Қазақстан • 19 Қараша, 2019

Елордада 1200 орынға арналған мектеп салынады

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18 қарашада елорда әкімдігі, Бахрейн Патшалығының Патшалық қайырымдылық қоры және «Нұрлы Астана» Корпоративтік қоры арасында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында мектеп құрылысының жобасын жүзеге асыру туралы үшжақты Меморандумға қол қойылды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Елордада 1200 орынға арналған мектеп салынады

Меморандумға сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында 1200 орынға арналған мектеп тұрғызылады. Мектептің құрылыс жұмыстарын «Нұрлы Астана»  Корпоративтік қоры Бахрейн Патшалығының Патшалық қайырымдылық қорының қаржыландыруы есебінен жүзеге асыру жоспарланған.

Құрылыс аяқталғаннан кейін мектеп қаланың коммуналдық меншігіне өтеді. Алдын ала жасалған жоспар бойынша мектеп құрылысы 2021 жылы аяқталады.

Сонымен қатар бұл жоба құрылысы аяқталғанда мектеп ұжымына 100 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған шара қала әкімінің орынбасары Малика Бектурова мен «Royal Charity Organization» бас хатшысы Доктора Мустафа Аль Саед және «Нұрлы Астана»  Корпоративтік қоры директоры Шахмардан Жанбосыновтың қатысуымен өтті.

Араб мемлекеттерінің қаржыландыруымен мемлекеттік мектептер салудың тәжірибесі бұрыннан бар.  Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар мемлекетінің қаржыландыруы есебінен салынған  мектептер сәтті жұмыс істеп жатыр (2018 оқу жылынан бастап № 85 лицей мектебі және 2017 оқу жылынан бастап № 84 мектеп).