Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Парламент Сенаты Төрағасының ОСК мүшесі лауазымына тағайындау туралы ұсынысы Сенат қарауына енгізілген болатын. Сенаторлар бұл ұсынысқа бірауыздан қолдау білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шарт ратификацияланды.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов 2018 жылғы 29 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында жасалған Келісім екі ел арасында іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселелерін реттейтінін жеткізді. Құжатта экстрадициялауға да, одан бас тарту үшін де негіздер қарастырылған.
«Шартты ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттырады. Шарттың негізгі мақсаты - қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе ұстап беруге тура келетін қылмыстар бойынша сот үкімін орындау үшін олардың аумағынан іздеу салынған адамдарды экстрадициялау саласында ынтымақтастықты жүзеге асыру» деп атап өтті сенатор Андрей Лукин.
Әрбір тарап өзінің ұлттық заңнамасы негізінде өз азаматтарын беруден бас тартуға құқылы.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы - осы Шарт бойынша құзыретті орган.
1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификацияланды.
Заң жобасын еліміздің Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов таныстырды.
Келісімге қол қойылғаннан бері 20 жыл өтті, сондықтан жаңа мәтінде бере отырып, хаттамамен тиісті өзгерістер енгізу арқылы Келісімнің ережелерін жетілдіру қажеттігі туындаған болатын.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары Кеңесінің Душанбедегі отырысында 2018 жылғы 1 шілдеде қол қойылған хаттама ТМД-ның кеден саласындағы нормативтік-құқықтық базасына түгендеу жұмыстарын жүргізу қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен бірлесе отырып әзірленді.
Хаттамада мәліметтерді беруге, сұрау салудың нысаны мен мазмұнына және оның орындалуына, алынған ақпаратты пайдалануға қатысты бірқатар негізгі бапқа өзгерістер енгізу ұсынылады.
Мемлекеттердің орталық кеден органдарының арасында әрі мемлекеттердің аумақтық кеден органдары арасында тікелей жүзеге асатын тараптардың сұрау салулармен алмасуы құжаттағы жаңалықтардың бірі болып отыр. Бұл кеден заңнамасы талаптарының бұзылуын көрсететін деректерді немесе мән-жайларды анықтау үшін тиімді ынтымақтастыққа ықпал ететін болады.
Талқылау барысында Сенат басшысы мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту жөніндегі бірлескен жоспарды әзірлеу қажеттігіне жауапты мемлекеттік органдардың назарын аударды.