Президент • 27 Қараша, 2019

Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты әрқашан қолдайды

335 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Қазақстанда аккредиттелген шетелдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесті.

Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты әрқашан қолдайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесудің жақсы дәстүрге, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтатын маңызды шараға айналғанын атап өтті.

– Осы басқосуда Қазақстанның даму бағдарына, ішкі-сыртқы саяси басымдықтарына баса мән бергіміз келеді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 70 елшілік және 30 халықаралық ұйым өкілдігі бар. Еліміздегі дипломатиялық өкілдіктер алдағы уақытта да көбейе түседі деп үміттенеміз. Осы орайда Беларусь және Оңтүстік Корея елшіліктері жаңа ғимаратқа көшкенін атап өткім келеді. Елорда төріндегі жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Дипломатия саласында көп жыл еңбек еткендіктен, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды әрі жауапты екенін өте жақсы білемін. Мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды нығайтуға қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймын. Қазақстанға деген ізгі ниеттеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы бұл кездесудің Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күні сияқты маңызды мерекелер қарсаңында өтіп отырғанын, алда Рождество мен Жаңа жыл демалыстары да жақындап қалғанын айтты.

– Бұл – өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындайтын кезең. 2019 жыл Қазақстан үшін өте маңызды болғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев билікке басшылардың жаңа буыны келуі үшін тарихи шешім қабылдады. Өткен Президент сайлауы саяси жүйеміздің тұрақтылығын және демократиялық даму жолымыздың мызғымастығын бүкіл әлемге танытты. Менің атыма құттықтау жолдаған мемлекет басшыларына және халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне ризашылығымды білдіремін. Биліктің бейбіт жолмен берілуі Қазақстанды тың серпінмен дамытуға мүмкіндік тудырды. Біз Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған дамудың стратегиялық бағдарынан айнымай, Сабақтастық, Әділеттілік, Өрлеу құндылықтарына берік боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елшілерге қарата сөйлеген сөзінде жаһандық және өңірлік процестердің тез құбылуына байланысты біздің еліміз де өзгеріп жатқан жағдайларды қаперде ұстап, одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамудың тиімді жолдарын іздестіруі керек екенін атап өтті. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғыр­намасында және Қазақстан халқына Жол­дауында белгілеп берген бағыттарға тоқ­талды.

– Қазақстанның демократиялық дамуы үздіксіз жүріп жатқан үрдіске ай­налды. Біз еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін басты назарға ала оты­рып, жан-жақты теңгерімді саяси жаң­ғыруды біртіндеп жүзеге асырамыз. Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше жетекші елдердің стандарттарына басымдық береміз. Сон­дықтан Үкімет осы мақсаттарға қол жеткізу бағытында батыл да нық қадам­дар жасауда. Қазақстан үшін мемле­кет тұрақтылығының негізі болатын саяси жүйе «Күшті Президент – ықпал­ды Парламент – есеп беретін Үкімет» қа­ғидасына сүйенеді. Сонымен қатар мем­лекеттің тұрақтылығы азаматтар мен мемлекеттік институттар арасын­дағы сындарлы қатынастарға тікелей бай­ланысты. Дәл осы себепті қоғамдық диалогты одан әрі дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Осы жаз­да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құ­рылғанын білесіздер. Бұл кеңес – «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» құру процесін жеделдететін құралдардың бірі. Басқаша айтқанда, біз азаматтардың өмірлік маңызды сауал­дарына мемлекеттің тиімді жауап қай­таруын қамтамасыз етеміз, – деді Пре­зидент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде қоғамдағы пікірлердің әр алуандығын қолдайтынын, саяси партияларды да­мытуды құптайтынын, азаматтарымыз өз пікірін ашық білдіруге және сөз бостандығын толығымен қолда­нуға құқылы екенін айтты. Ол бұл сөзіне дәлел ретінде бүгінде бейбіт ми­тингілер өткізуді реттейтін заңнамалық нормалардың қайта қаралып жатқанын, барлық мемлекеттік органның есеп­тілігін арттыру мақсатында азаматтық институттардың рөлін қолдау бойынша белсенді жұмыс қолға алынғанын, қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейтіп, жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттардың жұмысына жа­ңа серпін беріліп жатқанын айтты. Бұған қоса барлық деңгейдегі – Прези­дент Әкімшілігінен бастап ауыл әкім­деріне дейін қоғаммен кері байланыс тетіктерінің жолға қойылғаны, әкім­дердің жұмысын жергілікті тұрғындар бағалайтыны мәлімделді.

– Атқарушы билік органдары кезең-кезеңмен жаңартылып, өзгеріп жатыр. Бүгінде жас мамандардың Президенттік жастар кадрлық резерві құрылып, жақын арада іске қосылмақ. Мемлекеттік ор­гандардың қызметінде бюрократиялық рәсімдерді жою бойынша бірқатар нақты іс-шара әзірленді. Мысалы, біз цифрлы мемлекеттік қызметтерді енгізу саласында бірқатар оң нәтижеге қол жеткіздік. Бұл қадамдар қазақстандық азаматтарға ғана емес, сондай-ақ біздің шетелдік қонақтар мен туристерге да пайдалы болмақ. Жақында менің Үкіметке шетелдіктерді көші-қон басқармасында тіркеуден бас тарту туралы тапсырма бергенімді білесіздер. Жыл соңына дейін біз бұл мәселені шешеміз және шетелдік қонақтардың елімізге келуі үшін қазіргі бюрократиялық кедергілерді алып тас­таймыз деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент құқық қорғау және сот жүйесін реформалау туралы айта келіп, мемлекеттің әл-ауқатын арттыру ісі аталған институттарға деген халықтың сеніміне байланысты екеніне тоқталды.

1

– Мемлекеттік аппараттың саяси тұ­рақтылығы мен тиімділігін экономикалық өсімнен бөліп қарауға болмайды. Бұл бағытта бірқатар жетістік бар. 2019 жылдың 10 айында еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,4 пайызға өсті. Doing Business-2020 рейтингінде Қазақстан 25-орында. Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде еліміз 55-орында тұр. Алдағы бес жыл ішінде халықаралық рейтингтегі позициямызды айтарлықтай жақсартуды жоспарлап отырмыз. Алда экономикамызды одан әрі әртараптандыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Оны табысты іске асырмай, біз қазіргі заманғы, өзін өзі қамтамасыз ететін және орнықты экономиканы құра алмаймыз. Қазір Үкімет өнеркәсіптің жоғары технологиялық және шикізаттық емес салаларын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беруде. Қазақстанның гүлденуінің тағы бір кілті тұрақты және дамыған қаржы секторын құру болып отыр. Бұл мәселеде «Астана» халықаралық қаржы орталығына үлкен үміт артамыз. Соңғы екі жылда орталық платформасына 285 компания тіркелді. 2020 жылдың соңына қарай біз бұл көр­сеткішті 500-ге жеткізуді көздейміз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­мет цифрлы инфрақұрылымды дамы­туда белсенді жұмыс атқарып жатқа­нын, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі іске қосылғанын мәлімдеді.

– Еліміз алдына шетел инвестиция­лары үшін барынша қолайлы жағдай жасау міндетін қойып отыр. Осы бағытта қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және барлық әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыс жалғасады. Отандық бизнес-қоғамдастықты, ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөнінде белсенді шаралар қабылдануда. Келесі жылдан бастап микро және шағын кәсіпкерлер кез келген салықтардан босатылады. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін бұрын-соңды болмаған қаражат бөліп жатырмыз. Биыл несиелік рақымшылық жарияланып, 500 мыңнан аса қазақстандықтың несиелік қарызы мемлекет тарапынан жабылды. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет және біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Еліміздегі экономикалық өсудің тиімділігін Қазақстанның әрбір азаматы сезінуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық маңызы зор мақсаттарға қол жеткізу үшін сыртқы жағдайлар да қолайлы болуы керек екенін айта келіп, 2019 жыл біздің еліміз үшін халықаралық дең­гей­дегі көптеген табысты кездесуге толы болғанын атап өтті.

– Мен сындарлы ынтымақтастықты ны­ғайту мақсатында Ресейге, Өзбек­станға, Қытайға ресми сапармен бардым. Келіссөздер өте нәтижелі өтті. Шан­хай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Еуразиялық экономикалық одақтың, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының саммиттеріне қатыстым. Жыл соңына дейін Қырғыз­стан Республикасы мен Германияға сапарларым жоспар­ланып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, сөз сөйлеп, соның аясын­да бірқатар елдің басшыларымен келіс­сөздер жүргіздім. Биыл Қазақстанға рес­ми сапармен Корея Республикасы, Гру­зия, Армения, Моңғолия, Беларусь және Швейцарияның мемлекет және үкімет басшылары келді. Осы сапарлар мен кездесулер өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттарын айқындауға жақсы мүмкіндік тудырды. Осы жылы біз Болгария, Лат­вия, Эстония, Сербия, Словакия, Пор­тугалия, Швейцария астаналарына тұрақты резиденциясы бар елшілерді жіберіп, шетелдегі дипломатиялық инфрақұрылымды едәуір кеңейттік. Бұл процесс өзара түсіністік ұстанымын ескере отырып жалғасын таба береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық үшін бұрынғыдай ашық екенін, стратегиялық серіктестермен және барлық мүдделі елдермен конструктивті әрі теңгерімді ықпалдастық орнату саясатын жалғастыра беретінін атап өтті.

– Сыртқы саясатымызда жаһандық кон­фессияаралық келісімге, төзбеу­шілік және радикализм идеологиясын таратуға қарсы күреске баса мән бере­міз. Біз өңірлік және жаһандық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге бағыттал­ған конструктивті бастамаларды ілге­рі­летеміз және қолдаймыз. Бұл, ең алды­мен, азиялық және еуроазиялық қауіп­сіздікті нығайту, ядролық және тер­ро­рис­тік қауіп-қатерлердің алдын алу, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей Федерациясымен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық одақ және Ор­талық Азия елдерімен өзара қарым-қа­ты­нас орнату Қазақстанның сыртқы сая­са­тын­дағы басым бағыты болып қала береді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт То­қаев Қазақстанның халықаралық ұйым­дар мен қаржы институттары аясын­да көпжақты ынтымақтастық пен ықпал­дастықты дамыту жөніндегі жұмыстар­ды жалғастыра беретінін айтты. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы, Ислам ынтымақтастығы ұйы­мы, Түркі кеңесі, экономикалық ынты­ма­қ­тастық ұйымы сияқты салмақты бірлес­тіктер шеңберіндегі көпжақты өзара іс-қимылды дамыту маңызын жоғалтпайды.

Кездесу соңында қалыптасқан дәстүр бойынша дипломатиялық корпустың дуайені – Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі Анатолий Ничкасов сөз сөйледі.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»