Бүгінде Жапония, АҚШ, Германия сияқты роботтехника саласындағы жетік елдер биік дәрежедегі өндіріске ондаған жылдар бойы тынымсыз еңбектеніп жетті. Германияның Kuka AG, Жапонияның Kawasaki Robotics индустриялды роботтарды шығаратын компаниялары осыған мысал. Егер де олармен пара-пар болғымыз келсе, Қазақстандағы роботтехника саласындағы әр адам аталған елдердегі ғалымдармен салыстырғанда бірнеше есе көбірек жұмыс істеп, тынымсыз еңбектену керек. Сонда ғана Қазақстандағы роботтехника саласы белгілі бір жетістіктерге жетіп, өзіміздің индустриалды роботтарды шығара алатын зауыттарды құра аламыз. Әрине, бұл мақсатқа жету өте қиын, бірақ жүзеге асырылмайтын іс деп ойламаймын. Ең бастысы, шын ниетпен еңбектенсек, алдымызға қойған мақсатқа жетеміз. Сондықтан қазір білім кеңістігіне роботтехника ғылымы саласын енгізу өте маңызды мәселе болып отыр. Роботтехника оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жастарды ғылым, техника, физика, математика арқылы жаңашылдыққа шабыттандыратын, бүгіннің мәселелерін шешу үшін өз дағдыларын қолдануға, жағдайды талдауға шығармашылықпен ойлауға мүмкіндік беретін өте тартымды ғылым. Роботтехника курсының мақсаты – болашақта қазақстандық инженерлердің жас буынын даярлау, білім беру және спорттық роботтехниканы насихаттау арқылы ғылыми-техникалық бағытты дамыту. Бұл тақырыптарда түрлі семинарлар, шеберлік сабақтарын өткізуді де қолға алу керек. Балалар түрлі техниканың қалай жұмыс істейтінін көзімен көріп, түсінуі тиіс. Тек қана теорияны жетік білгеннен ештеңе өнбейді. Сондықтан балалардың қандай да бір техниканың қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін, өз қолымен жасауға мүмкіндік беретін платформа құруды мақсат ету маңызды.
Қазір еліміздегі мектептерде арнайы үйірмелер ашылып оқушылар роботтехника саласымен танысып келеді. Университет қабырғасында оқумен қатар, роботтехниканың дамуына үлесін қосып жүрген студенттеріміз де баршылық.
Осы ретте Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы университет студенттерінің одан әрі дамуына көптеген жағдай жасалған. Мысалы, ақпараттық технологиялар факультетіндегі мехатроник роботы жайлы айтуға болады. Бұл студенттерді теория жағынан ғана емес, практика жағынан да жетілуіне өз үлесін қоспақ. Аталған, робот университеттің қаржыландыруымен 2016 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан арнайы әкелінген. Бүгінгі таңда университет зертханасында мұндай техниканың 3-еуі бар. Мехатроник сөйлей алады, өлең шумақтарын оқиды, тіпті билейді. Сонымен қатар көздері арқылы өзінің көңіл-күйін білдіреді. Робот әзірге орыс тілінде ғана сөйлейді. Дегенмен ағылшынша бірқатар мәліметті қамтыған. Аталған роботтың жады айтарлықтай көп. Ол әңгімелескен адамын есте сақтап қалады. Сонымен қоса оның жадына белгілі бір ақпаратты енгізсе, ол сол ақпаратты есте сақтап, келесі жолы мәліметті қайталап айтып беруге қабілетті. Онымен қоса робот ғаламторға тез қосыла алады. Факультет студенттері бүгінгі таңда бұл роботты жетілдіру мақсатында зерттеу үстінде.
Кафедра оқытушыларының сөзінше, мехатроник мамандығын бұрын тек магистранттар оқи алса, бүгінгі таңда бакалаврдың студенттері де 2 курстан бастап оқи алады екен. Факультетте одан бөлек тағы екі зертхана бар. Олардың бірінде магистратурада оқитындардың жұмыстары бар. Мысалы, гуманойд роботы. Бұл робот 26-дан астам қимылды жасауға қабілетті. Роботтехника сыныбынан бөлек 3D принтинг сыныбы бар. Ол сыныпты арнайы пластикалық фигураларды жасайды. Ең алдымен компьютерге кескін салынады, содан соң оны 3D принтер арқылы шынайы жасап шығарады.
Өзге де студенттерден бастап, қарапайым адамдарға дейін мехатроникті жай ғана тілдесу құралы ретінде пайдаланатын болса, ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері оның ішін ашып, зерттеп, жаңа дүние ойлап табуға тырысады. Осы секілді мысалдар елдегі өзге де жоғары оқу орындарында көптеп кездеседі.
Әйгерім ШАЯХМЕТ,
журналист