Өзбек консулдығының әрекет ету аясына Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қаласы енетіні сол жиында белгілі болған еді. Өзбек ағайындар Алматы консулдығының жұмысына ерекше мән беріп, оны Қазақстанмен сауда, экономикалық және туризм саласы байланыстарында флагман ретінде қарастыра бастапты.
Алматының туристік әлеуеті тек тау туризмімен шектелмейтінін ішіміз сезеді. Алматының тарихы тасқа басылып қалды. Дегенмен тарихшылардың «Тұран даласы тарихының өзегі Алматыдан табылды, Алматы Сақ мәдениетінің орталығы болған» деген болжамы батылырақ айтылып жүр. Күні кеше ғана дүниеден өткен тарихшы-археолог Карл Байпақов «Біздің қолда Алматының тарихы мың жылдан да ерте екенін дәлелдейтін материалдар бар. Қаламыздың нақты жасын білу үшін Талғарды зерттеу керек. Себебі орта ғасырдағы саудагерлер мекені болған алып қала шаһарға жақын орналасқан және Алматы сияқты қатты өзгерістерге ұшырамаған» дегенді талай айтқан.
Жыл сайын Қазақстанға 3 миллионнан астам турист келетінін, олардың басым бөлігі Алматы шаһарын таңдайтынын өзбек ағайындар көріп-біліп отыр. Осы жылдың үшінші тоқсанында 503 мыңнан астам турист келді. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Келушілердің басым бөлігі – ресейліктер. Солтүстіктегі көрші елден 102 мың турист келген. Екінші орында Қытай – 32 мың, 24 мың туристпен үштікті Өзбекстан қорытындылап тұр. Кейінгі жылдары Түркия мен Үндістаннан келушілер қатары көбейген. Сарапшылар бүгінге дейін тренд болып келген «туристік хаб Орталық Азияның қай қаласында орын тебуі мүмкін» деген мәселе күн тәртібінен түсіп қалғанын айтады. Ендігі мәселе туризмнің интеграциялық мүмкіндіктерін бірлесіп пайдалану. Өзбек ағайындар біз енді танып жатқан осы мүмкіндіктің астарын КСРО кезінде-ақ танып қойған.
Қазақстандағы туризм саласы индустриясының өкілі Рашида Шайкенова біздегі туризмнің негізгі индикаторы Алматы мен Көкшетау екенін айтады. Бурабай мен Көкшетауға астананың ықпалы күшті. Ал әзірге Алматының бәсін асырып тұрған фактор Медеу мен Шымбұлақ. Бірақ олар маусымдық синдромға тәуелді. Сондай-ақ Рашида Шайкенова бұл фактор туризмді дамыту үшін маңызды екенін айтады. Үкіметтік мінберлерде айтылатын астана феномені немесе Алматы тек біз үшін ғана маңызды. Мыңжылдықтар тарихын сақтап қалған Бейжің немесе Ыстанбұл, Самарқан мен Бұхараға Алматы мен астана ілесе алмайтынын мойындауымыз керек. Әлемдік туристік сервис дамып кетті. Сарапшылар туристердің 50 пайызы алыс саяхатқа тарихпен тілдесу үшін шығатынын айтады. Орталық Азияға келуді ойлаған турист ең алдымен Шыңғыс ханмен алты ай тірескен Отырарды, Түркістан мен Самарқанды көзге басып алады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2018 жылы қазан айында «Көрмелер мен форумдар Қазақстандағы туризм мәселесін шешпейді» деген пікірін тағы да бір қаперге алып қоятын кез келді.
«Халық аңыздарында атақты қолбасы, қаhарымен бүкіл Шығысты тітіренткен Әмір Темір Түркістандағы әулиеге бас игені айтылады. Ахмет Ясауи қайтыс болғаннан екі жүз жылдан кейін оның әмірімен қирап бітуге қалған кішкене ғана мазардың орнына дүниежүзілік сәулет өнеріне сай ескерткіш орнатылды. Ахмет Ясауидің туған қаласы Сайрамнан бастап Түркістанды әлемдік туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға мүмкіндік бар. Соны пайдалана алмай отырмыз», дейді Рашида Шайкенова.
Өзбекстанның туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитетінің зиярат туризмін дамыту бөлімінің бас маманы Сайдкомил Халходжаевпен кездескенімізде Түркістан Түркі мемлекеттері арасындағы сопылық ілімінің негізі қаланған орталық деуге болатынын айтты. Оның айтуынша, Ахмет Ясауи кесенесі мен оның тарихын, ұлы ойшылдың ілімін үйрену мен ислам мұралары түркі халықтары үшін ғана емес, әлем жұртшылығы үшін де қызықты. «Қазақстан мен Өзбекстанның өзара қолға алған жобалары, оның ішінде туристік компаниялар арасындағы байланыс келешекте бұдан да арта түседі», деді Сайдкомил Халходжаев.
Өзбекстан аумағында 7 мыңнан астам мәдени және тарихи нысан бар. Төрт көне қаладағы 200-ден астам тарихи жәдігер ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне енген. Алдағы уақытта «Ежелгі Бұхара» және «Самарқан сити» демалыс аймағы құрылмақ. Алдағы уақытта бірігіп «Жібек жолы» туристік жобасын да жүзеге асырмақшы. «Оның бір бөлігі зиярат туризмі болмақ», дейді мамандар. Статистикалық мәліметке жүгінсек, биыл 7 айда көрші ел аумағына 3 миллионнан астам турист келген. 2018 жылы Өзбек-станнан бізге дәл соншама адам қыдырып келген. Оның басым бөлігі Түркістанға зиярат жасапты. «Түркі жұртының рухани астанасы саналатын Көне Яссы қаласы зияратшылар санының артуына себеп болатындығына біз сенеміз», дейді Сайдкомил Халходжаев.
Өзбекстанның есігі шетелдік туристерге айқара ашылғанына биыл үшінші жылға аяқ басты. 2019 жылдан бастап бұл елде 6 миллионға жуық адам қонақта болған. Оның 4 миллионы ғана Самарқан, Бұхара қаласына тоқтаған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұрын мұндай көрсеткішті армандайтын өзбек билігі туристерді әлде де еселеп тарту үшін ішкі туризмнің мүмкіндіктерін әртараптандырып жатыр.
Ташкент қаласы туристік инфрақұрылым және мәдени мұра бөлімінің басшысы Элбек Набиев Қазақстанға келген сапарында өзбек билігі қонақтарға жайлы болу үшін бар жағдайды жасап жатқанын айтты. Қонақүйлерге тоқтаған туристерге өзбектің хош иісті көк шайы мен тандыр наны тегін ұсынылады. «Қазір біздің елде 65 мемлекетпен визасыз режім орнаған. Келесі жылы бұл тізімге тағы 20 ел қосылады деп күтіп отырмыз», деді Элбек Набиев.
Зиярат туризмінің Сайрамнан, Түркістаннан басталуы өзбек билігі үшін тиімді болып тұр. Ал қазақстандық мамандар ежелгі Сайрамдағы сансыз бап пен Арыстан баб кесенесін «Жібек жолы» туристік жобасына кіргізу қажеттігін ескертіп отыр. Себебі Сайрамда Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибрагим мен Қарашаш, ал Отырарда ұстазы Арыстан бабтың кесенесі бар. Бұдан өзге көне Отырар жерінде Шыңғыс ханның ізі сайрап жатыр.
«Сайрам мен Отырардың «Жібек жолы» туристік жобасына енуіне Қазақстан мүдделі болуы керек», дейді қазақстандық туризм саласының өкілдері.
Былтыр Ташкентте өткен халықаралық туристік инвестфорумға жиналғандар бір туристің Өзбекстандағы 1 апталық шығыны 619 доллар болатынын есептеп шығарған. Бұған қонақүй шығыны, таңертеңгі және кешкі тамақ мәзірі кіреді. Бас консул Аброр Фатхуллаев бізбен әңгімесінде 2025 жылға қарай, бұл көрсеткіш 2,2 миллиард долларға, туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2,3 пайыздан 5%-ға жетуі керек екенін айтты. Сонымен бір мезгілде туристерді орналастыратын демалыс аймақтарының саны да 900-ден 3000-ға дейін өсіп, ал туристік фирмалардың саны 1700-ге дейін жетуі керек. Бұл деректер өзбекпен көрші қонған қазақты, ерекше ықылас танытып отырған Алматыны шындап ойландыруы тиіс. 2018 жылғы маусымда Дариға Назарбаева Орталық Азия елдері үшін «азиялық шенген» құру идеясын айтқан болатын. Жоба 2019 жылдың басында жүзеге асады деп болжанған еді. Дегенмен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл мәселені шешу ұзағырақ уақытты қажет етеді. Ендігі жерде бұл мәселені созып алуға болмайды. Алматыға Орталық Азиядағы зиярат туризмінің қақпасына айналатын кез енді келді.
АЛМАТЫ