Кино • 20 Қараша, 2019

«Қазбат» көркем фильмі көрерменге жол тартады

1956 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

21 қараша күні сағат 19.30-да Қазмедиа орталығының киноконцерт залында шынайы оқиғаға негізделген «Қазбат» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтеді. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.  

«Қазбат» көркем фильмі көрерменге жол тартады

Фильм Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында, 1995 жылы көктемде бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндайды. 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауына түсіп қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланған еді. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Алайда, қазақстандық жауынгерлер жойқын тойтарыс беріп, бес сағаттық қарулы қақтығыстан кейін шабуылшылар кері шегінуге мәжбүр болды.    

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екісіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі қаза болған соң берілді. Сондай-ақ батыр боздақтың бәріне Ресей тарапынан да «За отличие в службе» медалі қаза болған соң берілді.   

Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде  монумент тұрғызылды. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Отан-Ана» монументі жанынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған, сонымен қатар, Шымкент, Петропавл және басқа қалаларда батырларға ескерткіштер қойылған.   

Фильмнің идеясын ұсынған – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылыков, бас продюсері – Данияр Ибрагимов, қоюшы режиссері – Асқар Ұзабаев, қоюшы бас операторы – Максим Задарновский.

Фильмді «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның қолдауымен түсірген.

Фильмде танымал, талантты актерлер – Дәурен Серғазин және Ринат Дошибеков, жас актерлер – Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы ойнайды.

Көркем фильм 21 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.