Руханият • 21 Қараша, 2019

Абай тойы тағылымды шаралармен есте қалуы тиіс

981 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен әңгіме

Абай тойы тағылымды шаралармен есте қалуы тиіс

Абай тойы – елдік тойы

– Даниал Кенжетайұлы, ең әуелі уақытыңыздың тығыз­ды­ғына қарамастан сұхбат бе­руге келіскеніңізге алғыс біл­діреміз. 2020 жыл – еліміз үшін ерекше жыл, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Өңірде үлкен мерейтойға әзірлік қалай жүріп жатыр? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Расында, алдағы жыл облысымыз үшін ғана емес, еліміз үшін де мерейлі даталарға толы жыл. Әрине «тас түскен жеріне ауыр» демекші халқымыздың дара перзенті, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге туған топы­рағы үлкен жауапкершілікпен әзірленіп жатқаны айтпаса да түсінікті болар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында облысымызға жұмыс сапарымен келгенде ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажеттігін, тарихи датаны тұтас ел болып, ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде атап өту керектігін, ақын мұрасын жастардың санасына сіңіру, ой-толғамдарын кеңінен дәріптеудің маңызы зор екендігін айтқан болатын. Одан кейін көп уақыт өтпей Мемлекет басшысының «Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуын мерекелеу туралы» Жарлығы шығып, ақын мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Облысымызда Президент Жарлығын жүзеге асыру мақсатында арнайы тұжы­рымдама мен аймақтық іс-шаралар жоспары әзірленіп, іс-шараларды дайындау және өткізу жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылды. Оның құрамына тарихшылар, абай­танушылар, ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер енді.

Жоспарға енген іс-шаралар кешенінің негізгі мақсаты – Абай­дың көпқырлы философиялық жә­не шығармашылық мұрасын жан-жақты ашу арқылы әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның көп­ұлтты тәуелсіз мемлекет ре­тінде гу­манизмнің, бейбіт­шіліктің, достық пен жасампаз­дықтың жоғары идеал­дарына адал­дығын көрсету. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан жи­ырма бес жыл бұрын айтқан:     «...Абай халқымыздың адал да ашық пейілін айқын көрсете отырып, әлем халқын бейбітшілік пен келісімге шақырған...» деген сөздері қазір де аса өзекті. Осы ретте алдағы жылдың поэтикалық негізгі ұраны ретінде Абайдың қара сөздерінің ішіндегі: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» келетін дәйек­сөзін белгілеуді ұсынамыз. Абай тойы тағылымды шаралармен есте қалуы тиіс. Сондықтан да білім, ғылым, өнер, әдебиет, спорт және туризм салаларына бағытталған іс-шаралар кешені ақын бабамыздың дәл осы рухани өсиетін негізге алғаны жөн.

«Абайтану» кабинеттері ашылады

– Сонда ақын мерейтойы өңірде бір емес, бірнеше саланы қамтиды ғой.

– Иә. Мәселен, білім саласында мынадай ауқымды іс-шаралар кешені жоспарланған. Соның бірі – Қарауыл ауылындағы ұлы ақынның аты берілетін 300 орындық жаңа мектептің құры­лысы. Екіншіден, осы жылдың соңына дейін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерт­теу инс­ти­туттарының абайтанушы ға­лымдарын тарта отырып, облыс­тың мектептері мен кол­ледждеріне арналған «Абайтану» курсы бо­йынша авторлық өңірлік бағ­дарлама мен оқу-әдістемелік кеше­ні әзірленеді. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Абай­тану» элективті курсы 2020 жылдың қаңтарынан бастап мек­теп­тердің 5-8 сыныптарына және облыстың екі педагогикалық колледжіне енгізіледі. Бұл шамамен 75 мыңнан астам адамды қамтиды.

Сонымен қатар келесі жыл­дың қыркүйегіне дейін 277 толық ком­плектілі мектеп пен екі педа­гогикалық колледжде материалдық-техникалық базасы жабдықталған «Абайтану» кабинеттерін ашу жоспарда бар. Алдағы жылдың сәуір айында Абайдың шығармаларын насихаттау мақсатында мектеп оқушылары мен колледждер, жоғары оқу орындары студенттері арасында облыстық IT-хакатон өткізу жоспарланған. Мәдениет саласында Кембридж университетімен (Ұлыбритания) үш ай бойы (26 мамырдан 16 тамызға дейін) «Ұлы дала алтыны» көшпелі архео­ло­гиялық көрмесін өткізу бо­йын­­ша келісімге келдік. Көрме ай­мақтың археология саласында бес жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ұсы­натын болады. Бұл көрменің бір бөлімі ретінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» экспозициясы таныстырылады. Көрме шеңберінде сирек кітаптар қорының, оның ішінде Абайдың латын графикасындағы шығармалары көрсетілмек.

Ал тамыз айында ақынның туған жерінде танымал шетелдік және отандық қылқалам шеберлерінің қатысуымен «Абай – ұлы ойшыл» тақырыбында суретшілердің дәстүрлі халықаралық пленэрі өтеді. Абайдың 175 жылдық ме­­рей­тойы қарсаңында Семей қала­сында классикалық музыка орындаушыларының дәстүрлі «Ақ Ертіс» халықаралық фестиваль-байқауы ұйымдастырылады. Өңі­ріміздің жазушылары мен ақын­дарының әдеби мұрасын насихаттайтын «Абай әлемі» кітап­тар топтамасын шығару жалға­сады. Жалпы, мерейтой аясында өңірімізде ұзын саны 560 іс-шара өткізу жоспарланған. Мұның 24-і – халықаралық (Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Польша, Қытай), 21-і – республикалық, 515-і облыстық деңгейде ұйымдастырылатын шаралар.

– Бәрекелді! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көктем­дегі жұмыс сапарында Семейде зиялы қауым өкілдерімен кез­дес­кенде: «Ұлы Абайды ұлық­тағанда оның әкесі Құнан­бай­дың ел тарихындағы еңбе­гін ұмыт­­пауымыз қажет. Ол – Се­мейде ғана емес, тұтас қа­зақ та­рихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады. Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­­ламасын жү­зеге асыру үшін біз, шын мә­нінде, осындай сабақтастық дәс­түріне жол аша­­тын бірегей бас­тамалар­ды қолға алуымыз керек» деп облыс әкімдігіне Құнан­бай есімін ұлықтауға бай­ланысты тиісті шараларды жү­зеге асыруды тап­сырған еді. Осы орайда қандай жұмыстар қолға алынды?

– Әрине ұлы ақынның әкесі Құнанбай есімі облыс қана емес, ел көлемінде ұлықталса да ар­тық болмайды деп ойлаймын. Өзім Ақшоқыға арнайы барып, Құнанбай қорымының жағдайын көрдім. Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы орналасқан Ақшоқы мен ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақты абаттандыру жұмыстарын бастап та кеттік. Үлкен мерейтой қар­саңында Жидебай-Бөрілі және Сырт Қасқабұлақ кешендеріне апаратын жолдарды жөндеп, асфальттау жоспарланып отыр. Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылындағы жолдарды жөндеуге, елді мекенді жарықтандыруға, саябақтарды абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінеді.

Семей қаласындағы Абай атындағы театр және ақын есімін иеленген облыстық әмбебап кі­­тапхананың ғимараттарына жөн­­­деу жұмыстарын жүргізуді де жоспарға енгіздік. Ал Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған негізгі іс-шаралар ақын туған топырақ Абай ауданындағы Қарауылтөбеде өтеді, онда тақы­рыптық экспозициялармен көм­керілген 250-ден астам киіз үй тігіледі. Мерейтойға келуші қо­нақтарға белгілі мәдениет жә­не өнер қайраткерлерінің қаты­суымен театр қойылымдары, кон­церттер ұсынылады, ұлттық ойындар ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Күршімдегі көпір құрылысы қашан басталады?

– Ұлы Абай, шалқар Шә­кәрім, мұхит Мұхтар дүниеге келген Семей өңірін әрдайым н­а­зарда ұстайтыныңызды біле­міз. Шаһарда Қарағайлы деп ата­­­латын шағын аудан салынып, бірнеше тұрғын үй жұрт игі­­­лі­гіне берілді. Осы шағын аудан жа­­йында кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Семей – еліміздің мәдени жә­не рухани өмірінде өзіндік орны бар өзгеше шаһар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масы бойын­ша Үкімет тұрғын үй құ­­­ры­лысы, әлеуметтік, көлік, ин­­­­же­нер­­­лік-коммуникациялық ин­­­­фра­құрылымды дамыту мәсе­ле­лерін шешуге бағытталған Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын қабылдады. Бұл мақсатқа бұрын-соңды болмаған сома 260 млрд теңге, оның ішінде 76 млрд теңге бюджеттен тыс қаражат көз­дері қарастырылмақ. Осылайша осы бағдарлама шеңберінде тұр­ғын үй құрылысына және инже­нерлік-коммуникациялық ин­фра­құрылымға 5 жыл ішінде 112,8 млрд теңге бөлінеді. Біз, әри­­­не «Қарағайлы» жаңа ша­ғын ауда­нының құрылысын жалғас­тырамыз. Осы аудандағы халық саны 2025 жылға қарай 25 мыңнан асады деп күтілуде. Жаңа шағын ауданда 720 оқушыға арналған физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, 320 орындық балабақша есігін аш­ты. 20 көпқабатты үй салынып, пай­далануға берілді. Бес мың орын­дық әлемдік деңгейдегі спорт кеше­нінің құрылысы аяқталуға жақын.

– Бұқтырма су қоймасы ар­­­қылы көпір салу мәселесін Шы­­ғысқа әкім болып келгеннен бе­рі үнемі көтеріп келесіз. Бір­не­ше ел­дің инвесторларымен келіс­сөз жүр­гіздіңіз. Жақында бұл мәселеге Мемлекет басшы­сы­ның өзі назар аударып, Үкі­мет­ке тапсырма бергені белгілі. Кө­пір құрылысы қашан бас­талуы мүмкін?

– Шынында да, Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу мәселесі ұзақ жылдар бойы тал­­­­қылануда. Бұл тек Күр­шім ауда­нының әлеуметтік-экономи­калық дамуы тұрғысынан ғана емес, жалпы облыстың туристік әлеуетін арттыру тұрғысында да аса ма­ңызды. Қазіргі таңда көпірдің жо­басы әзірленді, жобалық-сме­талық құжаттама дайы­н және мем­­­лекеттік сараптаманың оң қо­рытындысы алынды. Көпір ені 13, ұзындығы 1300 метр екі автомобиль жолағынан тұрады. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлінеді. Құрылысты 2022 жылға қарай аяқтау жоспарлануда.

 20 мыңнан астам құнды жәдігер табылды

– Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанның археология саласында елді елең еткізген сен­сациялық жаңалықтар көп бол­ды. Елеке сазынан Алтын адам, Ақбауыр маңынан сақ қоны­сы табылды. Осы бағыт­тағы жұмыстар жалғасын таба ма?

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау қажеттігі туралы үндеуіне Шығыс Қазақстан алғашқылардың бірі болып үн қосты. 2016 жылы об­лысымыздың археология са­ла­­сындағы ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын дамытудың ұзақ мер­зімді бағдарламасы әзірленді. Белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев жүргізген зерттеулердің қоры­тындысы бойынша ежелгі тарихтан сыр шертетін 20 мыңнан астам құнды жәдігерлер табылды. Шілікті қорымы мен Елеке сазынан табылған Алтын адамдардың сырт келбетін ғылыми негізде қайта қалпына келтіру – археологтардың қол жеткізген үлкен жетістігі. Елеке Сазы қорымындағы қазба жұмыстары атақты адамдардың киген киімдері мен қару-жарағының барлық элементтерін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұл – ең көне сақ дәуірі мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігер. Облыс тұрғындары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда алтыннан жа­салған бірегей артефактілерді бірнеше мәрте тамашалады. Осы құнды жәдігерлерді біз алғаш рет Мәскеуде жұрт назарына ұсындық. «Ұлы дала алтыны» көрмесі ағымдағы жылдың наурыз айында Ресейдің қазіргі заман тарихының Мемлекеттік Орталық мұражайында өтті. Көрмеге шамамен 7 мың адам қатысты. Ал қазір Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында ауқымды көрмеге дайындық жүріп жатыр. Ежелгі бірегей ескерт­кіштерді қазу жұмыстары жалғасады. Алдағы жылдары құрылысы жоспарланып отырған жаңа археология мұражайының төрінен орын аларлықтай қызықты олжалар табылады деп сенемін.

– Облыстың медицина саласында да ауқымды жұмыстар қол­ға алынды. Өңірдегі емханалар заманауи техникалармен жабдықталды, дәрігерлеріміз шетелде біліктіліктерін арттырып қайтты. Өскеменде елімізде жоқ роботтандырылған хирургия орталығы ашылды. Осы шаралар аймақ тұрғындарының ден­саулығын жақсартуға қан­ша­лықты әсер етті деп ойлайсыз?

– Шығыс Қазақстанның медицина саласы дәл қазіргі уақытта болашақта айтулы оқиғалар ретінде тарихта қалатын өзгерістерді бас­тан кешіп жатқанына сенімдімін. Адам өмірінің сапасы, ең алдымен, оның денсаулығымен анық­талады. Сондықтан да облыста денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінуде. Облыста денсаулық сақтаудың тиімділігін арттыру бағдарламасы қабылданған. Бағдарлама медицина қызметкерлерін әлемнің жетекші клиникаларында және елдің ғылыми орталықтарында даяр­лау және қайта даярлау, халық­аралық стандарттар бойынша клиникаларды жаңғырту және жаб­дықтармен жарақтандыру, маман­дандырылған жоғары техно­логиялық орталықтарды, жетек­ші республикалық ғылыми орталықтардың филиалдарын құру, JCI медициналық көмек көр­сету сапасының халықаралық алтын стандартына көшу және цифр­ландыру секілді 5 бағытты қамтыды.

2016-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру өңір медицинасына тың серпін берді. Облыстың жетекші клиникалары базасында бірегей ғылыми және медициналық орталықтар ашылды. Кадрларды даярлаудың 3 дең­гейлі бағдарламасы шеңберінде 5511 дәрігер, оның ішінде басым бағыттар бойынша шетелде 276 дәрігер қайта даярлаудан өтті. Үш жылда облыс клиникаларын әлемдік орташа стандарттарға кел­тіру үшін медициналық жабдық­тармен жарақтандыруға 22,3 млрд теңге қаражат инвестицияланды. Бұл өз кезегінде жоғары технологиялы жабдықтардың көлемін екі жарым есеге арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде облыста 120 мыңнан астам бұрын жасалмаған операциялар жүзеге асырылып, диагностикалық рәсімдер енгізілді.

Біз облыстың 1,5 миллио­н тұрғыны әлемдік деңгейде меди­ци­налық көмек ала алатын жағ­дайға қол жеткіздік. Бүгін­гі кү­ні жұмсалған уақыт, төгіл­ген тер ақталды деп сеніммен ай­туға болады. Мәселен, 2018 жы­лы Өскемендегі облыстық ме­­дицина орталығы базасында Робот­тандырылған хирургия, ан­гиохирургия және трансплантология орталығы ашылды. Орталық заманауи жоғары технологиялы жабдықтармен жаб­дықталған, оның жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Бұл жабдықтармен жұмыс істеу үшін дәрігерлер қазақстандық және шетелдік клиникаларда білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырды. Жаңа медициналық мекеме жұмысы басталғаннан бері 2173 күрделі аз инвазивті операциялар жүргізілді. Семей қаласындағы Жедел меди­циналық көмек ауруханасы базасында политравма және ортопедия орталығы және соңғы технологиямен жабдықталған алғашқы нейрохирургиялық гибридті операциялық орталығы ашылды.

Шекаралық аудандардың 5 жылдық бағдарламасы

– Өзіңіздің бастамаңызбен «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында 2018 жылы «Ме­нің мектебім» жобасы қолға алы­нып, облыстағы барлық мек­­тепте IT-сыныптар ашылды. Бұл жобаның ерекшелігі неде?

– 2017 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі кезеңнен тұратын «Менің мектебім» кең ауқымды өңірлік жобасы жүзеге асырылуда. 2018 жылы жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде аймақтың бизнес өкілдері және кәсіпорындары физика, химия, биология және роботтехника бойынша 476 жаңа модификациялы кабинет сатып алуға өз үлестерін қосты. Мұндай материалдық база бізге Nur Otan партиясы бастамасымен қолға алынған ІТ-сыныптарын ашу бойынша бірегей жобаны жүзеге асыруда республикада көшбасшы болуға мүмкіндік берді.

Айта кету керек, 3-11 сынып оқушыларына арналған бағдар­ламалау және роботтехника не­гіздеріне оқытудың модульдік бағдарламасы қосымша қаржы шығындарынсыз облысымыздың жетекші мамандары көмегімен әзірленіп, Білім және ғылым ми­нис­трлігі тарапынан мақұл­данды. Екі жыл ішінде бағдар­ламалау, роботтехника және мехатроника бағдарламалары бойын­ша 1127 мұғалім арнайы курс­тан өтіп, оларға «IT маманы» дә­ре­жесі берілді. Жобаның екінші кезеңінде 378 шағын жинақты мектепті жабдықтау және ІТ-сыныптағы 573 мұғалімді оқыту жоспарланған. 900 млн теңгеге 3000-ға жуық жаңа компьютерлік техника және 500 интерактивті панель сатып алынды.

Ерекше атап өтерлігі, бұл жо­ба біз күткендегіден де жоғары нәтиже берді. Сондықтан біз ІТ-сыныптарда тереңдетілген оқыту бағдарламасын енгізу туралы шешім қабылдадық. Ағымдағы жылдың қазан айында 277 толық жиынтықты мектеп мұғалімдері тереңдетілген бағдарлама бойынша қосымша курстық дайындықтан өтті және екінші тоқсаннан бастап оқу бағдарламасы 5-11 сыныптарға енгізілді. 2020 жылы біз бұл бағ­дар­ламаны шағын жинақты мектептерде енгіземіз. Осылайша біз ауыл және қала мектептері ара­сындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарттық.

– Өзіңіз жақында ғана Күр­шім-Марқакөл өңірінің ақса­қалдарымен арнайы кездестіңіз. Кездесуде марқакөлдік ақса­қал­дар Марқакөл ауданын қай­­та құру жайында ұсыныс ай­тыпты. Бұл тараптағы сіздің ойыңыз қандай? Шекаралық ай­­мақ­тардағы бұрын тарап кеткен Марқакөл, Катонқарағай, Ақ­жар, Мақаншы аудандарын қайта құру дұрыс па? Әлде бұл мә­се­лені шешудің басқа да жолдары бар ма?

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақында берген сұхба­тының бірінде халықтың үлкен қалаларға қоныс аударуы табиғи үдеріс екендігін атап өткен болатын. Біздің елімізге де бұл үрдіс жат емес. Осы ретте тек ше­каралық аудандардағы ғана емес, жалпы ауылдық жер­лер­дегі халық санының азаюын заң­ды құбылыс деп есептеймін. Сон­дықтан ақсақалдар айтқандай, жа­былған ауданды қайта құру – өте күрделі мәселе. Бұрын жабылған аудандардың мәртебесін қалпына келтіру үшін айтарлықтай қаражат қажет. Алдын ала есептеулер бо­йын­ша тек бір ғана Марқакөл ауданын қалпына келтіру үшін 9 млрд теңге бюджет қаражаты керек. Біз мұның экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін жақсы түсінеміз. Оның орнына қолда бар әлеуметтік және мәдени объектілерді күтіп ұстауға және елді мекендердің ин­фрақұрылымын дамытуға, жолдардың жағдайын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға қаражат жұмсау әлдеқайда тиімді болады. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді және осы аудандардың дамуына серпіліс әкеледі.

Күршім, Тарбағатай, Катонқа­рағай, Зайсан және Үржар аудан­дарының әлеуметтік-эконо­ми­калық даму перспективаларын зерделеу мақсатында менің тап­­сыр­мам бойынша арнайы жұмыс топтары құрылды. Олар­дың ұсыныстары негізінде 2020-2024 жылдарға арналған атал­­ған шекара маңындағы аудандарды дамытудың өңірлік кешенді жоспары әзірленетін болады. Жоба салалық мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру шеңберінде қаржы ресурстарымен нығайтылады. Бұл жобаны іске асыру осы аудандардың тұрғындарының өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға және халықтың көшін тоқтатуға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

– Құрметті Даниал Кенже­тайұлы, мазмұнды әңгімеңіз үшін алғыс айтамыз.

 

Әңгімелескен

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы