Қоғам • 14 Қараша, 2019

«Тәкаппар екен құлжа алма»

946 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматының апорт алмасының тарихына келгенде қоғамның пікірі екіге жарылады. Алғашқылары апорттың түп атасы Ресейдің ну ормандарында өскен сиверс жабайы алмасы десе, кейінгілері оның түп атасы өзіміздің «құлжа алма» деген ойды айтып жүр.

«Тәкаппар екен құлжа алма»

Осы екінші  пікірдің бәсі басым екені соңғы жылдары анық байқала бастады. Апта басында Алматыда өткен Орталық Азия IV агротехнологиялық саммитінде италиялық селекционер,  «Dutch Frult Solutions Каzakhstan»  жобасының үйлестірушісі Альфред Эверс те осы ойды қолдады. Ол Еу­ропада өсетін алмұрт, шие және ал­ма түрлерін Алматы мен Алатауда өсіруге ниет танытқан екен. Олардың бұл ұсынысы Қазақстан жағынан қолдау тауып, үш жыл мерзімге Тал­ғар жақтан 3 гектар жер жалға бе­рі­ліп отыр.  

Альфред Эверс бізбен әңгімелес­кенде ширек ғасырдан бері  қазақтың құлжа  алмасымен «ауырып» жүргенін жасырмады. 1990 жылдардың екін­ші жартысында Алматыға келіп, Ала­таудың қия жартасын тік жарып шыққан алма көшеттерін Италияға жер­сіндірмек болыпты. Таудың бөк­терінде тамыры тасты аймалап, бұтағы күннен нәр алып өскен қазақ­ алмасының «ішіне» Италия  ауа­сы  жақпаған. Фермерлер қанша жер­­ден өбектесе де жарты кило болады деген жемісі 200 грамнан әрі  көтері­ле алмаған. «Алматының құлжа алма­сы  өзге топырақты  да, өзге тыңайт­қыш­тарды да қабылдамайтын  ерекше қасиетке ие екеніне көзім жетті. Содан соң қазақ алмасын өсіру туралы арманымды алдағы сәтті күндердің еншісіне қалдырдым. Апорттың атауын қазақ­тардың өзі әртүрлі атайды. Бірі «апорт» десе, екіншісі «сиверс»  дейді. Соң­ғы 1 жыл­да жер бедерін зерттеп, төмен­дегідей қорытындыға келдім.  Алматы облысының Қытайдың шекарасынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, одан әрі Қазы­ғұртқа дейін жалғасқан  тау жотасында  құс жолы сияқты алма белдеуі бар. Бұл белдеуде өскен алманың дәмі теңіз деңгейінен биіктігіне байланысты. Алматыда, Талғар   жақта өскен апорттың дәмін Түлкібас, Тө­ле­би жақтағы тау жоталарында өс­кен алманың дәмімен салыстыруға кел­мейді. Формасы жағынан да бір-біріне ұқсамайды. Осыған қарап оты­рып, нағыз апорттың отаны теңіз дең­гейінен 900-1200 метр биіктікте тұр­ған Алматы, Талғар айналасы» деген қорытындыға келдім», деді  Альфред Эверс.

Алманың ғана емес, кез келген жеміс түрінің табиғаты кеңдікті және табиғилықты жаратады. Жері­нің тапшылығынан вертикальды  фер­мерлік жүйе бойынша жеміс түр­лерін өсірумен айналысуға мәжбүр болған Батыс ғалымдары, бірінші кезекте жемістің сақталу мерзіміне ғана басымдық беріп, өзегіндегі қанттың таралуына жол ашып тұратын жа­су­шалардың көзін бекітіп тас­тай­ды екен. Осы жиынға қатысқан қазақстандық алма бағбаны Жеңіс Байшолақов бізбен әңгімесінде бабасы алма өсірумен айналысқанын, өзі де осы кәсіппен жан бағып жүр­генін айтты. Оның түсіндіруінше, алманың хош иісі мен дәмін кіргізетін өзегіндегі қанттың көзін бекітуге біздің бағ­бандар да кірісе бастапты. Соңғы он­жыл­дықтарда алма ХХ ғасырдың басы мен 1990 жылдарға дейінгі формасы мен дәмінен айырылып, өзіне жат, сопақ түрге ене бастаған. Атап айтқанда, алма сұрыбының ең жақсы клондарын микроклондау арқылы апорттың пробиркадағы «жаңа өсімдігі» алынды. Ол қауіпті микроорганизмдерден тазартылған және түпнұсқа ағаштың шаруашылық және биологиялық қасиеттерін сақтаса да  апорттың бастапқы формасына кері әсерін тигізген.

 «Мұнда селекционер ғалымдардың қолтаңбасы бар. Олар тауда, тамыры тас жарып өскен апорт бұтақтарын мүлдем басқа сортты алма бұтағымен будандастырады. Нәтижесінде  аралас сортты алма болып шыға келеді. Алатаудың алмасы тәкаппар. Оның басқа жерді менсінбейтінін ғалымдар да айтып жатыр. Сол себепті таза апорт алмасын басқа алма сортына телігенді  тоқтатайық.  Қазір ел ішінде, көнекөз қариялардың аула­сында апорттың былғанбаған, будан­дастырылмаған сорттары бар деп естимін. Соларды бір орталыққа жинап, мемлекеттің қор­ғауына алатын кез келді. Әлемде де, Қазақстанда да алма түрі көп. Бірақ ел ішінде құлжа алмасы атанып кеткен апорт жалғыз. Біз бабаларымыздан бізге жеткен алма түрімен ғана ерекшеленіп, таныла аламыз», деп сөзін түйіндеді  Жеңіс Байшолақов.

1970 жылдарда санақ бойынша Қазақстанда 3 851 193 түп апорт ағашы болса, оның 80 пайызы Ал­матыда өсiрiлген екен. 1984 жылы Қазақстанда 1 965 795 түп апорт алма болып, Алматыда оның 1 418 988-i өсiрiлiптi.

Алматының апортына қолдау керек, қамқорлық та қажет. Сонда ғана әлемдік нарықта отандық алманың беделі асқақ болмақ.