Парламент • 18 Қараша, 2019

Дамуы даусыз елдің халқы қамсыз

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көрнекті жазушы Саттар Ерубаевтың «Кешегі езілген жарлы – бүгін ауқатты, мәдениетті колхозшы» деп жазғаны болушы еді. Қазір бұл біртүрлі естіліп, езуге күлкі үйіруі мүмкін. Ал шынында, өмір заңдылығы көп өзгере қойған жоқ: кеше аз қамтылған отбасының ізінше ауқаттылар қатарына қосылуы немесе кейбір отбасы «қоғамның осал тобының» қатарын көбейтуі ғажап емес.

Дамуы даусыз  елдің халқы қамсыз

Кез келген жағдайда азаматтар күйзелісте жалғыз қалмайтынын, мемлекет қолұшын созатынын сезінуі тиіс. Бұдан мемлекеттің әлеуметтік қолдауына шын мәнінде мұқтаж жандар тізімінің өзектілігі мәселесі туындайды. Осы орайда Парламент Мә­жілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Гүлшара Әбдіқа­лықованың төрағалығымен Қы­зылорда қаласында көшпелі отырыс ұйымдастырды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру аясында өткен жиында рес­публика бойынша «Отбасының әлеуметтік картасын» енгізу мәселесі жан-жақты қаралды. Сон­дай-ақ әлеуметтік қызметтерді және көмекті көрсетудің инте­гра­цияланған моделін дамыту мә­селелерін шешу жолдары пы­сықталды. Отырыс қорытын­дысында елдегі мұқтаж адамдарға әлеуметтік көмек көрсету тетік­терін жетілдіру бойынша Үкіметке ұсынымдар түзілді.

Айта кету керек, бұған дейін елімізде әрбір қазақстандықтың жағдайы жеке қарастырылатын. Енді жеке адамдардың емес, от­басының ахуалын тұтас бағамдауға жол ашатын «Отбасының әлеу­меттік картасы» жобасы өңірлерде жүзеге асырылуда. 

Бұл жобаның өзектілігі сол, ол елдегі әрбір отбасының қа­зір­гі шынайы мәртебесін дәл анық­тауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелеріндегі автоматтандырылған жедел деректер талданады. Оның нәтижелерін өмірлік қиын жағдайларға тап болғандарға әлеуметтік көмек көрсететін, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтитын органдар мен мемлекеттік ұйымдар пайдаланады. 

Негізі, азаматтардың аз қам­тыл­ған санаттарын әлеуметтік қол­дау тек бүгінде ғана күн тәр­тібінде тұратын мәселе емес, ол әрдайым, барлық заманда өзекті болмақ. Қазақстанда табыс деңгейі ең төменгі күнкөріс шегінен де төмен азаматтар жетерлік.

Бүкіл республика бойынша дәулетті отбасылар үлесі 10,2 па­йызды ғана құрайды. Аз қамтылған халық саны керісінше, өсуде. Кейбір деректер бойынша тұрмыс деңгейі төмен 2 миллион 738,5 мың отбасы бар. Бұл Қазақстандағы барлық отбасы санының 38 па­йызына тең.

Сонымен бірге елімізде әлеу­меттік қамсыздандыру жүйесі тұрақты дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Осы саладағы маңызды заңнамалық актілердің бірі «Мем­лекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заң қабылданды. Осы арқылы ұлттық заңнамада алғаш рет қиын жағдайға душар болғанда мемлекеттік көмек алуға құқығы бар азаматтар санаты анықталды.

Бірақ бұл жүйенің кейбір тетіктері әлі де жетілмеген. Сал­дарынан, бұл сыбайлас жемқорлық және әлеуметтік масыл­дық көріністерінің пайда болуы­на әкеліп соқтырады. Көптеген адам­дар жұмыс істеуге қабілетті бола тұра, оның орнына әртүрлі айла-шар­ғымен осындай көмек ресімдеуге құлшынуда.

«Отбасының әлеуметтік картасын» құру аясында технологиялық тұғырнамаларының әртүрлі бо­луы­на байланысты Ішкі істер ми­нистрлігі мен Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің деректер базасын бірік­­тіруде проблемалар туын­дауда. Үкімет бұл түйткілдің түйіні таяу арада тарқайтынына сен­діреді.

Сонымен қатар бұл мәселеге кеңірек тұрғыда қарау керек. Әңгімені тек жәрдемақыға тірей беруге де болмайды. Халықты уақытша емес, тұрақты, заманауи әрі сапалы жұмыспен қамту қажет. Ол үшін сапалы кадрлар даярлаудың кемел әрі біртұтас жүйесі қалыптасуы шарт.

Әлеуметтік қызметкерлерді даярлауда да мәселе жетерлік. Денсаулық сақтау жүйесінде –
3 850 әлеуметтік қызметкер, білім беру саласында – 4 815 әлеу­мет­тік педагог, ІІМ-де – кәме­летке толмағандар ісі бойын­ша 2 мың­нан аса инспектор бар. Үкіметтік емес ұйымдардың да арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудегі үлесі мардымсыз: жалпы қызмет көр­сету көлемінің бар-жоғы 4,5 пайы­зын құрайды. Халықтың билік қызметіне қанағаттануын қамта­масыз ете алар бұл салада дағ­дару белгілері байқалады. Айта­лық, жоғары оқу орындарында әлеуметтік жұмыс бойын­ша мамандар даярлауға бөлін­ген мемлекеттік білім беру тапсы­ры­сының көлемі келесідей болды:

2016 жылы – 60 грант;

2017 жылы – 122 грант;

2018 жылы – 300 грант;

2019 жылы – 0 грант.

Өмірлік қиын жағдайларда жүрген қазақстандықтарға әлеуметтік көмек көрсетудің сапа­сын арттыру мақсатында әлеу­меттік қызметкерлердің біліктігін тұрақты түрде арттырып отыруды ұйымдастыру қажет. Ал әлеуметтік қызметкерлерді даярлайтын, қайта даярлайтын және олардың біліктілігін арттырумен айналысатын ұйымдар үшін біліктілік талаптары мен критерийлер бекітілуі шарт.

Әлеуметтік қызметкерлерге сондай жүк артқаннан кейін олар­дың еңбекақылары да жоғары бол­ғаны дұрыс. Әйтпесе, ол жұмысқа кім барады? Барғанның өзінде жұ­мыс сапасы қандай болады? Демек жауапты мемлекеттік органдар салада қордаланған мәселелерді әр қырынан зерделеп, жан-жақты шешуге талпынғаны маңызды.

Қалай болғанда да, Қазақстанда бар болғаны 18 миллионнан астам халық қана тұрады. Бұл ірі мемлекеттердегі бір мегаполистің шамасындай ғана. Оларда ха­лықты әлеуметтік қорғау ісін жер­­гілікті мэрияның әлеуметтік бас­қар­масы тындырып отыр. Енде­ше біздің жауапты органдар дамы­ған елдердің осы бағыттағы тәжі­ри­бесін тереңірек зерттегені абзал.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі