1924 жыл, 7 қараша, Ташкент қаласы.Ұлы қазан төңкерісінің 7 жылдық мерекесі үлкен салтанатпен тойлануда. Көшелерде ығы-жығы халық. Шеру. Революцияны даңқтаған плакаттарды, қызыл туларды көтерген ел сап түзеп, әндетіп келеді. Олардың алдыңғы қапталынан 14 жасар бала жүгіріп шықты. Сол иығында – дорба, жоғары көтерген оң қолында – газет. «Қара қырғыз газеті! Қара қырғыз газеті! Алыңдар, жолдастар!» деп тынымсыз айқайлап, жүгіріп келеді. Бұл бала қырғыздың тұңғыш басылымы – «Эркин Тоо» («Еркін Тау») газетінің шабарманы Мамасалы Абдукаримов болатын (бұл кісі кейін «Қызыл Қырғызстан» деп аталған осы газет редакторының орынбасары болды). Редакция ұжымы «баланың қолы жеңіл» деп алғашқы санының бояуы кеппеген нұсқаларын бала арқылы елге шығаруды ұйғарған екен.
«Кыргыз Туусуның» «Эркин Тоо» деп аталған алғашқы нөмірлерін шығаруға белсене қатысқан, 1998 жылы 98 жасында дүниеден қайтқан академик Хусейн Қарасаев «Эркин Тоо» деп қойдық атыңды» деген және басқа да естелік жазуларды қалдырған.
«Мен Қазақ педагогика институты филология факультетінің бірінші курсында оқып жүрген кезімде Осмонқұл Алиев (газеттің бірінші редакторы – Н.Б) өзіне шақырып алды да: «Сен «Эркин Тоо» газетінде жұмыс істейтін боласың. Бір жағынан оқуыңды оқи бересің. Қарақолдан Сыдық Қарашевты алдырдық. Сенімен бірге оқып жүрген Мұстафа Ақматов та корректор болып жұмыс істейтін болады. Мақалалар жаздыру керек. Мақала жазуға жаттыққан адамдар бізден әлі шыққан жоқ. Қазақ тілінің орфографиясымен толық таныссың. Газетке шыққан мақаланың орфографиясына сен жауапты боласың. 7 қарашада бірінші санын шығару керек. Оп-оңай іс деп қарама. Бүгіннен бастап жоғары қызметтердегі жауапты адамдарға барып, мақала жаздыр.Олардың жазғандарын жақсылап өңдеп шық. Одан кейін мен үстінен қараймын. Комсомол деген жігерлі болады. Егер үлкен қызметтегі адамдар мекемесінен табылмаса, үйлеріне бар. Қысқасы, мақала жаздырасың. Ташкенттің ескі шаһарында бірінші типография бар. Газетіміз содан шығады», деді.
Газет шығару шынында да оңай болмаған. Араб таңбаларына негізделген қырғыз әліпбиінің жасалғанына аз ғана уақыт өтіп, әлі толық меңгерілмеген кез. Баспаханада қырғыз әріптерінің қалыптары болмаған. Сол кезде Ташкентте шығып жатқан қазақтың «Ақжол», өзбектің «Қызыл Өзбекстан» газеттерінің мырыштан құйылған әріптері пайдаланылған. Белгілей кетсек, қырғыз газетінің алғашқы әріп терушісі Қырғызстандық қазақ Салых Тлеубаев болған. Бұл кісі мақала жазып, тілшілік қызметті де атқарыпты.
Қырғыздың ана тіліндегі бірінші газетін шығаруға сол кездегі оқыған азаматтар, жетекші қызметте жүрген мемлекет қайраткерлері түгел қатысқан. Олардың қатарында Абдыкерім Сыдықов, Юсуп Абдрахманов, Ишеналы Арабаев бар. 1922-1924 жылдары Ташкентте Түркістан АССР-інің Халық ағарту комиссариатын басқарып тұрған И.Арабаев 1923 жылы араб әріптерінің негізінде кеңес дәуіріндегі бірінші қырғыз әліпбиін жасайды. Оның 1924 жылы жарыққа шығарған «Қырғыз әліппесі» және жыл аяғына таман шыққан «Эркин Тоо» елдің сауатын ашқан оқулықтың рөлін атқарған. И. Арабаев бұрынырақ, 1911 жылы Уфа қаласынан қырғыз және қазақ балаларына арналған «Әліппе» кітабын шығарған екен.
«Эркин Тоо» газеті 1927 жылдың 16 қазанынан бастап «Кызыл Кыргызстан», 1956 жылдан бастап «Советтик Кыргызстан», 1991 жылдан бастап «Кыргызстан Туусу», бірнеше айдан кейін «Кыргыз Туусу» деп шыға бастаған. Осы жылы газеттің бастапқы «Эркин Тоо» атын қайтарып алудың сәті келгендей болған. Бірақ жоғары жетекшілік қырғыз және орыс тілді екі газеттің атында «қырғыз» деген сөз міндетті түрде болсын деп шарт қойған. Сол кезде мен «Советская Киргизия» газетінде жұмыс істеп жүрген едім. Редакцияда бір ғана қырғыз жұмыс істейтін, ұжым «қырғыз» деген сөзді қосқысы келмеген, амалдарының жоғынан қазіргі «Слово Кыргызстана» атын таңдап алды. «Кыргызстан Туусунан», «Кыргыз Туусуна» өту егемендіктің алғашқы жылдарындағы саяси шешім болды. Бұдан кейін барып, ел «Қырғызстан Республикасы» емес, «Қырғыз Республикасы» деп аталды. Бәсе, 1924 жылы газеттің алғашқы саны жарық көрерде ұйымдастырушылар және газет шығаруға қатысқандар газетке ат қоюды талқылаған. Көпшілігі «Тау» деген сөз болуы керек, қырғыз елі таулы жерді мекендейді. Тау – біздің тірегіміз.Тау биіктіктің жоралғысы дескен. Қандай тау? Қырғызстан тауы ма? Советстан тауы ма? Ақырында Ишеналы Арабаевтың ұсынуымен газетке «еркіндік алған ел» мағынасында «Эркин Тоо» деген ат таңдалады. 1924 жылдың 14 қазанында бір аумағы Түркістан АССР-інің құрамында Ташкентке қараған, тағы екі аумағы Әулиеата мен Верныйға қараған қырғыз елінің тұтас Қара-қырғыз автономиялық облысы құрылған. Сөйтіп советтік қырғыз мемлекетінің іргесі қаланған. Тұңғыш газеттің жарық көруі осы оқиғамен, қырғыз елінің өзін өзі басқарып еркіндік алуымен тікелей байланысты. Ал енді қырғыздың «қара қырғыздан» арылуы қазақ елінің «киргиз» атауынан арылумен байланысты.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Қырғыз Республикасы Үкіметі «Қырғыз Туы» газетінің жауапты хатшысы
Бішкек