Мәскеуде өткен кезекті отырыстың күн тәртібі интеграциялық ынтымақтастықтың өзекті бағыттары бойынша 46 мәселеден тұрды. Ішкі нарықтардың жұмыс істеуі, тарифтік шараларды қолдану, кедендік және техникалық реттеу, ЕАЭО цифрлық күн тәртібі, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жайы қаралды.
ЕЭК кеңесінің отырысы шеңберінде қаралған негізгі мәселелердің бірі кедергілерді жою болды.
Отырыс барысында Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова «ЕАЭО-ны қалыптастыра отырып, біз ортақ нарық құрып, тауарлар қозғалысының еркіндігін қамтамасыз етуге ниеттенгенбіз, ал іс жүзінде біз керісінше бір-бірімізге жабылудамыз. Осылайша «Ақ кітапты» қабылдау сәтінен бастап (2017 ж. 3 наурыз) комиссия қосымша 54 кедергіні анықтады. Сонымен қатар 2017 жылдың наурыз айынан бастап тек 44 кедергі жойылды», деді. «Біз Сауда және интеграция министрлігінде кедергілер бойынша жағдайды талдадық. Елімізде тең мәнді шараларды енгізу бойынша нақты ұсыныстар бар. Егер жақын арада ЕАЭО бойынша біздің серіктестеріміз өз нарықтарын ашпаса,онда біз осы шараларды енгізуге мәжбүр боламыз», деп қосты Жанель Күшікова.
ЕЭК кеңесінің отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе 2025 жылға дейін еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын құжат жобасы болды. Кеңес отырысынан кейін – «қазақстандық тараптың ұстанымы бұрынғыдай қалады. Біз ЕАЭО-ның күн тәртібін экономикалық емес мәселелер блогына «тарқатуға» ниетті емеспіз», деп түсіндірді Жанель Күшікова.
Сонымен қатар ол Қазақстан осы құжатты әзірлеуге маңызды мән беретіндігін атап өтті. «Бұл біздің ынтымақтастығымыздың 2025 жылға дейінгі басымдықтарын айқындайды. Осы құжатты сапалы пысықтау мақсатында біз барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобын Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарады», деді.
Тауарларды таңбалау
Кеңес отырысы барысында автомобиль шиналарын, иіс суларды, фотокамераларды және жеңіл өнеркәсіптің бірқатар тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданды.
ЕАЭО ережелері бойынша әрбір ел басқа тараптардан осындай таңбалауға қосылуға дайын екендігі туралы алдын ала сұрай отырып, өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес тауарларды таңбалауды енгізуге құқылы. «Ресей Федерациясы бірқатар тауарларға қатысты таңбалауды енгізу туралы тиісті хабарлама жіберіп, осындай құқықты жүзеге асырды, – деді Жанель Күшікова. – Біз әзірше Ресейде осы «пилот» қалай өтеді, мұндай таңбалау қалай жүзеге асырылатынын бақылай тұрамыз деп келістік. Егер мұндай форматтың артықшылығын, осы тауарларға таңбалауды енгізудің пайдасын түсінсек, онда біздің ішкі заңнамаларымызға сәйкес оған қосыламыз. Қабылданған шешім бізге мұны жасауға мүмкіндік береді».
Жоспарларды үрлемеңіз – қазіргіні іске асырыңыз
Қазақстандық тарап ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібін сапалы дамыту үшін цифрлы күн тәртібін дамытуды цифрландыру бойынша бұрын іске қосылған жобалардың нәтижелерін талдаусыз жаңа басымдықтарымен толықтырудың орынсыздығына тараптардың назарын аударды.
Қазақстанның ұстанымы – «Бүгінде ЕАЭО цифрлы күн тәртібі аясында бастамаларды пысықтаудың бірқатар басымдықтары бекітілген. Мысалы, бұл ЕАЭО-ның цифрлы саудасы, цифрлы көлік дәліздері, цифрлы қадағалау және т.б. ЕЭК бұл басымдықтарды жаңа бағыттармен толықтыруды ұсынды. Өз кезегінде, біз кез келген толықтырулар негізді болуы тиіс екенін атап өттік. Бұдан басқа, біз алдымен қолданыстағы бағыттарды жүзеге асыру нәтижелерін талдау қажет деп есептейміз, олардың ешқайсысы әлі толық жүзеге асырылмаған», деп түсіндірді Жанель Күшікова.
Талқылау нәтижелері бойынша тараптар қазақстандық тараптың дәлелдерімен келісті. Мәселе қосымша пысықтауға жіберілді.
Оның үстіне, ЕАЭО-да цифрландыру бойынша жалпы жұмыстың ең сәтті емес мысалы бар – Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру (2019-2020 жылдарға арналған ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру, жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту бойынша іс-шаралар жоспары кеңестің соңғы отырысында талқыланды). Мәселен, елдер бюрократиялық шиеленісті азайту және сауда ресімдерін жеңілдету үшін уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасуды ұйымдастыруға келіскеннен 4 жыл өткен соң, 88 жалпы үдерістің тек 15-і ғана іске асырылуда. «Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Мұны мүлдем жарамсыз деп санаймыз және оны түсінуге ұсындық. Өйткені бұл жұмыс кәсіпкерлердің өмірін едәуір жеңілдетеді. Тараптар бізді осы мәселеде қолдады. Талқылау қорытындысы бойынша біз ЕЭК-ке қабылданған жалпы үдерістерді жүзеге асыру мерзімдерінің бұзылу себептеріне кешенді талдау жүргізуді және қорытындысы бойынша ЕЭК кеңесінің отырысында баяндауды тапсырдық», – деді Жанель Күшікова.
ЕЭК өкілеттіктерін кеңейту
ЕЭК-ке нарық қатысушыларына бәсекелестікті бұзғаны үшін жазалауды анықтау бойынша жаңа өкілеттіктер беруді қарастыратын, осы жылдың 1 қазанында ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер басшылары қол қойған ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ескере отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі оларды одан әрі жоғары кеңес отырысында қарау үшін ЕЭК жұмыс регламентіне тиісті түзетулерді мақұлдады.
Ж.Күшікова түсіндіргендей, «ЕЭК-тің жаңа өкілеттігі бәсекелестіктің бұзылу фактісін алғашқы анықтаған кезде айыппұлдың орнына және бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзуға алып келетін жағдайларды жою үшін жасалған бәсекелестікке жатпайтын іс-әрекеттер мен шаруашылық жүргізуші субъектінің талпынысы туралы ерікті түрде хабардар ету кезінде жауапкершіліктен босатудың бірқатар тәртіптерін бекітуді қарастырады. Біздің ойымызша, бұл біздің өндірушілерді бәсекелестіктің жалпы ережелерін өрескел бұзған жағдайда айтарлықтай айыппұл санкцияларынан қорғауға мүмкіндік береді».