Аймақтар • 14 Қараша, 2019

Жәнібек ауданында ет өндіру артты

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жәнібек ауданы - Батыс Қазақстан облысының қиыр батысында орналасқан өңір. Ресейдің Волгоград облысы Палласовка және Старая Полтава аудандарымен, солтүстігінде Саратов облысының Новоузенск, Питерка аудандарымен шектесетін аудан мал шаруашылығын дамытып, ет экспортын көбейтіп келеді.

Жәнібек ауданында ет өндіру артты

Жәнібек ауданындағы биылғы жылдың басынан бері ғана жаңадан 20 шаруа қожалығы құрылып, олардың жалпы саны 365-ке жеткен. Аудан әкімі Азамат Сафималиевтің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда өңірде ірі қара мен жылқы басы көбейген. Сонымен қатар шаруалар саннан сапаға көшуге кірісіпті. Мәселен, биыл жыл басынан 111 шаруа қожалығы 349 бас асыл тұқымды бұқа, 7 шаруа қожалығы 150 бас асыл тұқымды қошқар сатып алыпты. Қоғамдық мал, яғни тұрғындардың жеке иеліктеріндегі сиыр табындарына да 119 бас асыл тұқымды бұқа қосылып, ауданда мал тұқымын жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр екен.

-Биыл экспортқа 130 тонна ірі қара етін, 45 тонна қой етін шығару жоспарланған болатын. Күні бүгінге Армения Республикасына 999,46 тонна ірі қара еті (7139 бас) шығарылып, жоспар 768%-ға орындалса, Ресей Федерациясына 79,76 тонна қой еті (3988 бас) экспортталып, жоспар 177%-ды құрады дейді,- Азамат Сафималиев. 

Шаруаларға биылғы жылы күз жайлы тиіп тұр. Соның арқасында мал қыстағына дайындық ойдағыдай болды. Күні бүгін ауылдық округтерде 214,10 мың га шабындық жерден 104,91 мың тонна шөп жиналып алынған. Аудан бойынша жаңадан 31 ауылшаруашылық техникасы алынып, техникалық база 22 пайызға жаңартылдған.

-Аудан шаруашылықтарының дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдау да пайдасын беріп жтыр. Жыл басынан 27 шаруа қожалығы 72 млн 900 мың теңгеге 27 бірлік күн батареясын қондырып, 58 млн 320 мың теңге субсидия алды. 29 шаруа қожалығы 62 млн теңгеге 31 құдық қазып, 49 млн 600 мың теңге көлемінде субсидияға ие болды. Сонымен қатар 48 шаруа қожалығы 28 млн 800 мың теңгеге тұрақты ток тартатын 48 агрегат (генератор) сатып алса, ол қаржының 28 млн 800 мың теңгесі субсидия түрінде кері төленді дейді,- аудан басшысы.

Бұдан бөлек «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша Жәнібек ауданына 200 млн несие қаражат бөлінген екен. Күні бүгін 55 кәсіпкер 165 млн 200 мың теңгесін алып, жоспар 82,6 %-ға орындалған.