Аймақтар • 07 Қараша, 2019

Көлдетіп суарудың пайдасы көл-көсір

1082 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Аягөз – ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 26 миллиард теңгеге жуықтаса, биыл 30 миллиард теңгеден асады деп жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы аудан «Сыбаға», «Нәтижелі жұмыспен қамту» («Еңбек») бағдарламалары арқылы 1 миллиард теңгеден астам несие алуды межелеп, қазіргі уақытта соның 800 миллион теңгеге жуығы алынды.

Көлдетіп суарудың пайдасы көл-көсір

Мемлекеттік бағдарламаларды ел игілігіне жарату үшін ауыл-ауылдарға барып, тиісті жұмыстарды жүргіздік. Мамандар барлық мемлекеттік бағдарламаларды халыққа мұқият түсіндірді. Жақында Елбасының төрағалығымен өткен Үкіметтің, Nur Otan партиясы мен Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшелері қатысқан жиында Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік бағдарламаларды халық білмей жатыр» деп өте орынды ескерту айтты. Осы ретте біз қазір ауданның әрбір ауылдарына үлкен-кішісіне қарамай екі-үш реттен барып, ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие мен жеңілдіктерді қалай алуға болатынын түсіндіріп жатырмыз. Арнайы комиссия да құрдық. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің инвестициялық салынымдар кезінде кеткен шығындарын ішінара өтеу» деп аталатын ережесі бар. Соның ішінде «Жайылымдарды суландыру, инфрақұрылымын дамыту және мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету (құдық, ұңғыма қазу) деген тармақ бар. Осы бағдарлама аясында Аягөз өңірінде 2017 жылы 77 құдық қазылса, биыл бұл көрсеткіш артып, аудандағы шаруа қожалықтарына 200-ге жуық құдық орнатылды. Халық құдық қаздырудың тиімділігін түсініп отыр. Бір жақсысы, қазылған құдық шығынының 80 пайызын мемлекет төлейді. Қазір біз Аягөз ауданы аумағындағы бұрын жабылып қалған құдықтарды қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Сол жерлерде мал қоралары пайда болып, жұмыс орындары ашылуда. Жоғарыда атап өткен ереже шеңберінде құдық қазылғаннан кейін күннен қуат алатын күн батареялары тегін қойылады. Бүгінде аудандағы 400-ге жуық шаруа қожалығына 450 күн сәулелік панельдері қойылды. Жалпы, алдағы үш жылда Кеңес заманында жабылып қалған құдықтардың барлығын қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Қой шаруашылығын дамыту бағытында да жоспар-жобаларымыз бар. Осының бәрі айналып келгенде суармалы жерлерді игеру мәселесіне келіп тіреледі. Агрономия ғылымында көлдетіп суару (лиманное орашение) деген ұғым бар. Көлдетіп суару дегеніміз – көктемдегі тасқын суларды тиімді пайдалану, оны жолдан тоқтатып алып, шабындықтарға жіберу. Кеңес заманында Аягөз ауданында, бұрынғы Шұбартау ауданын қоса алғанда 30 мың гектарға жуық жерде көлдетіп суару ұйымдастырылған екен. Осы керемет жүйені қазір қайта қолға алатын кез жеткен секілді. Көлдетіп суаруды қолға алу үшін ең әуелі бұрынғы су тоспаларын қайта жаңғырту керек. Өкінішке қарай, бұрынғы су тоспаларының бойындағы су жүретін арналар бітеліп қалған. 30 жылдан бері тазаланбаған. Су тоспаларының көпшілігі жарамсыз. Бұрын колхоз-совхоз кезінде жыл сайын жөнделіп, көктемге даяр тұрған. Көктемгі бір-екі ай болатын тасқын кезінде суды су тоспалары арқылы тосып, ұстап алып, шабындықтарға жіберіп отырған. Бір мысал айтайын. Аягөздің Шұбартау өңірінде Қосағаш және Мәдениет деген ауылдар бар. Кеңес заманында тек осы екі ауылда ғана 6 мың гектардан астам жер көлдетіп суарылған. Ғалым-агроном, экономика ғылымдарының кандидаты ретіндегі менің ойым мынадай: Қазір ауданда бірде-бір гектар жерді көлдетіп суарып жатқан жоқпыз. Бұрын бір гектарына бір-бір жарым тонна, яғни 10-15 центнерден шөп алынған. Қазір екі-үш центнерден аспайды. 7-8 есе кем. Мал басын көбейтеміз дейміз. Қайтіп көбейтеміз? Су бар. Соны бұра алмай отырмыз. Шаруа қожалықтарына жиі барып жүреміз. «Мал басын көбейткіміз келеді, бірақ шөп жетпейді» деп шағынады бәрі. Егер көлдетіп суару жүйесін қолға алсақ бұл мәселені шешуге болады. Мал басын үш есеге көбейтуге болады. Жұмыс орындары да ашылады. Бүгінде көлдетіп суару қолға алынбағаннан кейін жердің құнарлылығы төмендеп барады. Себебі, жерді қосымша минералдық, органикалық заттармен нәрлендіріп жатқан жоқпыз. Халқымызда «Жеті рет жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген керемет сөз бар. Жерді көктемде бір мәрте жақсылап суарғанның өзі бір жылға артығымен жетеді. Тасқын су жерге сіңсе шөп бітік шығады. Көлдетіп суарудың тағы бір артықшылығы, тасқын суын жолдан тосып алып, шабындыққа жіберген кезде қаншама органикалық заттар келеді. Қаншама шөптің тамырлары, неше алуан шөптің тұқымдары келеді. Олар шабындыққа жайылғаннан кейін жаңа шөптер шығып, жердің құнарлылығы арта бастайды. Бұрын шабындық жер осылайша органикалық заттар арқылы байып отырған. Сол кездері бір шаршы метрде қаншама өсімдік өскен, қазір жүзге жетпейді. Себебі, жер тозған. Бұл жүйені қолға алсақ, біріншіден, шөптің көлемі артады, екіншіден, жер тыңаяды, үшіншіден, мал басы көбейеді, төртіншіден, жұмыс орындары ашылады. Жауын болмаған, қуаңшылық жылдары көп шаруа қожалықтары «қыстан шыға алмай қаламыз» деп малдарын сатып жібереді. Себебі, шабындықта шөп аз. Осы жүйе қолға алынса шаруа қожалықтары бір-екі ай еңбектеніп, өз шабындықтарын суарып алатын болады.

Бұрын Аягөз ауданы аумағында 4 су тоспасы болған. Қазір төртеуі де істемей тұр. Су тоспаларының орындары тұр. Оның біреуі 50-60 пайызға дайын, қалған үшеуі тозған. Аудан аумағындағы бұрынғы су тоспаларын қайта қалпына келтіру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне қарасты «Қазсушар» мемлекеттік мекемесі тарапынан қаржы бөлініп, ауданда филиалы ашылса, филиал жоғарыдағы мекеменің теңгеріміне алынса деген тілегім бар. «Қазсушар» мекемесі бізге қолдау білдірсе, ең болмағанда бір су тоспасын жөндетіп алсақ, 6-8 мың гектар жерді көлдетіп суаруға болады. Егер филиал ашылып, оған 10 штат беріліп, тиісті техникалармен қамтамасыз етілсе, аудандағы су тоспаларын бәрін жылда дайындап отырар едік.

Аягөз ауданында өзендер аз емес. Қазір көктемгі тасқын сулары Аягөз арқылы Балқашқа құйылып жатыр. Көктемде екі көзіміз төрт болып, тасқынды күтіп отырамыз. Сосын «Ойбай, ауылдарды су алып кетті» деп санымызды ұрамыз. Қазір бәрін табиғатқа итере саламыз. «Табиғат кінәлі» дейміз де жылы жауып қоямыз. Егер біз тасқынды жолдан ұстап алып, тоспаларға, арналарға бұрып, шабындықтарға жіберсек, ауылдарды су алмас еді. Неге Кеңес заманында ауылдарды су алмады, қазір неге тасқын көп? Қазір мұның бірі де жоқ, су тоқтаусыз келеді де ауылды басады. Тарбағатай ауданында жұмыс істегенде 8 мың гектар шамасындағы жерді көлдетіп суардық. Қарғыба мен Базар өзендерінің суын жол-жөнекей Көктүбек, Сәтбай ауылдарына барғанша су реттегіштер арқылы шабындықтарға жібердік. Сол арқылы көптеген ауылдарды тасқыннан аман алып қалдық.

Қазір біз ауданның ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласындағы зор әлеуетін ескере отырып, «Аягөз ауданы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» деп аталатын бағдарлама дайындап жатырмыз. Бағдарлама аясында аудан тұрғындарының өз ауласында мал, құс өсіруіне мүмкіндік берсек, сол арқылы оларды жұмыспен қамтысақ дейміз. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда аудан тұрғындарының көпшілігі аулаларында мал ұстамайды, құс өсірмейді. Осы ретте арнайы комиссия құрып, ауданның әрбір ауылындағы тұрғындардың қаншасы мал ұстайтынын, қаншасы ұстамайтынын анықтап, сараптама жасамақ ойымыз бар. Ауыл тұрғындары неге мал ұстамайды? Оның бір себебі, шөптің жетіспеушілігі, шөп бағасының қымбаттығы. Шөпті өсіру біз сөз етіп отырған көлдетіп суаруға келіп тіреледі. Егер біз осы жүйені қолға алып, мәселен, ауданда 20 мың гектар жерді көлдетіп суарсақ, 20 мың тонна шөп аламыз. Шөп көп болса бағасы да соғұрлым арзан болады. Қазір шөп аз болған соң бағасы қымбат. Тарбағатайда жұмыс істегенде үйінің ауласында мал бордақылайтын тұрғындар саны саусақпен санарлық болса, қазір мыңға жуық отбасы осы пайдалы іспен шұғылданып жатыр. Сондағы тәжірибені Аягөзге де енгізіп, әрбір үйде 10, 20 бас­тан мал бордақылауға қол жеткізсек деген ойымыз бар. Бұл жұмыс ауданда басталып кетті деуге де болады. Қазір Аягөзде кейбір көп балалы аналар атау­лы әлеуметтік көмек қаржысына мал алып, бордақылай бастады. Қырдағы ағайын бордақылаған малдарын Аягөз қаласында апта сайын өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде өздері сатып, ақ адал еңбектерінің игілігін көріп жатыр. Алғашқы кезде жәрмеңкеде 7-8 ірі қара сатылған, қазір апта сайын 30-40 ірі қара мал сатылуда. Жәрмеңкедегі баға базардан 25-30 пайызға төмен. Жәрмеңкені айтып отырғаным, көлдетіп суару қолға алынып, шөп көбейсе, жұрт мал ұстап, оны саудаға шығарып, әл-ауқатын арттырары анық.

Жалпы, көлдетіп суару жалғыз Аягөз үшін емес, өңірдің өзге де аудандары үшін аса өзекті. Ауыл-ауылдарды аралаған сайын Кеңес заманында агроном, зоотехник болып, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген азаматтар, ақсақалдар «неге көлдетіп суару жүйесін қолға алмаймыз, неге арнайы қаражат бөлініп, неге арнайы бағдарлама қабылдауға болмайды?» деп сұрап жатады. Көлдетіп суарудың пайдасы мен артықшылықтарын, ел мен жерге тигізер игілігін жоғарыда айттық. Сондықтан көлдетіп суару туралы арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданса да артық етпес еді деп ойлаймын.

 

Ділдәбек ОРАЗБАЕВ,

Аягөз ауданының әкімі, экономика ғылымдарының кандидаты

 

Шығыс Қазақстан облысы