Үкімет • 26 Қараша, 2019

А.Мамин интернеттегі мемқызметтердің қолжетімділігін 90%-ға жеткізуді міндеттеді

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «электрондық үкіметті» дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері қаралды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

А.Мамин интернеттегі мемқызметтердің қолжетімділігін 90%-ға жеткізуді міндеттеді

Аталған бағыттағы жұмыс туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Ә. Балташева баяндады.

Мемлекеттік қызметтер тізіліміне 723 мемлекеттік қызмет енгізілген, олардың 580-і немесе 80% электронды форматта, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 648 қызмет немесе қызметтердің 89,6%-ы ұсынылады. 143 қызмет немесе 19,8%-ы әзірге қағаз форматында ғана қолжетімді. 182 мемлекеттік қызмет бойынша бизнес процестер оңтайландырылған, құжаттардың орташа саны 30%-ға – 6-дан 4-ке, қызмет көрсетудің орташа мерзімі 3 есе – 31-ден 10 күнге дейін қысқартылған. 2018 жылмен салыстырғанда, композиттік мемлекеттік қызметтердің саны 2 есеге артқан.

2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша «eGov» порталында 10 млн астам пайдаланушы тіркелді, 36,5 млн қызмет алынды (2018 жылы – 27,5 млн қызмет). «eGov mobile» жаңа мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымшада 31 қызмет пен сервис іске асырылды, осы жылдың соңына дейін қосымша 32 қызметті іске асыру жоспарда бар.

2018 жылдың қорытындысы бойынша цифрлық сауаттылық деңгейі 79,6% құрады, жоспарланған көрсеткіш – 77%. Биыл 532 мың адам оқытылды, жоспар бойынша – 462 846 адам.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құжаттарды қабылдау және беру үшін Қазпоштаның 1656 бөлімшесі, 348 фронт офис, 16 мамандандырылған, 17 көші-қон және 18 цифрлық ХҚКО арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынады.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету саласын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысында осы бағыттың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-на халық интернет арқылы қол жеткізе алатын болады. Біздің алдымызда келесі жылдың соңына дейін осы көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу міндеті тұр», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы тұрғындар үшін мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту жұмысын тездетуді тапсырды.

«Бүгінде “e-Gоv mobile” мобильді қосымшасы арқылы 31 немесе шамамен 4% мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді», — деді А. Мамин. 

Премьер-Министр ведомстволық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін бақылау мен мониторингтеуді күшейту мақсатында әр уәкілетті орган деңгейінде бірінші басшының осы мәселеге жетекшілік ететін орынбасарын дербес жауапты етіп белгілеуді тапсырды.

«Ақпараттық жүйелерді интеграциялау жоспары барлық мемлекеттік органдарға қатысты және 2019-2020 жылдарға есептелген. Биылға жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалған. Ал қалған 50% ұзаққа созылып кетті немесе оларға бюджетті жоспарлау сапасы төмен. Қаржы, Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Экология, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері жыл соңына дейін Жоспардың 100% орындалуын қамтамасыз етуі қажет», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы барлық орталық мемлекеттік органдарға биылғы жылдың соңына дейін интернет ресурстардың Бірыңғай платформасына көшуді аяқтауды тапсырды.

«Кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығы ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы қолжетімді қызметтердің бүкіл спектрін кешенді түрде көрсетуге бағытталуы керек», — деп А. Мамин, цифрлық даму және ішкі істер министрліктеріне цифрлық және миграциялық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәжірибесін барлық әрекет етіп тұрған ХҚКО тарату жұмысын пысықтауды тапсырды.

Премьер-Министр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына аудандардағы, шағын қалалардағы, ауылдардағы азаматтарды цифрлық технологияларды қолдану арқылы қашықтан оқыту құралдарын пысықтау қажеттігін тапсырды.

«Жалпы бұл шаралар сұранысқа ие қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын және де электрондық сервистердің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік бермек», — деді А. Мамин.