Әлем • 18 Қараша, 2019

Тарихтың бағыт-бағдарын өзгерткен дана көшбасшы

587 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев президенттік қызметіне алғаш кіріскен күні экономикасы құлды­рау алдында тұрған мемлекетке басшылық еткен болатын. Елде капитал жетіс­пеуші­лігі, өндірістің тоқырауы, жұмыссыздық пен жоғары инфляция болашаққа сенім­мен қарауға кедергі болғаны белгілі. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тарих сахнасында пайда болған мемлекеттің еркін нарық экономикасы саласында тәжірибесі жоқ еді.

Тарихтың бағыт-бағдарын өзгерткен дана көшбасшы

Нұрсұлтан Назарбаев осындай тығы­рық­тан шығар жол тауып, бірлігі жарас­қан елді, жетістігі мол елдің жаңа тарихын қалып­тастыруға мәжбүр еді. Әртүрлі мәсе­ле төңірегінде туындайтын қиын­дық­тар­ды жеңу үшін білімді де білікті, қыра­ғы да алғыр болуға күш салды. Оның үлгі алатын көшбасшыларының бірі – Түр­кия Рес­публи­касының Тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрік еді. Ататүрік – әскери адам. Түркияны ұлт-азаттық соғысы­нан кейін құр­ған, алайда барлық уақытта бейбіт өмір туралы сөз еткен. «Елде тыныштық – әлемде бей­біт­шілік» дейтін. Сондықтан Түркияның азамат­тары бей­бітшілікті ту еткен Нұрсұлтан Назар­баевтың ұстанған саясатын қолдап, мақтаныш етеді. Оның ұстанған саясатын Ататүріктен қалған мұра ретінде қабылдаймыз.

Нұрсұлтан Назарбаев экономика, сая­сат және әлеуметтік салаларда Қазақ­стан­­ды даму биігіне жеткізіп, жоспарлы және жүйелі қадам­дар жасады. Жолдау­лар, басылымдар мен кітаптар, «Нұрлы жол», «Қазақстан-2030» және «Қазақ­стан-2050» даму стратегиялары, «Ұлы дала­ның жеті қыры» сынды бағ­дар­лама­лары арқылы болашақ ұрпаққа жол ашып, БҰҰ, ЮНЕСКО, Дүниежүзілік банкі, Халық­аралық валюта коры (IMF), ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сын­­ды халықаралық ұйымдармен тығыз қа­рым-қатынас құрды. Осылайша, Қазақ­стан­ды қысқа ғана уақытта әлемге танытып, жаһан­дық деңгейде құрмет тұтатын «Көр­некті мем­ле­кет қайраткер» атанып, ғаламдық бей­біт­шілікті сақтау үшін жасалған тарихи қадам­да­рмен тарихтың бағыт-бағдарына жол көрсетті.

Бедел мен жетістік бастауы

Н.Назарбаевтың «бітімгер», «ғаламдық мәсе­лені шешуші» атты рөлі сөзсіз әртүр­лі салада атқарған қызметтерінің тәжіри­бесі­нен туындайды. Алайда, «Көреген көш­бас­­шы­ның» бітімгерлік қасиетін мыңда­ған жыл бұрын Алтай мәдениетінде сақтал­ған гене­ти­калық кодтан байқауға болады.

Осылайша Елбасының бітімгерлік қа­сиетін, ғаламдық мәселені шешуші қабі­летін мыңдаған жыл бұрынғы ата-бабадан қалған мұра ретінде қабылдаймыз. Алтай даласында ғасырлар бойы тарихта із қал­дыр­ған халықтар тек қана соғысқа қатыс­қан батырлық қасиетімен емес, дипло­матия­лық қасиетімен де ерекшеленеді. Түркі мәде­ниетінің негізі болып саналатын «бір-бірін қол­дап қорғаштайтын бауырмалдық» салты да – ежелгі Алтай мәдениетінің мирасы. Ел­басының «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты ма­қаласында да бұл мәсе­леге назар аударылған.

Көпвекторлы саясат

Елбасының сыртқы саясатта ұстанған көп­векторлы саясаты – Атажұрт мәде­ние­тінде, тарих сахнасында қалу үшін ға­сыр­лар бойы қолданылған дәстүрлі бел­сен­ді ди­п­ло­матиялық мәдениетінің қазіргі нұс­қасы болып саналады.

Қазақстан жерінің үлкендігіне қарамас­тан, елде аралас демографиялық құрылым­ның салдарынан болашағы жайлы күмәнді жора­малдар жасалған мемлекеттің басшысы болып қызметіне кіріскен Елбасы Н.Назар­баевты аз ғана уақытта экономика мен сая­сат салаларында қол жеткізген жетістік­тері­мен тек қана Қазақстанның тағдырын емес, тарихтың бағыт-бағдарын өзгерткен көш­­бас­шы ретінде танимыз.

 Түркітілдес елдердің мемлекет басшылары саммиті

Ұлы Түркі әлемін қалыптастыру мақ­сатында 1992 жылы Елбасының бастамасымен ұйым­дастырылған Түркітілдес елдер мем­лекеттері басшыларының саммиті нәтижесінде 2009 жылы Түркі кеңесі құрылды. Бүгінгі таңда Түркі кеңесі, Түркітілдес елдердің Пар­ла­менттік Ассамблеясы (ТүркПА), ТҮРКСОЙ және Халықаралық Түркі акаде­мия­сы сынды беделді ұйымдар қызмет етіп келеді.

 Стратегиялық ынтымақтастық келісімдері мен экономикалық жетістіктер

2009 жылдың 22 қазанында Н.Ә.Назар­баев Түркиямен Стратегиялық серіктестік ке­лі­сіміне қол қойып, болашаққа қатысты ма­­ңыз­ды мәселелерге назар аударды. Сол кез­­­дегі Елбасы көтерген мәселелер бүгінгі таң­да әлемдік қоғамдастық тарапынан тал­қы­­­ла­нып, күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ Таяу Шы­­ғыс энергетика орталығының талас-тар­тыс­­тары, Сирия дағдарысы, әлемдік сауда соғы­­с­ы және Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» (Бір жол, бір белдеу) сынды мәселелер тілге тиек етілген еді.

Түркия мен Қазақстанның өткен ғасыр­ларда қалыптасқан ортақ тарихы мен мәде­ни құндылықтары арасында жүргіз­ген келісім­дер арқылы қысқа уақытта стратегия­лық серік­тестік деңгейіне айналып отыр.

Түркияның Президенті Режеп Тайип Ердоған 2012 жылы Премьер-министр болған уақытта Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің жұмысы басталып, бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас одан әрі дами түсті.

Түркия Қазақстанды Азия аймағының көшбасшы елдерінің қатарынан көреді. Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастық күннен-күнге дамып келеді.

Елбасы бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына жіті назар аударып отырды. Әсіресе ұшақты атып түсі­ру дағдарысынан кейін орын алған Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қаты­нас кезін­де құлдырау алдында тұрған бай­ланыс Елбасы­ның араласуымен ғана жақсар­ған болатын. Сондай-ақ ол тек екі елді жа­қын­дастырып қана қоймай, Сириядағы дағ­да­рысты шешуде Астана процесін де бас­тап кетті. Соның арқасында Түркия да лаң­кес­терге тойтарыс беруге мүмкіндік тапты.

Әрине Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирия дағдарысын шешудегі рөлін, Түркия­ның лаңкестерге қарсы «Фырат қалқаны» мен «Зәйтүн бұтағы» атты операцияларды жүргізуіне және Астана процесінде Ресей, Иран және Сириямен дөңгелек үстел басында отырып шешім табуына жол ашқанын, Түркия үшін әрі әлемдік бейбітшілік үшін атқарған қызметін тарих алтын әріппен жазатын болады.

«Астана процесі», Нұрсұлтан Назарбаев және Нобель сыйлығы

Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия-Ресей қарым-қатынасын жақсартып, «Астана процесін» жүргізуіне үлес қосуымен қатар Таяу Шығыстағы тарихтың бағыт-бағ­дарын өзгерт­кені, көпполюсті ғаламдық бейбіт­шілік­ке үлес қосып, ғаламдық саясатқа өз­геріс енгізгені мәлім.

Бүгінгі таңда Сирия дағдарысына қатыс­ты барлық жаңалық пен талдауда «Астана процесі» туралы сөз етіледі. Алай­да, «Астана процесінің» не екендігін, оның негізін қалау­шы кім екендігі, қай шарттарда, қалай жүзеге асқандығын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары айта бермейді.

«Астана процесі» тек қана үш мемлекет­ке қатысты емес. «Астана процесі» – Таяу Шығыста орын алған трагедияны тоқ­тату мақсатымен тарихи жағдайды ескере отырып жасалған тарихи қадам және қайрат­кер­лікпен жасақталған жүйе. Адамзат бұл тарихи күресті бір күні міндетті түрде түсінеді. Сол кезде осы процесті бастаған және негізін қалаған Елбасын танитын болады.

Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қаты­насты жақсартқан Түркі әлемінің Ақ­сақалы атанған Елбасының атқарған рөлі бауыр­малдықтан туған деп ойлауыңыз мүм­кін, алайда оның осы кездегі талабы мен талпыныстарын әлемдік тарих пен бейбіт­шілік тұрғысынан саралағанымызда, адамзат тарихына жасалған бейбітшілік қадамы деп бағаланары сөзсіз.

Биыл Бакуде өткен жиында Түркі кеңе­сі­нің Құрметті төрағасы болып сайлан­ған Қазақ­­­станның Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назар­баевқа Нобель сыйлығының берілуі­не мін­детті түрде атсалысуымыз керек. Өйт­кені Қазақстан тәуелсіздігінің ал­­ғаш­­қы жыл­­дарында ядролық полигонды жап­­тырып, ядролық қарудан бас тартып, бей­біт­­ші­лікке негізделген жұмыстарға сеп­тігін тигіз­ген. Сондай-ақ әлемдік дәс­түрлі дін ли­дер­лерінің басын қосқан Елбасы Түркия мен Ресей­ді жақын­дастырып, басқа да мемлекет­тер­дің жақы­ндасуына мұрын­дық болды. Сондықтан біз Елбасыны Нобель сыйлығына лайықты деп білеміз.

Осылайша, 2010 жылы менің қызмет атқарып отырған «Өнже Ватан» газе­тінде «Нұрсұлтан Назарбаевқа Нобель сый­лығын беру керек!» деген акция жүргізіп, әлі де жалғастырып келеміз.

ТАҒЫ ДА АЛҒЫС!

Біздер, Анадолу түріктері ретінде 1920 жылдары Түркияда ұлт-азаттық соғыс­тың жүріп жатқан кезінде мыңдаған шақы­рым қашықтықта «Алыстағы бауыры­ма» деп жырлаған қазақ ақыны Мағ­жан Жұмабаевты, одан жүз жылдан кейін сындарлы саясат жүргізе білген Нұрсұлтан Назар­баевтың бауырмалдығын ешуа­қыт­та ұмытпаймыз. Сол себептен мың да бір алғыс айтамыз!

Кемал САЛЛЫ,

«Өнже Ватан» (Önce Vatan) газетінің тілшісі