Үкімет • 18 Қараша, 2019

Өндірісі өскелең өңір

188 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Асқар Мамин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасының іске асырылуын бақылау мақсатында Кереку өңіріне келді.

Өндірісі өскелең өңір

Премьер-Министр Асқар Мамин алдымен «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу электр стансасында болды. Станса Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы электр энергиясы мен көмір өндірушілердің бірі. Елімізде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы, көмірдің 20 пайызы кәсіпорын еншісінде. «ЕЭК» АҚ Ақсу электр стансасын, «Шығыс» көмір кеніші мен энергетикалық және кен жаб­­дығын жөндеумен айналыса­тын өндірістік жөндеу бөлімшесін бі­ріктіреді. 6 мыңнан аса адам еңбек етуде. Кәсіпорын 2001 жыл­дан бері стансадағы энер­гоблоктарды жаңғырту жұ­мыс­тарын жүргізуде. Асқар Ма­мин стансадағы жаңғыртудан өт­кен, биыл желтоқсан айында пай­да­лануға берілетін №5 энергоблок құрылысымен таныс­ты. Энергоблокты пайдалануға берген­нен кейін стансаның қуаты 2 475 мВт-қа жетпек.

Бұдан кейін А.Мамин өңір­дегі жүйе құраушы келесі кәсіпорын – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытын аралап, цехтардағы балқыту пештерінің жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Жаңғырту жұмыстарынан кейін бұл пештер 2024 жылға қарай феррохром өндірісінің көлемін 87 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл орайда электр энергиясын тұтыну көле­мі 20 пайызға төмендейді. Сон­дай-ақ Ақсу қаласында салы­нып жатқан орталық жылу қазан­дығы мен балалар эко-техно орта­лығын аралап көрді.

Ақсудан кейін Үкімет басшысы облыс орталығындағы «Ком­пания Нефтехим LTD» ЖШС аралап көрді. Өндіріс орны 2014 жылғы желтоқсан айында іске қосылған. Жылына 20 мың тонна эфир, 70 мың тонна полипропилен өндірілсе, 50 мыңдай полипропиленді қап жасалды.

Кәсіпорын заманауи технологияларды қолдануда, суды үнемді пайдалану үшін сумен жабдықтау және айналымдағы суды тазартатын жүйе салынған. Жалпы, кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына 2018 жылы 23,372 миллион теңге көлемінде жұмсалған.

Сондай-ақ Премьер-Ми­нистр «Қазақтелеком» АҚ-ның «Деректерді өңдеу орталығына барды. Орталық деректерді өң­деу­ге және сақтауға арналған озық үлгідегі серверлермен жаб­дықталған. Осы жерде «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қаз­атомөнеркәсіп» ҰАК», «Қаз­Мұ­най­Газ» ҰК», «Қазпошта», «Сәтті Жұлдыз» және «Google», «Wargaming», «Genesis Mining» халықаралық корпорациялары электронды деректерін орналастырып, жүйелеп, резервке сақтап қояды.

Облыс орталығындағы «Ин­вес­тор­лар үйінде» өңірге инвес­ти­циялар тарту жұмыстары таныс­тырылды. Орталықта кәсіп­керлер «Бір терезе» қағидаты бойын­ша қызметтер мен кеңестер ала алады. Мысалы, «Kazakh Invest», «Павлодар» АЭА» басқа­ру­шы компаниясының, «Атаме­кен» өңірлік кәсіпкерлер палата­сы­ның, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорация­сы», «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» және «Да­му» кәсіпкерлікті дамыту қорының» кеңселері бір алаңда жұ­мыс істейді. Осы жерде Үкімет басшысына Екібастұз қаласының индустриялық аймағында қуа­ты жылына 35 мың тоннаны құ­рай­тын техникалық кремний өндіру зауытын салу барысы туралы баян­далды.

Инвестордың мәліметінше, БАӘ Canarax ЖШС жылына 35 мың тонна кремний өнді­ретін болады. Кәсіпорында 380 тұ­рақты жұмыс орны және құры­лыс кезінде 150 жұмыс орны құ­рылады.

 – Біз Италиядан әкелінетін жоғары технологиялар мен заманауи жабдықтарды пайдаланатын боламыз, – деп атап өтті БАӘ инвесторлары. – Біздің за­манауи газ тазалау жүйесі еуро­­палық стандарттар бойын­ша жо­баланған. Су жабық контур­да айналады және зауыт су­ды шығарудың нөлдік жүйесін қол­­дайды. Зауыт қатты қалдық­тар­ды өндірмейді.

«Инвесторлар үйінің» төр­ағасы Александр Бабенконың ай­туын­ша, облыс орталығында тағы бір жаңа зауыт құрылысы бас­тал­мақ. Жоспар бойынша жаңа кәсіп­орын 140 мың тоннаға дейін көкөніс өңдеп, 21 мың тон­на крахмал, 2,8 мың тонна про­теин өндіретін болады. Өңір­де суармалы жерлердің көлемі алдағы жылдары 100 мың гек­тар­ға ұлғайтылмақ.

Ал «Асыл су» суландырудың өңір­лік бағдарламасын жүзе­ге асыруда қытайлық инвестор­лардың көмегі қажет. Сондай-ақ Dalian Zhonghui Irrigation Equipment Co. Ltd жаңбырлату маши­наларын өндіретін зауыт салу­ды ұсынады.

Келесі кезекте Үкімет басшысы құрылысы аяқталып қалған жаңа онкоорталыққа барды.

Облыс әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, 227 орындық онко­ло­гиялық орталық пен ауысымына 100 адам қабылдайтын емхана биыл желтоқсан айының со­ңында ашылмақ. Мұнда 400-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Нысан құры­лы­сын «Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны – 7,2 млрд теңге. Медициналық жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінген.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, мақсат – обыр ауруын емдеудегі жаңа технологияларды енгізу. Обырдың түрлерін емдеу үшін химиялық препараттар ғана емес, заманауи үлгідегі терапия таңдалады. Жаңа орталықта кли­­никалық-диагностикалық зертханалар, реанимация және қар­қынды терапия бөлімшесі орна­ласады. Емхана бөлім­ше­лері­­нің дәрігерлік кабинеттері сәу­лелік, ультра-дыбыстық жә­не магниттік-резонанстық маз­­мұн­дағы қазіргі заманғы диаг­­нос­тикалық аппараттармен, экс­пресс-диагностика үшін биоло­гиялық материал­дарды эндоско­пиялық және анали­ти­калық зерт­теулермен жаб­дық­талады. Жаңа он­кодиспансердің ашылуы өңір­де онкологиялық ауруларды ерте анық­тауға, өлім-жітім көрсет­кі­ші­нің төмендеуіне мүмкіндік бер­мек.

Сондай-ақ Үкімет басшы­сы мұз аренасын, футбол және жа­бық жеңіл атлетика манеждерін, олимпиадалық резервке дайындау орталығын қамтитын «Спорт-Сити» спорт қалашығын аралап көрді. Алдағы жылдары «Спорт Сити» маңында жатақхана да салынбақ.

 Үкімет басшысының назарына Усолка өзеніндегі академиялық ескек есу арнасының жобасы да ұсынылды. Бұл кешендердің құрылысына демеушілер қолдау көрсеткен. Бұл ретте футбол манежі, олимпиадалық резерв дайындау орталығы және мұз сарайына 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал жеңіл атлетика манежі мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында бой көтермек.

 

Павлодар облысы