Редакцияға ҚазМУ-дың журфагінің V курсында практикадан өтуге келіп, әртүрлі тақырыпта мақалалар жаздым. Кейбір мақалаларым өзектілігімен ұнап, оқырмандар мені редакцияға іздеп келе бастады. Сол кездегі бас редактор Көрік Дүйсеев менің осы қабілетімді байқап қалған болса керек, әрі жастарды қолдау ниетімен әлі диплом алмаған студент болсам да мені бірден жарты ставкаға тілшілік қызметке алды. Қалам ұстаған ағайын біледі, республикалық үлкен басылымға журналистік тәжірибе жинақтамай, жұмысқа қабылдану ол уақытта өңің түгілі түсіңе де кірмейтін арман болатын. Алайда кейде осындай ерекше шешім қабылданатынына куә болдым. Әлбетте, алдыңнан жақсы адамдар жолықса, олар кәсіби деңгейіңді қаламыңның ұшынан бағалап, сенім артып, өз бойындағы асыл қасиеттерімен адамшылықтың үлкен мектебін танытады.
Мен осындай асыл ағаларымның кәсіби мектебінен өткеніме өзімді өте бақытты санаймын. Газетте Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин бас редактор болған тұста осындай алаштың айтулы азаматтарының қол астында қызмет атқардым. Бұл кісілердің әрқайсысы таудай тұлға, әрқайсысы бір-бір мектеп. Олардан журналистикадан бір бөлек, өмірлік азық боларлық үлгілі үрдістерді үйрендім. Дарын қуаты мол редакторлардың үлкен ұжымды, журналистерді кәсіби тұрғыдан қалай басқарғанын көрдім. Мықтылардың мектебінен өткен шәкірт болу бір ғанибет. Олар жастарға шынайы қамқорлық қылуды мұрат тұтты. Сол асқар таудай қайран ағалардың артында кейінгілерге мирас болып таңдаулы шығармаларымен қатар өшпес өнегелері қалды. Ұмытылмас асыл мінездің, тектіліктің үлгісіндей, шамшырақтай еді-ау шетінен. Асыл ағаларымның маған тигізген шарапаттары мол болды. Жақсыларға жанаса жүрудің өзі бір береке, несібе деуге болар. Аталы сөздерін тыңдап, ақыл-парасатына риза болып, болмасаң да ұқсап баққызатын қасиет дарыған тұлғалар емес пе!
Осы бас редакторларымның ішінен Көрік Құндызбайұлының газет басшысы ретіндегі қасиеттерін зор құрметпен еске аламын. Ол бас редактор болып қазақ үшін қиын кезеңде –1986 жылғы Кеңес Одағын дүр сілкіндірген әйгілі Желтоқсан оқиғасынан соң 1987 жылдың қаңтар айында келді. Қазақстан Республикасының басшылығына Колбиннің келген беті, қазақ халқына ұлтшылдық қара таңбасы басылған, жастарымызды қудалаған заман. Осындай өлара кезеңде жұрттың көкейінде «Мына кісіні газетке неге алып келді? Жоғары жақтың адамы ғой» деген дүдәмал ой тұрғаны да жасырын емес еді. Өйткені, К.Дүйсеев бас редактор болып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің марапаттау бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметінен келген еді. Көрік аға мамандығы бойынша журналист болса да, газетте көп жұмыс істемеген, ұзақ жылдар комсомол, партия органдарында қызмет еткендіктен, жоғарының нұсқауынан шыға алмайтын жан ба екен деген күдік болғаны рас.Ол саясат жағын терең біле тұра, кәсіби журналистік білімін көрсетіп, бірден газеттің жұмысына белсене араласып кетті. Орталық Комитеттен келген сықиған шенеунік, қасаң нұсқаушы, жалтаңкөз жалаң орындаушы емес, парасатты, кісілігі мол, білікті басшы екенін ұққан соң ұзамай жұрттың көңіліне ұялаған секем алу тау басын шалған соқыр тұмандай тарқап кетті. Бас редактор Көрік Дүйсеев қазақ халқы ұлтшыл деген қаралау мақалалар бергізген жоқ, ел мүддесін бәрінен биік қойды. Бейнелі тілмен айтқанда, бұл кісі «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» қиын кезеңнен алып шықты.
Көрік Дүйсеев жаратылысы әділ адам болатын. Ол 1987 жылдың басынан 1989 жылдың аяғына дейін осы газетті басқарғанда өзінің адалдығын анық көрсетті. Көрік Құндызбайұлының басшы ретіндегі ерекшелігі қандай болды десек, жан-жүрегі қазағым деп соғатын азамат жоғары жақ пен халықтың арасына алтын көпір сала білді. Үкіметке де толқымалы сәтте саясаткер, әрі журналист адам керек болғаны анық. Көрік аға таразы басын тең ұстады. Ол кісі бас басылым бетінде «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты айдар ашты. Атының өзінен көрініп тұрғандай, бұл дүниелер газетке жаңа серпін берді. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты арыстардың есімі жабылған жаладан аршыла бастаған, біртуар текті ұлдарының ардақты есімдері мен елі үшін істеген қызметтері қазаққа қайтарыла бастаған кезеңнің басын «Ақтаңдақтар ақиқаты» мақалалар шоғыры бастағанына дау жоқ.
Газетке жаңа толқын жастарды тартты. Соның бір куәсі жас толқын, жас буынға зор сенім артып, қызыл дипломмен келген мені бірден тілші қылып қойды. «Партия тұрмысы» бөліміне алды, бұл расында қиын бөлім болатын. Газеттің мәртебесін көтеруге атсалыстың деп мені кейде бас редактор мақтап, мерейімді асырып қоятын. Сосын «Совет құрылысы» бөліміне ауыстырды.
Қорыта айтқанда, Көрік Дүйсеев бас редактор болған тұста Желтоқсан ызғарынан кейін, КОКП Орталық Комитеті саяси бюросының қазақ халқын ұлтшыл деген тұжырымның алып тасталуына «Социалистік Қазақстан» газетінің оң әсері ерекше болды.
Гүлсім ЕҢСЕПОВА,
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, филология ғылымдарының кандидаты