қайта есептеуден кейін кеніш аумағы 2025,53 шаршы километрді құраған еді. Кен орындарының ішінде «Амангелді» – 56,85, «Жарқұм» – 26,78, «Айрақты» – 169,89, «Анабай-Малдыбай» – 274,41, «Құмырлы-Қосқұдық» – 241,85, «Бархан-Сұлтанқұдық» – 642,54, «Кемпіртөбе» – 228,94, «Үшарал-Солтүстік Үшарал» – 384,17 шаршы километр аумақты қамтиды. Аймақтағы жалпы бекітілген геологиялық газ қорының көлемі 47575,0 миллион текше метрді құрайды. Оның ішінде көмірсутек газы – 31706,3, азот – 15457 гелий – 55,085 миллион текше метр көлемінде. Ең ірі әрі жан-жақты зерттелген «Амангелді» кен орнында 2006 жылы жүргізілген қайта есептеуден кейін көмірсутек газының жалпы геологиялық қоры 25021,0 миллион текше метрге ұлғайды.
Осы ретте «Амангелдіден» өндірілген газ төртінші «миллиардтық межеге» (4,8 миллиард текше метр табиғи газ) жеткенін айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда мұндағы тәуліктік орташа газ өнімділігі 820,5 мың текше метр, газ конденсатының өнімділігі 50,4 тонна көлемінде.
1979 жылы ашылған «Айрақты» кен орнының газ қоры 9-10 миллиард текше метрді құрайды деп болжанған. Үшінші кезекте пайдаланылуға берілген «Жарқұмда» да көгілдір отын өндіру ісі қызу жүріп жатыр.
Кеніш аудан ғана емес, бүкіл аймақ тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде мұнда 140 адам жұмыс істеуде. Вахталық кентте тұрғын жайлар, асхана, медициналық пункт, кір жуатын бөлме, қоймалар, мәдениет-спорт кешені, арнайы техникалардың жылы жайлары, қазандық және басқа да нысандар орналасқан. Электрмен жабдықтау ЖЭС тарапынан қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар автономды қуат көзі де бар. Жылу табиғи газбен жұмыс істейтін қазандық арқылы беріледі.
– «Амангелді газ» ЖШС-нің бір өзі 2016 жылы – 278, 3, 2017 жылы – 143, 4, 2018 жылы – 160, 5 миллион теңге салық төлеп, аудан қазынасының қоржынын едәуір байытуға септескен. Ал биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында бюджетке 194, 6 миллион теңге салық аударды, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
«Амангелді» кен орны – Үкіметтің тапсырмасымен іске асырылған әлеуметтік маңызы зор жобалардың бірі. Ол өңіріміздің газ үшін Өзбекстанға тәуелді болмауына да септесті. Бүгінде өңірде қаншама елді мекен осы көгілдір отынның игілігін көріп отыр десеңізші! Құмдағы айтулы кеніштің бір буыны – «Амангелді» газ өңдеу зауыты» жобасы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының алғашқы бесжылдығы кезеңінде жүзеге асырылғаны да белгілі. Аймақты индустрияландырудың алғашқы қарлығаштарының бірі де осы.
Қысқасы, құм қойнындағы қазынамыздың қоры мол-ақ. Жаңа кен орындары кезең-кезеңімен игеріліп, өндірілген өнімі ел игілігіне ұсыныла да беретін болады.
Баймаханбет АХМЕТ,
журналист
Жамбыл облысы,
Талас ауданы