Түркітілдес бауырлас балқар ұлтының ұлы ақыны Қайсын Құлиевпен есімі қатар аталатын Әлім Кешоков кешегі кеңестік кеңістіктегі елдер үшін аса танымал тұлға. Сапарымызға себепкер қаламгердің өмірбаянымен тағы бір рет танысып шықтық. 1914 жылы ҚБР-дың Чегем ауданының Шалушка деп аталатын ауылында дүниеге келген ақынның ғұмыр жолы өзі тұрғылас қалам иелерінің көбімен ұқсас. Мектеп, университет, Мәскеудегі аспирантура... содан кейін соғыс. Соғыстан кейін 10 жылдан аса уақыт ҚБР Жазушылар одағын басқарған. 1970-1980 жылдары КСРО Әдеби қорының төрағасы болған. Ал сол кездегі Әдеби қордың беделін біздің жазушы ағаларымыз жақсы білсе керек.
Отты өлеңдері мен шындықты шыжғырып бетке басқан өткір шығармаларын тіксіне қабылдаған жергілікті билік иелерімен ақын тіл табыса алмаса керек. Осының кесірінен Ә.Кешоков өмірінің соңғы жылдарын елден тысқары, Ресейде өткізеді. Ақын 2001 жылдың 29 қаңтарында Мәскеуде 86 жасында дүниеден көшіпті. Ел-жұрты сүйегін туған ауылына әкеп жерлеген. Енді , міне республика халқы 105 жылдық мерейтойын атап өтпекке сауын айтып жатыр.
Қабарды-Балқар Республикасы Мәдениет министрлігінен хабарласқан София есімді ханым Мәскеу арқылы Арасан (Минеральные воды ) қаласына баратынымызды, сол арадан күтіп алушылар Нальчикке жеткізетінін айтқан.
Мәскеуде ресейлік делегация мүшелерімен басымыз түйісті. Ресей Жазушылар одағы Ұлттар әдебиеті кеңесінің төрағасы Валерий Анатольевич Латынин мен «Литературная Россия» газетінің бас редакторы Вячеслав Вячеславович Огрызко үшеуміз сөйтіп Шереметьеводағы А.С.Пушкин атындағы халықаралық әуежайдан Қап тауларын бетке алып ұшып шықтық. Арасан қаласындағы халықаралық әуежай да ақын есімінде – М.Ю.Лермонтов атында екен. Орыс халқының қос ұлы ақынының әуедегі жолын Кавказ жерінде түйістірген біз тағы бір ұлы ақынның – Ә.Кешоковтың туған ауылына қарай сапарымызды жалғадық.
Нальчикпен екі арадағы бір жарым сағаттық жол қалың тұманның бөгет болуынан тағы бір сағатқа созылды. Обалы не керек, жазушы В.А.Латыниннің терең тарихты қозғаған тәмсілді әңгімелері жол қысқартуға едәуір септігін тигізді. Әскери жазушы 1974 жылы Алматы жоғары жалпыәскери басқару училищесін бітірген екен. Қазақстанды, Алматыны айрықша ілтипатпен, сағынышпен еске алып отырды. Әңгімені тереңдете келе өзінің казактық түп-тамырын алан-сарматтар тарихына апарып бір-ақ тіреді. «Шынтуайтына келгенде, сіздердің Елбасыларыңыз Н.Ә.Назарбаев айтқан Ұлы даланың тарихы ғұндар мен сақтарды, көк түріктерді, оның ішінде менің ата-бабаларымның түп-тегі бастау алатын алан-сарматтар тізбегін де толық қамтитыны ақиқат. Сондықтан да біз – түркітектес ұлыстардың баршасы бауырлармыз», деп әңгімесін түйіндеді Валерий Анатольевич.
Қабарды-Балқар Республикасының астанасы Нальчик қаласына қас қарайғанда жетіп, орталықтағы Музыкалық драма театрының қарсы бетіндегі «Ресей» қонақүйіне жайғастық.
Ертесі халық ақынының мерейтойлық шаралары мектептердегі кездесулермен, поэзиялық басқосулармен басталды. Алыс-жақын шетелдерден шақырылған 60-тан аса ақын-жазушылар екіден, үштен бөлініп, жас өрендермен жолығуға бет алды. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, ақын, аудармашы Рафис Құрбанов екеуміз Нальчиктің қыр желкесіндегі Хасания атты балқар ауылының Р.М.Фриев атындағы №16 орта мектебіне бөлініппіз. Қасымдағы қонақ кәдімгі қазақ ақындарын татар еліне кеңінен танытып жүрген, Татарстан Жазушылар одағының экс-төрағасы, қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбайдың төс қағыстырған жан аяспас досы Рафис ағамыз.
Ұлттық киім киген, салтанатты сап түзген оқушылар алыстан келген қонақтарын ұлттық дәстүрлері бойынша айран ұсынып қарсы алды.
Айран, айран, ақ айран,
Басымызға бақ айран.
Ерлер шөлін қандырған,
Ерен сусын нақ айран! –
деп балқар тілінде өлең оқып, дәм ұсынған оқушының маңдайынан сүйіп, төрге оздық.
Жоғары класс оқушыларымен және ұстаздармен болған шығармашылық жүздесу сұрақ-жауап арқылы, ән-күймен, бимен әдіптеліп, аса қызғылықты деңгейде ұйымдастырылды. Рафис ағамен ақылдасып, экспромт түрінде Кешоков өлеңдерін үш тілде оқу да тыңдаушыларды ғажап әсерге бөледі. Яғни Ә.Кешоковтың жан досы Қайсын Құлиевке арнаған өлеңін Рафис Құрбанов татар тілінде, мен қазақ тілінде, ұстаз Юля Хуламханова орыс тілінде оқыдық. Зейін қойып тыңдаған оқушылар да, ұстаздар да бауырлас түркі тілдерінде оқылған жыр жолдарын қапысыз түсініп, бек ырзашылықтарын білдірді. Түп-тегімізді түрлеріміз ғана емес, тілдеріміздің де жақындастырып тұрғанын келер ұрпақ өкілдерінің риясыз ұғынғаны ғажап ғанибет екенін сезіндік.
Өз ана тілімізде өлең оқу үрдісі бұдан кейін де, яғни ҚБР Оқу-ағарту және жастар істері жөніндегі министрлігіндегі дөңгелек үстел басында, сондай-ақ республика Музыкалық драма театрында өткен «Арғымақ мінген Абырой» атты халықаралық поэзия фестивалінде де жалғасын тапты. Теріскей Кавказ жерінің аспанында осылайша үш күн бойы түркі тілінің абыройы асқақтады!
Театрдағы кештен кейін «Қазақ балам қайда?» – деп, Ресей Федерациясы мен Қабарды-Балқар Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, ҚБР халық ақыны Тәнзилә Мұстафақызы Зұмақұлова арнайы бұрылып іздеп кеп, маңдайымнан иіскеді.
– Біздің де, сіздердің де өлең оқу мәнерлеріміз қандай ұқсас, – деді халық ақыны соншалықты бір сүйіспеншілікпен. – Мен тұрғылас, Олжас бастаған ақындарыңызға сәлем айтыңыз. Алдағы қараша айында 85 жасқа толған мерейтойымды атап өтуге қам жасап жатырмын. Баяғы кеңес кезіндегідей емес, қазір барыс-келісіміз, бас қосуымыз да қиындап кетті емес пе...
Рең-пішіні өзіміздің Рәбиға Сыздықова апайымыздан айнымайтын балқарлық сөз зергері өткен заманды есіне түсіргендей бір күрсініп алды.
Реті келгенде айта кеткен жөн шығар, сапар барысында Тәнзилә апайымыз секілді Қазақстаннан келген өкілді көріп, тілдесуге асық жандар аз болмады. Қасіреті қалың сталиндік депортация жылдары қазақ пен қырғызды паналап, кейін Отанына оралғандардың біздің елге деген ықылас-пейілдерінің ерекше екенін көріп жүрегіміз аунап түскендей әлдебір әсерге бөленгеніміз де анық.
Кешкі қонақасы кезінде дастарқан басында балқар Қаншауби Мизиев досымыз әзіл-шыны аралас тіпті өзін «Қазақпын!» деп жариялады. Мұның себебін өзінің Түркістанда туғандығымен, қазір Түркістанның тек облыс орталығы ғана емес, қалың түркінің бас қосар орталығына айналуға қам жасап жатқандығымен түсіндірген азаматқа біз де шынайы ризашылығымызды білдірдік.
ҚБР Мәдениет министрі Мухадин Кумахов басқарған дастарқан үстінде сөз алғандардың да көпшілігі қазақ елі, Қазақстан туралы ізгі, ыстық ықыласты лебіздерін айтты. Республиканың халық ақыны Ахмад Сұлтанұлы Созаев алдағы күндері туғанына 160 жыл толғалы отырған балқардың ұлы перзенті Кязим Мечиевтің Қазақстан жерінде жамбасы жерге тигенін, кейін сүйегін туған жеріне әкеп, қайта жерлегендері туралы аса қызықты естелігімен бөлісті. Әңгіме осылайша қазақ тақырыбына ойысқан сәттің бірінде ингуш елінің ақыны Аслан Куазо: «Сізге айтатын аса бір сырлы әңгімем бар еді. Қазір емес, ертең оңашада жолығып, сөйлесейікші?..» – деп өтінді.
Ертесі Ә.Кешоков ескерткішіне гүл қою рәсімі кезінде екеуміз уақыт тауып, едәуір әңгімелесуге мұрсат алдық. Аслан әңгімесінің ұзын-ырғасы төмендегідей.
«Осыдан он шақты жыл бұрын М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының орысша аудармасы қолыма тиді. Бірінші кітабын оқып бітірген соң, «сізге өтірік, маған шын», әлдебір түсініксіз жағдайға тап болдым. Кәдімгідей бойымды бір нәрсе бунап, өзімді қоярға жер таппай, аласұрып жүре берем, жүре берем... Осы қалып ақыры мені жазуға отырғызды. Мына, сізге сыйлағалы отырған «Кавказ әуені» атты үш томдық жинағымның алғашқы кітабы осылайша дүниеге келді. Үш ай бойы үздіксіз өлең жазумен болдым. Өзіңіз де ақынсыз ғой, сізге мұндай ғажайып, сиқырлы процестің әр сәтін бұтарлап, жіліктеп түсіндірмей-ақ қояйын. Аспан мен жердің арасында қалықтап ұшып жүргендей күй кештім. Айналамдағылар мынаны әлдененің шалығы ұрған ба деп таңғалысқан да шығар... Мен осының бәрі ұлы Абайдың шынайы құдіреті деп ұғындым. Үш айдан кейін бәрі кілт тоқтады. Мен де қайтадан бағзы қалпыма түстім. Енді қайтадан жаза алсамшы. Кітапханаларға барып, Абай аудармаларын ақтарыстырдым. Шынымды айтсам, орысша аудармаларына көңілім тұшынбады. Қайыра «Абай жолын» қолыма алдым. Тағы да ғажайып әлемнің есігін аштым. Осылайша мен Абайды ұлы Әуезов арқылы таныдым. Өзіңіз де білесіз, проза поэзия емес қой. Абай әлемі санама тағы да сілкініс берді. Мен қайтадан жазуға отырдым. Үш кітаптан тұратын менің «Кавказ әуені» атты циклдық дүнием осылай дүниеге келді!», деп Аслан әңгімесіне нүкте қойды.
Ұлы Әуезов арқылы Абай төккен шуақтың алтын сәулесі ингуш ақынының шығармашылығын осылай нұрландырыпты. Қапысыз сендім. Әсерлене түйсіндім. Аслан өзінің Қазақ елімен мәңгілік кіндіктес, рухтас екенін өстіп тебірене баян етті.
...Қап тауының етегінде, нұр көмкерген Нальчиктегі үш күн көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өте шықты. Сапар қорытындысы Кешоковтың туған жері – Чегем ауданында түйінделді. Делегация мүшелері Шалушка ауылындағы ақын зиратына гүл қойып, құран бағыштады. Аудан орталығында сөз зергерінің жерлестерімен жүздесіп, пікір алыстық.
Шексіз әсер, ғажап рухани азық сыйлаған бауырлас тау халқына разы-хош айтысып, сапардың соңғы күні бесін әлетінде Арасанға бағыт алдық. Күнгей бетте көкшіл мұнар көмкерген қос өркеш Мәңгітау, теріскей бетте қарауытқан Қазбек сілемі, қапталдасып Бестау беткейлері қол бұлғап қала берді. Иә, жер атауларының бәрі жүрекке етене жақын. Құлаққа саумал самалдай жылы тиіп, ерекше естіледі. Эльбрусты жергілікті халық Мәңгітау, Пятигорскіні Бестау дейді. Түркі әлемінің ұлы кеңістігінде жүргеніңді атаулардың түп-төркінінен-ақ дөп басып танисың. Хасанұя, Бақсан, Кенже, Ақсу, Тырнауыз, Қашқатау сияқты ауыл аттарының бәрі де сана түкпіріндегі түркілік кодтың мәңгілік екенін айғақтап тұрғандай.
Ұлан-ғайыр ұлы даламыздың қасиетті тауларындай тамырлас елдердің талассыз бауырластығы әдебиет арқылы, сөз өнерінің теңдессіз ұлы тұлғалары арқылы көкжиегін кеңейте беретініне осы сапар барысында анық көз жеткізіп қайттық.
Тіл ұшына еріксіз өлең тіркестері орала берді:
Көзіміздің қарасындай көздері,
Сөзіміздің сарасындай сөздері.
Тілмашсыз-ақ түсінісіп кеттік біз,
Көзге ілместен орыстанған өзгені.
Жетелеумен бұ жаққа да, о жаққа,
Балқар досым балбыратты ғажапқа.
Қонағына жайылатын айқара
Құшағы да ұқсайды екен қазаққа!
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі