26 Наурыз, 2010

МҮМКІНДІККЕ ҮЙЛЕС МІНДЕТ

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің  индустрияландыру кар­тасына енген 162 жобаның 16-сы Қарағанды өңірінде іске асырылғалы тұр. Солардың ішінде Жаңаарқа ауданы аумағындағы “Жалын” және “Бапы” кен орындарында көмір, темір кон­цент­ратын, “Сары Қазына” кәсіп­орнында мыс өндіру, “ҚазБелАЗ” бірлескен өндірісін құру сияқты ірі істер таяу арада қолға алынады. Бұған байланысты бүкіл дайындық жұмыс­тары толығынан аяқталды. Жаңаарқа жақта табылған көмір қоры 50 миллион тоннаны  құрайды. Биыл 500 мың тонна отын жер-жерге жөнелтіледі.  Ал келесі жылы өндірілу көлемі екі есеге артатындығы күтілуде. Ашық әдіспен шығарылатын бұл қазынаның  аймақтағы  жылу және электр знергетикасы саласының сұраны­мын қанағаттандыруға қосар үлесі үлкен болмақ. Жану қызуы өте жоғары әрі  ұзақ сақталатын көмір саналғандықтан өтімділігіне еш алаңдаушылық жоқ. Өндіріс қызған жердің тынысы да кеңитіндігі белгілі. Жұмысын бастамақ жаңа кен орындарына  азаматтарды  еңбекке қамту жүргізіліп жатыр. Жер­гілікті билік органдарымен келісімге сәйкес бірінші кезекте тиісті маман­дықтары бар жастар өз өңірлеріндегі өзгерістерді өрлетуге тартылады. Индустриялық-инновациялық  дамуды жеделдетуге көзделген  жобалардың қатарында Майқұдық құс фабрикасының қуатын ұлғайту  маңызды орын алады. Бұл мақсат үшін 1 млрд. 935 миллион теңге бөлінген. Осыдан-ақ жұмыс ауқымдылығы қандайлық екені аңғарылатыны анық. Алайда,  өндірісті  өркендетудің барлық шаралары бірдей жол тауып жатпағандығы жасырын емес. Мәселен, жұмысын бастамай жатып тоқырауға тап болған кремний зауытының алдағы тағдыры бұлыңғыр қалпында қалып  отыр. Оны салған “Силицум Қазақ­стан” компаниясы көмек тілейді. Қазір бұл мәселе мәнісі біржола айқындалу үстінде. Тынысына дем бітірудің түрлі іс-шаралары ойластырылып, қарасты­рылуда. Селолық өңірлерді дамытуға ар­налған екіжылдық бағдарлама бойынша тұрғындары аз елді мекендерді оңтайландыру іске асыру көзделеді.  Бұған сеп облыста  мұндай шағын ауылдар көп. Мәселен, түтін саны 50-ден аспайтын 128 ауыл бар. Олар алыс түкпірлерде орналасқан. Әрқайсысында бюджеттік қаржы есебінен  клуб, монша салудың жөні шамалы. Оның орнына түкпірдегі қыстақтар тұрғын­дарының халық көбірек шоғырланған қоныстарға көшуіне көмек көрсетілгені тиімді саналады. Бұл да күн тәртібіндегі маңызды шара. Сонымен бірге,  фармацевтиканы, ІТ- технологияны, нанотехнологияны, туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Алдағы уақытта теңдессіз басымдықты иеленетін бұл буындардың берік іргетасын қалау бүгінгі өзекті мәселе. Оның алдыңғы сапынан танылу облыс ұстанған негізгі бағыт. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.