Экономика • 19 Қараша, 2019

Арзан жолақы Алматыға ауыр тиіп тұр

238 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда ару қалада қоғамдық автобустармен әр азаматты тасымалдауға кететін шығын көлемі орташа есеппен 250 теңгеден асады екен. Жолаушылардың төлейтін жолақысы – 80 теңге. Яғни, арадағы 170 теңге айырмашылық қала бюджетінен өтеледі. Соған қарамастан Алматы билігі қала ішіндегі бағыттармен жүретін жолақы бағасын бұрынғы қалпында қалдыруға шешім қабылдап отыр.

Арзан жолақы  Алматыға ауыр тиіп тұр

Таяуда қалалық мобильдік басқармасы қоғамдық көліктерге байланысты арнайы брифинг өткізген болатын. Осы жиында айтылғандай, былтыр тасымал­дау­шыларды қолдауға бюджеттен 9 млрд теңгеге жуық бөлініпті. Биыл субсидия мөлшері 20 млрд тең­геге жетпек. Бұл соманың біраз бөлігі қоғамдық көліктер пар­кін жаңартуға жұмсалғанын айта кетейік.

Шаһар әкімдігінің активі Ал­­ма­тыдағы жол жүру құны әлем­­дегі ең арзан баға дегенді шет­елдік емес, отандық сарапшы­лар да жиі айтатынын алға тартады.

– Мәселен, Мадридте бұл көр­­сеткіш біздің ақшамен – 644 теңге, біздегі бағамен салыc­тыр­ғанда 8 есе қымбат. Ал Прага­да­ғы автобус билеті – 386, Мәс­кеу­де – 300, Ригада – 855, Минс­кіде – 117 теңге, – дейді қала­лық мо­бильдік басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Ерлан Әділов.

Біз де шет мемлекеттердегі бір­­қатар ірі қалалардың тәжі­ри­бе­сіне көз жүгіртіп көрейік. Еу­ро­паның кейбір қалаларында жол бойындағы кептелекті азайту үшін қоғамдық көліктерден та­риф алынып тасталған. Айта­лық, Эстонияның көптеген аймақ­тарында жолаушылар тегін жүреді. «Люксембург тек Еуро­пада емес, әлемде қоғамдық көлік­терге тегін жүру мүмкіндігін ұсынған алғашқы қала» деп жазады  «Life Gate» басылымы.

 Люксембургте жалпы саны 115 мың адам тұрады екен. Күн сайын шағын қаламен шамалас мемлекетке сырттан келетін азаматтардың жалпы саны 400 мыңға жуықтайды. Қала билігінің активі бұл шешімді биыл жаз айында қабылдамақ болған.

Бірақ елдің инфрақұрылым министрі Фран­­суа Бауш тегін жүруге мүм­­­кіндік беретін шешімді 2020 жыл­дың наурыз айына шеге­ріпті. 2019 жылдан бастап 20 жас­тан асқан тұрғындардың бәрі қоғамдық көліктермен тегін жүре бастаған.

Е.Әділовтің айтуынша, Алматы билігі тек қана жеңілдетілген жолақыны субсидиялау үшін жыл сайын қазынадан 4 млрд теңге бөледі. Ол брифинг барысында ару қаладағы ахуалды суреттеу үшін Нью-Йорктегі қоғамдық көліктердің жайын тілге тиек етті.

– Алматы метросындағы билет – 80 теңге. Салыстыру үшін айтсақ, Нью-Йоркте бұл баға – 1000 теңге, Мәскеуде – 300 теңге, – дейді ол.

Ал сарапшылар Алматы метросындағы жолақыны Нью-Йорк немесе Мәскеумен салыстырудың қисыны жоқ екенін айтады. Транскоммуникация саласының сарапшысы Эльдар Ильин Алматы әкімдігі өкілінің назарына ілінген қалалардағы біздегі бағамен айырмашылықтарын былай деп түсіндіріп берді:

– Үш таспалы, ұзындығы 36,2 шақырым болатын Ташкент метрополитенінде 29 станса, Нью-Йорк метрополитенінде – 422, ал Мәскеуде – 222 станса бар. Бар-жоғы 9 стансадан тұратын Алматымен салыстырғанда алдыңғы екі елдің метропо­литенінің үлкен табыспен жұмыс істей бастағанына талай уақыт болған. Демек, АҚШ пен Ресейге метроның жол құнын 1000 немесе 300 теңге емес, 100 немесе 30 теңгеге түсірсе де бюджетке салмақ түспейді. Бұл қалалардағы метрополитен керісінше бюджет донорының міндетін атқарып отыр. Алматы метросы, қазіргідей 9 емес, 100 стансадан асқан кезде ғана табыс әкеле бастауы мүмкін. Сонда ғана ол қала бюджеті донорларының қатарын толықтыра алады. Оған дейін қала билігі оның барлық шығынын көтеруі керек. Оған жұртшылықтың назарын жиі аудара берудің қажеті жоқ.

Қалалық тиісті басқарманың өкілі Е.Әді­лов келтірген дерекке сүйенсек, Алматы метросына жыл сайын 14 млн жолаушы мінеді. Биыл ғана метроға мінгендердің саны 12,9 млн адамға жетіпті. Алтынсарин мен Момышұлы көшелерінің арасын жалғайтын қосымша стансалар 2021 жылы пайдалануға беріледі. «Қалқаман» мен «Батыс автобекеті» стансасын қаржыландыру мәселесі жақында шешілді. Демек, метрополитеннің қамту аумағы ұзарған сайын оның шығыны да азая беруге тиіс.

– «Оңай» жүйесі алғаш іске қосылған кезде ерінбегеннің бәрі сынағаны есімізде. Қолма-қол төлемнің көлеңкелі тұстары көп екені әу бастан белгілі болатын. «Оңай» жолаушыларды тасымалдау саласы айналымындағы қаржының 40 пайызын көлеңкеден шығарып, кірісті 65 пайызға арттырды. 2019 жылы «Көлік холдинг» компаниясы терминалдарды жаңартуға, қызмет түрін әртараптандыруға 280 млн теңге жұмсады, – дейді Е.Әділов.

Жиын барысында белгілі болғандай, кейбір әлеуметтік маңызы бар бағыттарға ғана субсидия беріліп, қалғандары таза табыспен жұмыс істеуге бағыт алған.

Алдын ала зерттеулер көрсеткендей, Алматыдағы жол-көлік қозғалысында сағат таңертеңгі 7 мен 9, кешкі 6-7 арасы жолаушылардың ең көп жүретін уақыты болып есептеледі. Ал транзакция бойынша жасалған төлемдер соған сәйкес емес. Қала басшыларының «жолаушылардың 30 па­йызы ақша төлемей, тегін жүруге тырысады» деген қорытындыға келуіне осы фактор себеп болыпты.

Алматының LRT жобасының да күдікпен қарайтын тұстары бар. «Метроның құрылысын аяқтамай жатып, келесі жобаға кірісудің не қажеті бар?» деген сауал да жиі көтеріледі. Сарапшы Э.Ильин LRT жобасының құны (520 млн АҚШ доллары) тым қымбат екенін, бұл қаржыға 22,7 шақырым жеңіл рельсті трамвай желісін салмай, Алматы метрополитенін әуежайдан бастап, «Алтын орда» базарына дейін созып алған әлдеқайда тиімді екенін айтады. Қазіргідей қаржылық тапшылық белең алып тұрған кезде метро мен LRT сияқты екі бірдей жобаны қатар алып жүру Алматының қалтасына ауыр тиеді. Қала бюджеті алғашқы онжылдықтарда LRT жобасына берілген не­сиенің негізгі сомасын емес, оның ­па­йызын­ да қайтарады. Қаржыландыру көзі шетелдік қаржы ұйымы болғандықтан, несие тек доллармен төленетіні белгілі. Мұндай жағдайда жолаушылар тасымалы деңгейі төмен болса, оның тәуекелін мемлекет көтереді. Дәл қазір жаңа жобаларды қолға алу емес, бұған дейін басталған жобаларды соңына дейін жеткізу маңызды.

«Алматыэлектротранс» ЖШС дирек­торы Ғани Тәжиев осы жиында LRT құры­лысының кезеңдері туралы ег­жей-тегжейлі айтып, пайдалануға беру мер­зімі 2022 жылдан 2023 жылға ауыстырылғанын түсіндірді. «Биыл бас­талады» делінген жобаның кейінгі жыл­дарға жылжуының салмақты себебі тарап­тар­дың жауапкершілігін тағы бір айқындап алу қажеттігінен туындапты. Жобаның 50 пайызын жүзеге асыруды жауапкершілігіне алған жеке сектордың міндетіне LRT жобасы жүйелерінің құрылысы мен жылжымалы құрамға қызмет көрсету кіреді. Құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталғаннан кейін жобаға қос тарап жауап береді. Осыдан соң LRT қала әкімдігінің қарауына өтеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары аясында болған кездесуде «трамвайларды жою қайшы шешім болғанын» айтып, Қаскелең мен Талғардың арасын трамвай желісі арқылы жалғау қажеттігін ұсынған болатын. «Алматыэлектротранс» ЖШС директоры Ғани Тәжиев мұндай жоспар Алматының  күн тәртібінде қарастырылмағанын, қала сыртына қатынайтын автобустарға иек артатынымызды айтты. Мемлекет басшысы айтқан трамвай желісінің жобасы дәл қазір қаланың бюджетіне ауыр тиетін көрінеді.

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар