Жуырда Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары жүргізген зерттеу барысында еліміздің қай аумағында автокөліктің көбірек екені және қазақстандықтардың негізінен қандай көлемдегі қозғалтқышты таңдайтыны анықталды.
Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2019 жылдың тамыз айында Қазақстанда 3 698 309 автокөлік тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 5,5%-ға кем. Ең көп автокөлік Алматы облысында тіркелді. Бүгінде Жетісу жерінде 489 294 көлік жүйткіп жүр. Ал екінші орында – Алматы қаласы. Алатаудың баурайындағы алып шаһар көшелерінде күнделікті қала тұрғындарына тиесілі 466 886 көлік жолға шығады. Үздіктер үштігінің соңында Шығыс Қазақстан облысы тұр. Онда 296 080 автомашина тіркелген.
Назар аударатын дүние, еліміздегі автомашиналардың шығарылған мерзімі көбінесе 10 жылдан астам уақытты құрайды. Бұл – 64,8%-ға тең. 3 жыл мен 7 жыл аралығында шыққан машиналар саны мүлдем аз, тіркелген көліктердің жалпы санына шаққанда бар болғаны – 15,7%-ды құрайды. Ал шығарылған жылы 3 жылдан аспайтын көліктер саны елімізде тіпті аз – 10,4%.
Көлік қозғалтқыштарының көлемі литрмен немесе текше сантиметрмен өлшенеді. Freedom Finance Insurance зерттеулері нәтижесінде, қазақстандық автокөлік иелерінің көбісі қозғалтқыш көлемі
1 500-2 мың текше сантиметрді құрайтын көліктерді таңдайтыны белгілі болды. Қазақстанда мұндай қозғалтқыш көлемі бар автокөлік саны – 1 711 633, бұл тіркелген барлық машиналар санының жартысын құрайды (46,3%). Аталған қозғалтқыш көлемі бар көліктің көбі Ақмола (217 459), Ақтөбе (173 652) және Атырау облыстарында (141 520 автомашина) тіркелген. Сондай-ақ танымалдылығы бойынша екінші орында – қозғалтқыш көлемі 1100-1500 текше сантиметрді құрайтын автокөліктер екені анықталды. Елімізде бұл санаттағы автокөліктер саны – 667 951 (18,1%). Осы көлемдегі көліктерді көбінесе Ақмола (77 855), Алматы (72 989) және Жамбыл (64 221) облыстарының тұрғындары иеленеді. Әлбетте, аталған қозғалтқыш көлемі бар автокөліктер қала ішінде пайдалануға өте қолайлы. Себебі қаладағы автокөлік иелеріне машинаның қуаты емес, отын жағу шығысы маңызды. Танымалдылығы бойынша үшінші орында – қозғалтқыш көлемі 2 мың – 2 500 текше сантиметрге дейінгі автокөліктер құрайды. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, автокөлік иелерінің 16,7%-ы аталған көлемдегі қозғалтқышқа ие машиналарды таңдайды. Бұл негізінен Ақмола облысында (104 066), Ақтөбе облысында (96 189) және Батыс Қазақстан облысында (48 002) кеңінен таралған. Ең аз таралған қозғалтқыш көлемінің үш түрі: 3 мың – 4 мың текше сантиметр (3,3%), 4 мың – 10 мың текше сантиметр (1,9%) және 1 100 текше сантиметрге дейінгі (1,3%) көліктер. Зерттеу барысында орта статистикалық қазақстандық көлік иесі қозғалтқыш көлемі шамамен 1 100 бен 2 500 текше сантиметр аралығындағы машинаны таңдайтыны анықталды. Мұндай қозғалтқыш көлемі бар машиналар қалада жүруге жайлы және үнемді болып шықты.
Сондай-ақ қозғалтқыш үлгісі мен көлемі автокөліктердің дәрежесін байқататын сыныбына да әсер ететінін айтуға болады. Жеңіл автокөліктер қозғалтқыш көлеміне сәйкес бес сыныпқа бөлінеді:
- Ықшамлитражды немесе шағын-автомобиль (1 200 текше сантиметрге дейін).
- Шағын сынып (1 200 – 1 800 текше сантиметрге дейін).
- Орташа сынып (1 800 – 3 500 текше сантиметрге дейін).
- Спорт автомашиналары (3 500 текше сантиметрден бастап).
- Жоғары сыныпты автомашиналар (әртүрлі көлемді).
«Қозғалтқыш көлемі отын шығысына және автокөлік құнына әсер етеді. Көліктің қозғалтқышы неғұрлым қуатты болса бағасы да құнды. Одан басқа, кейбір елдерде, бұл сақтандыру құнына да ықпал етеді. Мысалы, Ресейде міндетті автосақтандыру полисін ресімдеу кезінде қымбатқа түсуі ықтимал. Қазақстанды алатын болсақ, ОГПО полисін ресімдеу барысында, қозғалтқыш көлемі ескерілмейді. Демек, кейбір сақтандыру компаниялары, КАСКО ерікті автосақтандыру полисін ресімдеу кезінде аталған факторды ескеруі мүмкін», деп түсіндіреді Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясы.