Тарих • 07 Қараша, 2019

Ұрпағы ұран еткен Қожаберген

838 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Абылай заманында тарих сахнасына шығып есімі ел есінде қалған кесек тұлғалардың бірі – аталық шежіресі он екі атадан тұратын Абақ керейлерінің Шұбарайғыр тармағынан тарайтын батыр – Қожаберген Жәнібекұлы (1698-1785).

Ұрпағы ұран еткен Қожаберген

Қазақтың біртұтастығы мен аман­дығы, іргесінің бүтіндігі жолында жанын құрбан еткен ерлердің еңбегіне тереңі­рек зерттеулер жүргізіп, сүйегі жатқан жерлерін тауып, рухына тағзым ету ұр­пақтар алдындағы азаматтық борыш екені де белгілі. Сол себепті ұрпақтарына ұран болған Қожаберген батыр сүйегі жатқан жер бабалық шежірелер болжамы ізімен және тарихи нақты жазба деректерге сүйене отырып іздестірілген-ді. Шетте жүрген ұрпақтарының есін­де қалған шежіре деректер батырдың сүйегі «Қалбаны жайлап, Ертісті күзеп, Тарбағатайды қыстап» жүрген тұста қалғандығын меңзейді. Жүргізілген ізденістер мен этнографиялық сауалнамалар нәтижесін жүйелей келгенде Қожаберген батыр зираты Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді мекенінің шығысынан ағып өтер жаңа Қарғыба өзенінің оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылып отыр.

1756-1767 жылдар аралығында хатқа түскен Цин патшалығының мұрағат құжаттарына үңілсек Қожаберген батыр мен Жоңғар хандығының соңғы қоңтайшысы, хойт нояны Әмірсана жайлы деректер көптеп кездеседі. Қытай құжаттарында Әмірсанаға қатысты қазақ билеушілерінің ұстанымдары, Абылай ханның билігіндегі Орта жүз рулары мекендеп жүрген жерлер мен сауда және дипломатиялық қарым-қатынастары жайлы қазақ-қалмақ, цин-қазақ арасындағы жағдайларға қатысты көптеген тарихи деректер кездеседі. Осы құжаттардың бірқатары біз сөз етіп отырған Қожаберген батырға да арналыпты. Құжаттарды мәнжу-қытай тілдерінен аудара отырып ғылыми айналымға тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының 2017 жылы жарық көрген «Қожаберген батыр» еңбегі аталған он бір жыл аралығында орын алған түрлі оқиғалардан тарихи тың мағлұматтар бере отырып, ресей дереккөздері негізінде жазылған А.И.Левшиннің «Описание-казачьих или киргиз-кайсацких, орд и степей», В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII в.в» т.б. авторлардың жазбаларымен сол кезеңдегі оқиғаларды сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік тудырады.

Астана қаласында 2018 жылы Қожа­берген Жәнібекұлының 320 жыл­дығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала батырлары» атты дәстүрлі халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренцияның материалдар жинағын­да да аталған тұлғаның жүріп өткен жолы жайлы көптеген деректер талқыланған.

Алдағы уақытта ізденімпаз ғалымдар еңбегінің нәтижесінде осы бір күрделі кезеңге қатысты тарихтың тың беттері ашылып сан алуан деректермен толыға түсері сөзсіз.

Жоғарыда аталған «Қожаберген батыр» еңбегінде иелігінде керей елінің бір мың түтіні бар Қожаберген және тағы басқа батырлардың көрсетілген уақыт ара­лығында Цин шекара қызметін ат­қару­шылардың қоқан-лоқысына қар­а­мас­тан, Тарбағатай тауының теріс­кейі мен күнгейінде, Зайсан көлінің маңындағы жайылымдық жерлерде көшіп жүргендігі жайлы деректер қытай мұрағаттарында көптеп кезігетіні айтылады.

1771 жылы Өскемен бекінісінен Ертіс өзенінің арғы бетіндегі Шар-Гурбан өзеніне және аталған өзеннің жоғарғы жағындағы Бұланай немесе Ұлыны аталатын жотаға, одан әрі Бөкен, Шегелек өзендерінің жоғары жағындағы шатқалдар мен тағы басқа жайттардың кейбіріне құпия тыңшылық жүргізуге жіберілген казак атаманы Волошин басшылығындағы топтың деректерінде «...шілденің 9-күні Қарасу өзенінде түнеп шығып, таңғы алтылар шамасында тегістеу келген тау беткейімен жүрісімді жалғастырдым, ол арадан ұзағаннан соң, қолымның сол жағындағы жері жазықтау болып келетін бір қырды асып сай арқылы Шар-Гурбан өзені ағып жатқан алқапқа шығып, сол арқылы Қызылжар аталатын тастақты жерге бардым. Ол жерде керей болысының старшыны Қожаберген батырға қарасты ұлыстары көшіп жүр екен. Олардан өткен соң бес аршын жер жүріп, аталған өзеннің бойына тыны­ғуға тоқтадым және сол арада жүр­ген екі старшын Аралбай батыр мен Қазы­бек батырды өзіме шақырдым, оларға өзім­нің арнайы жіберілгендігімді және барар бағытымды айта отырып, сөз ара­сында бүлікшіл-қалмақтар (бұл ара­да Еділден қашқан қалмақтар жайлы айтып отыр. С.С.), қытай мен қазақтардың кен орындарын іздестіруі жайлы ақпараттарына барлау жасадым», деп жазылған.

Аталған деректен 1771 жылдың шіл­десінде Қалба жотасының солтүстік-батыс сілемі Қызылжар тауы бөктерімен Шар-Гурбан өзені бойында керейдің Қожаберген батырымен қатар Қазыбек, Аралбай сынды старшындар өздеріне қарасты түтіндерімен жаз жайлап жатқандығын аңғаруға болады.

XIХ ғасырдың бас кезінде сызылған «Омбы әскери округінің ірі масштаб­тағы әскери-топографиялық картасы» атты құжат жер-судың сол кез­дегі атау­ларының берілуімен және кейбір та­нымал адамдардың бейіттері көрсетілуімен құнды.

 «...1790 жылдың аяғында Ханқожа сұлтанның Шыңғыстауды қырық жылдан аса уақыт мекендеген мұрын-наймандарын, Бопы сұлтанмен арадағы келіспеушілік салдарынан өзгелерден бөліп алып, Қытай шекарасына қарай Зайсан көлінің маңындағы жеті өзен бойына қоныс аударған» тұста найман­ның мұрын елінің негізгі құрамы Жолымбет атасының бір тармағы жанай руын аталған өлкеге қоныстандырған Есенаман батырдың зираты ескі Қарғыба арнасы бойында тұрғандығы жоғары­дағы картада көрсетілген. Ол кезеңді Қоқаш қажының:

«Қарасу құр Қарғыба қалды Көкен,

Ханқожа, Есенаман қылған мекен»,–деп жырлағандығын ұрпақтары аталған батыр басына қойған тасқа жазыпты. Біз сөз етіп отырған Қожаберген батырдың зираты да сол төңіректе жатыр. Оған түрлі зерттеулер нәтижесінде көз жеткіздік.

Мақаламыздың тақырыбындағы цин императоры Цян-лун (1736-1795) беделін Абылай мен Қабанбайдан кейінгі батырлардың бірі ретінде таныған, Абылай сұлтанның сенімді серігі болып, есімі кең көлемде ел есінде сақталған Қожаберген батыр кесенесі шығыстың киелі жерлері картасының қатарын толықтыра түсетіндігіне еш күмән жоқ.

Жаугершілік заманда жауға шап­қан­да аруақты бабаларының атын атап ұрандап шабу үрдісі бертінгі этнографиялық кезеңдегі ат жарысы, балуан күресі тәрізді сайыстарда да көрініс беріп жататын. Ұрпақтары тегінде бар текті аталарын пір тұтып, бабаларының жатқан жерін, аталық шежіресін жатқа соғып, атадан балаға аманаттап қалдырып отырған. Қилы замандар, солақай саясат салдарынан білгенімізден жаңылып, ата-тектен шатасар күнді де бастан өткіздік. Аталар арманы болған тәуелсіздіктің ақ таңы туып, тарихымызға, бабаларымыздың қиын-қыстау күн кеше жүріп өткен жолдарына жаңаша көзқараспен қарап, жоғымыз табылып, кетігіміз тола түсуде.

 

Серікбосын САДЫҚОВ,

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми ізденушісі

 

АЛМАТЫ

 

Суретте: жоғарыда аталған карта­ның фрагменті мен Қожаберген батыр бейітінің қазіргі көрінісі (13.09.2019)