Ал, өзі бауыр басып, өмірдің бөлінбес бір атрибутына айналған сол театрдың өзі күнде тамашалап жүрген дәл осындай халге жетуі үшін сол театрдың мыңдаған жылдық қиын да қысталаң жолдан өтуіне тура келгенін біреу біліп, біреу білмейді. Оған ой жіберіп те жатпайды.
Ал, оның тарихы бұралаңдар мен шырғалаңдарға толы.
Біз бүгінгі мақаламызда театр деген не және ол қалай пайда болды, неге пайда болды, қандай қажеттіліктен пайда болды, алғашқы театрлардың сөзін кімдер жазды? – Міне, осыларға шолу жасаймыз.
Қозғайтын тақырыбымыз драматургия болғандықтан біз ең әуелі Антика дәуіріндегі шығармалардан бастауға тиіспіз. Бірақ, драматургияның атасы – сөз, анасы – әдебиет болса, біз адамзат тарихында айрықша орын алатын ұлы шығармалардың бірі, біздің дәуірімізге дейін XXVI-XXVII ғасырларда пайда болған ең алғашқы әдеби шығарма – Қос өзен бойында өмір сүрген Шумерлер жыры – «Гильгамештен» бастауды жөн көрдік. Әрине, ол драмалық шығарма емес, ол – тасқа ойып жазылған поэма. Оның оқиғасы драматизмге өте бай. Адам баласы құдайлардың түр-түріне құлай сенген, табиғат құпиялары мен өзгерістерді өздерінің араларында жүрген құдайлардың құдіреті деп кәміл сенетін заманда жазылғандықтан бұл жырда да адамдар мен құдайлар арасындағы сан алуан қарым-қатынастар мен қақтығыстар ерекше оқиғалармен баяндалады.
Әңгімені шумерлер жыры «Гильгамештен» бастап отыруымның тағы бір себебі – оның дала мәдениетімен тығыз байланысты болуы және басты кейіпкердің бірі – Энкиду мал бағып жүрген даланың адамы болғандығы. Бұл жырдағы көптеген адам аттары күні бүгінге дейін қазақ арасында жиі кездеседі.
Ғалым-зерттеушілердің айтуынша, Аккад-Шумер жырындағы мифологиялық кейіпкер–Гильгамеш өмірде болған адам. Оның өмірдегі прототипі біздің эрамызға дейінгі XXVII ғасырдың аяғы мен XXVI ғасырдың басында Шумерлердің Урук қаласының 1-династиясын басқарған әмірші. Аңыз-әңгімелерге қарағанда ол көптеген ұлы ерліктер жасап, 126 жыл өмір сүріпті. Ол өлген соң Гильгамештің аты құдайлармен теңестіріледі. Гильгамештің жорықтары мен ғажайып ерліктері жайлы эпикалық өлең-жырлар көптеп жазыла бастады. Солардың ішінде бізге жеткен толық нұсқалардың бірі – Ниневи қаласынан табылған осы аңыз-жыр. Бұл жыр б.д. дейінгі 7-ғасырда Ниневи қаласының билеушісі Ашшурбанипалдың кітапханасына арналып сына жазумен жазылған. Онда әміршінің шектен шыққан еркін өмірі, қауіп-қатерлерге толы сапарлары мен бастан кешкен шым-шытырық оқиғалары суреттеледі.
Өткен ғасырда шетел ғалымдары (Джордж Смит, Леонард Вулли, Зенон Косидовский) Евфрат пен Тигр өзенінің бойында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, 19-20 метр тереңдікте жатқан бүтін бір қаланың орнын тапты. Бұл жаңалық бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Осы кезге дейін жер бетіндегі өркениетті христиан дінінің пайда болуымен байланыстырып келген жұрт мынадай жаңалықты өре тұрып қарсы алды. Адамзат өркениеті «Таурат» пен «Інжілден» бастау алады деп келген қағиданың тас-талқаны шықты. Тіпті, сол ілімнің негізі шайқалып қалды. Аккад, Ниневи мәдениетінің жоғары үлгіде болғандығы, оның барлық құрылымдары жетілген, гүлденген мемлекет болғандығы айдан анық дәлелденді. Әрі беріден соң, Таурат пен інжілдің бүкіл идеясы мен сюжеті осы Шумер еліндегі ілім-білімнен көшіріліп алғандығы да дәлелденді. Өйткені Бабыл (Вавилон) қаласындағы тұтқын еврейлер қамаудан босап еліне оралғанда осы Таурат пен інжілдің идеясы мен қағидаларын қоса алып келген деген болжам бар.
Шумер халқына жасаған орасан зор жақсылықтары мен таңғажайып ерлік істерімен қатар Гильгамеш шектен шыққан сезім еркіндігіне берілген билеуші ретінде де белгілі болыпты. Ол Урук қаласындағы қалаған әйелдерін кезек-кезегімен сарайына шақыртып алып, олармен қалауынша сауық-сайран құруды әдетке айналдырады. Өз патшаларының бұл сияқты зорлығына көне алмаған қала тұрғындары құдайларға арыз айтып, өздерін мынандай тираннан құтқаруды сұрап, әлденеше рет арызданады. Халықтың мұндай наразылығы адам жасаушы Құдай Арудың құлағына жетеді. Ашу-ызаға мінген Құдай-ана балшықтан жабайы адам жасап, оған Энкиду деп ат қойып, еркін далаға жібереді. Оның ойынша, Энкиду Гильгамешті өлтіруі тиіс.
Энкиду ең далада өмір сүріп, шөппен қоректенетін әрі аң, әрі адам кейпінде жайылып жүре береді. Өзінің әу баста не үшін жаратылғанынан бейхабар алып күштің иесі Энкиду осылайша түз тағыларының біріне айналады.
Күндердің күнінде, Гильгамеш елді жалмап жүрген алып аждаһаны өлтіріп, үйіне әбден қалжырап келіп қатты ұйқыға батады. Ұйықтап жатқан ол ерекше түс көреді. Түсінде аспаннан ғажайып бір киелі тас түсіп, бүкіл Урук халқы оған табына бастайды. Гильгамешке бұл тас қатты ұнап, ол тасты үйіне әкеп, анасына көрсетеді. Баласының түсін Құдай-ана Нинсун жақсылыққа жорып: «Жақында сен ерекше дос табады екенсің. Ол екеуің туысқандай бірге жүретін боласыңдар» дейді.
Арада бірнеше күн өткенде аңшылар Гильгамешке келіп далада адам пошымды жабайы жануар пайда болғанын, ол түз тағыларын аңшылардан қорғап, аң аулауға кесірін тигізіп жүргенін айтады. Оның көзін құртпаса болмайды дегенді айтады. Гильгамеш оны қолға түсіруді ойлап, ол үшін оған сылқым бір сұлу әйелді жібереді. Энкиду сылқым әйелдің арбауына оңай түсе салады. Әйел оны азғырып, Урук қаласына әкеледі. Жабайы адам қалаға келіп, адамдар өмірін көріп, адамдар жейтін аспен тамақтанып, кенеттен адам кейпіне түседі. Сол кезде Гильгамеш өзінің қарсыласымен кездесіп, екеуі айқасқа түседі. Олар ұзақ алысады. Екі алып бірін-бірі жеңе алмайды. Екеуінің де күші тең екен. Сонан соң Гильгамеш пен Энкиду достасып, Гильгамеш оны анасына ертіп келеді. Анасы Нинсун екеуін де балам деп санайтынын айтады.
Гильгамеш пен Энкиду талай-талай ерліктерді бірге жасап, елге қауіп төндіріп жүрген құбыжықтарды бірге жеңіп, Урук халқының зор сүйіспеншілігіне бөленеді. Олар тау шыршаларының жемісін жан адамға татырмай қорғап жүрген сұрапыл аждаһа Хумбабаны, онан соң маңына жан жолатпас алып өгізді өлтіреді.
Аккад-Шумер эпосы «Гильгамеш» поэма-дастан түрінде жазылғанымен оның оқиғасы драматизмге өте бай. Ежелгі Грекия мен Аккад-Шумер мифологиясында өмірдің әрбір саласының бір-бір құдайлары болды: күн құдайы, теңіз құдайы, дауыл құдайы, махаббат құдайы, өсімдік пен жан-жануарлар құдайы. Кіші құдайлар мен үлкен құдайлар, құдайлардың кұдайы – Зевс болғаны тағы белгілі. Дәл осы Гильгамеш өмір сүрген заманда Аккад-Шумер аңызы бойынша Иштар құдай-әйел де әмірлік еткен. Ол Гильгамеш заманында өмір сүргенмен, ол туралы бөлек аңыз бар. Солай бола тұрса да, Иштар осы Гильгамеш туралы эпостағы оқиғаға да араласқанын көреміз.
Иштар – мифология бойынша ең басты әйел тәңірлігінің, сонымен бірге жер бетіндегі жеміс-жидек пен егістік атаулының және махаббат пен тән құштарлығының құдайы болған. Ол махаббаттағы еркіндікті қолдады. Міне, сол Иштар кенеттен Гильгамешке ынтықтығын білдіреді. Бірақ, Гильгамеш оның ашық махаббатынан бас тартады.
Иштар Гильгамешке өшігіп, оны өлтіру үшін дүлей күштің иесі Хумбабаны жіберген болатын. Сол Хумбабаны Гильгамеш пен Энкидудың өлтіргені белгілі. Бұл оқиғадан соң құдайлардың бәрі бірігіп, Энкидуды өлтіруге шешім қабылдайды. Энкиду күтпеген жерден өлім құшады. Мұндай өлімнің қайғысы Гильгамешті қатты қайғыртады. Ол қайғыдан қан жұтып, дала кезіп, тау-тасты аралап, жанына жұбаныш іздеп кетеді.
Осындай сергелдеңнің кезінде ол өзінің де мәңгілік емес, ақыры бір күні өлетіні жайлы ойға шомады. Адамдар неге өледі, құдайлар неге мәңгілік деген сұраққа жауап іздеумен болады. Сөйтіп жүріп, күн құдайы Шамашаның жерасты жолына түсіп, талай таулардан өтіп, кенеттен ғажайып бір баққа кезігеді. Бірақ ол бақта қалмай, өлім дариясынан жүзіп өтіп, бір аралға жетіп жағаға шығады. Бұл аралда мәңгі өмір сүруге ие болған Утнапишти ғана тұрып жатыр екен.
Гильгамеш онымен жолығып, мәңгі өмір сүрудің сырын айтып беруін сұрайды және оның мәңгі өмір сүруге қалай ие болғанын айтып беруін өтінеді. Утнапишти мәңгі өлмеушілікті жаһандық топан судан кейін алғанын, оны құдайлар жалғыз өзіне ғана сыйлағанын айтады. Қоштасарда Утнапишти Гильгамешке мәңгі жастықтың гүлін ұсынады. Бірақ, ол бұл гүлдің қасиетін пайдалана алмайды, оның қолындағы гүлді жылан ұрлап алады, ал, жылан болса сол сәтте ескі терісін сыпырып тастап, жап-жас қалпына қайта түседі.
Ешнәрсеге қол жеткізе алмаған Гильгамеш салы суға кетіп, өзінің туған қаласы Урукқа құр қол қайтып келеді.
Поэманың басты идеясы – адам Құдаймен ешқашан теңесе алмайды. Адам өзінің өршіл еңбегімен, ақыл-ойының ұлылығымен ғана мәңгі өмір сүреді.
Гильгамеш поэмасының мәңгілік өмір туралы идеясы өлімнен қашқан Қорқыт ата идеясымен қатарласып жатқаны да көңіл аударарлық идея. «Гильгамештегі» жылан өлімнен қашып, дарияға кілем төсеп отырған Қорқытта да бар. Тамақ әкеп жүрген қарындасының дорбасына жасырын кіріп, ол ақырында Қорқытты шағып өлтіреді.
Тілдік ұқсастықтар
Шумерше қазақша
Гус |
құс |
Дамуз |
тамыз |
Кар |
қар, ұры, қарақшы |
Уш |
үш (сан) |
Ерен |
өрен, сарбаз |
Ама |
ана |
Гене, ене |
әйел |
Аху |
аға |
Узук |
ұзын |
Еден |
төменгі, жер |
Гамил |
кәміл |
Азаг |
азаб |
Жырда қазақ тіліне ұқсас басқа да сөздер көптеп кездеседі. Демек, поэмадағы тілдік ұқсастықтар мен салт-дәстүр көріністері – ежелгі Шумерлердің түркі әлемімен байланысты болғанын дәлелдей түседі.
Тек жауын-шашын мен табиғат өзгерістерінің ғана құдайы емес, еркін махаббат пен ашық сезімнің жақтаушысы Иштар мен Гильгамеш арасындағы қарым-қатынастардан тұратын қақтығыстар мен қызғаныш, өшпенділік, кек сияқты оқиға жүйесі өз алдына бір хикая. Ол жөнінде жуық арада пьеса жазуға кірісу жоспарда тұр.
Өлілер әлемі мен тірілер әлемін жалғайтын оқиғалар аңыз болса да тіршілік тылсымын білуге құштарлығы артып келе жатқан бүгінгі адамдар үшін ол да бір ғажап дүние.
Дулат ИСАБЕКОВ,
Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты