Міне, осындай гаджеттер мен соткаларға «соғысты» қалай бастауға болады? Баланың кітап оқытуға деген қызығушылығын қалай оятуға болады? Мұның бір әдісін елордалық Мәдина Жұманқызы тапқан тәрізді.
Мәдина бала кезінен кітапты сүйіп оқиды. Кітапқұмар әкесі осы әдетті қызының бойына да сіңірген. Ол жүрген жерлерінде әрдайым кітап қолтықтап жүреді.
Биыл ол достарымен бірлесіп Zhasproject жобасының аясында «Booktime» деп аталатын жаңа істі бастады. Бала күтімімен үйде отырған ол өзі сияқты Әсем, Дина есімді жас аналардың, Павел, Рамазан деген замандастарының басын қосып, балаларға пайдалы іс бастады. Елордамыздың «Жағалау» шағын ауданында орналасқан орталыққа осы төңіректегі көп балалы отбасылардың балалары келіп кітап оқып, бос уақыттарын тиімді өткізеді.
Zhasproject жобасының шарты бойынша бұл орталыққа келіп, тегін кітап оқып, балалардың бос уақытын білім алуға жұмсауға әркімнің-ақ мүмкіндігі бар. Бастапқыда шағын аудан тұрғындары тегін дегенге сенбей, бұл не қылған орталық деп түсінбепті. Мәдина бастаған белсенді топ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін ғана орталықтан адам аяғы арылмайтын болды. Жобаның тағы бір ерекшелігі, мұнда тілі мүкіс балаларға арнайы логопед аптасына бір рет келіп, көмек көрсетеді.
Күн сайын ата-аналар Мәдина мен оның достарына алғыс айтып жатады. Әсіресе көп балалы және мұқтаж отбасынан шыққан балалардың ата-аналары үшін бұл орталықтың берері мол. Балалардың уақыты пайдалы өтіп жатқанына олар да қуанышты. Бұл әзірге қаладағы осындай қызмет көрсететін жалғыз жоба. Білім және ғылым министрлігі мен Әлемдік банктің қолдауымен іске асырылып жатыр.
«Арманда.Ұсын. Іске асыр» деген ұранмен жұмысын бастаған Zhasproject жобасы қоғамға пайда тигізуді басты мақсат ретінде ұстанады. Үш жыл ішінде 10 мыңға жуық қазақстандық жас өздерінің осыған ұқсас 3000-ға тарта әлеуметтік жобасын жасап, халықтың игілігіне жұмыс істеді.
Айзере САМАРҚАН