Әдебиет • 27 Қараша, 2019

Абай – әлем тілдерінде

710 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетінде Ұлы ақын Абай Құнан­баевтың 175 жылдығына орай ұйым­дастырылған «Абай – әлем тілдерінде» мәнерлеп оқу байқауының шешуші туры өтті.

Абай – әлем тілдерінде

Байқауға мәдениет және өнер саласының мамандары, әдебиет­шілер, тәжірибелі аудармашылар және сахна шеберлерінен құ­рал­ған қазылар алқасы төрелік етті. Сонымен қатар М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­­лекеттік университетінің рек­­торы Дария Қожамжарова, бел­­­гілі қоғам және мемлекет қай­раткерлері, абайтану­шы ғалым­дар, жоғары оқу орында­ры­ның тәрбие саласының жетек­шілері, қаланың белсенді жастар қауымы қонақ ретінде  қатысты.

Жиынды ҚазҰАУ ректоры, ака­демик Тілектес Исабайұлы Есполов ашты. Тілектес Иса­бай­­ұлы: «Алдағы 2020 жылы Қазақ­­стан Республикасы Прези­ден­тінің Жарлығымен халқымыз­дың дана тұлғасы, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтіледі.

Біздің университетіміздің 90 жылдығы осы үлкен  мерекемен сәйкес келіп отыр. Біз мұны жақсы ырымға балап отырмыз. Өйткені Абай – қазақ халқының ғана мақтанышы емес, ол – бүкіл Түркі дүниесіне ортақ  рухани құбылыс, әлемдік тұлға.

Бүгін осы байқаудың қоры­тынды салтанатты шарасына жи­­­налып отырмыз. Бұл бай­қау жас­тардың ұлттық санасын жаң­­­ғыртуды, ұлы Абай шығар­маларын ұрпақ арасында кеңінен наси­хаттауды, студенттерді әлем тіл­дерін үйренуге ынталандыру­ды, жоғары оқу орындарында бі­лім алушы жастардың руха­ни байланысын арттыруды көз­дейді».

Шараны Қазақ ұлттық аг­рар­­лық университеті «ALQA Foundation» халықаралық мәде­ниет қоры, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы және Достық үйімен  бір­лесіп ұйымдастырды. 2019 жыл­­дың қазан айында  Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Абай – әлем тілдерінде» атты мәнерлеп оқу байқауы жарияланған бола­тын.

Байқау студент жастардың ұлт­тық санасын жаңғыртуда әде­биеттің орнын нығайтып, оған қызығушылығын арттыру, жас­тар арасында ұлы Абай шығар­маларын насихаттау, студент жас­тардың әлем тілдерін үйре­нуге ынтасын арттыру, жастар­дың шығармашылық әлеуетін да­мыту, полимәдениетті тұлға қалып­тастыру, жоғары оқу орын­дарында оқитын студент жас­тардың рухани байланысын арттыруды көздейді.

Байқаудың іріктеу турын­да Алматы қаласының 12 жоға­ры оқу орнынан 21 қатысу­шы өнерлерін ортаға салды. Кон­церт­тік бағдарламамен өрнек­телген шарада студенттер Абай Құнанбаевтың өлеңдерін қазақ, орыс, ағылшын және тағы басқа тілдерде оқыды.

«ALQA Foundation»  халық­аралық мәдениет қорының Пре­зи­денті Алуа Таңжарықова төре­лік еткен қазылар алқасының құ­рамында Египет мәдени және білім беру істері бойынша атташе, доктор Ранда Махмуд Ризк, О.Сүлейменов атындағы әлеу­меттік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры Есенкелді Медеуов, Қазақ­стан-Британ техникалық уни­­вер­ситетінің профессоры Жа­нат Дәулетбекова, А.Бай­тұр­сы­нов атындағы Тіл білі­мі инс­ти­тутының ғылыми қызмет­кері, түр­колог Тимур Талғатұлы болды.

Байқаудың шешуші кезеңінде жеңімпаздарға жүлделі орындар мен сыйлықтар табыс етіл­ді. Бас жүлде және 100 мың тең­ге сыйақыны Ботакөз Иваш (Абы­лайхан ат. ҚазХҚжӘТУ), 1 дәрежелі диплом және 50 мың теңге сыйақыны Нариман Бақыт­жан (Абай ат. ҚазҰПУ), Ұл­пан Жолдасбекова (ҚазҰАУ), 2 дәре­желі диплом мен 25 мың теңге сыйақыны Қаржаубай Қанағат (Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті), Ақбота Сіләм (С.Демирел ат. университет), 3 дәрежелі диплом мен 15 мың сыйақыны Аян Жолдығалиев (Нұр-Мүбәрак Египет ислам мә­дениеті университеті), Айге­рім Маратқызы (Абай ат. ҚазҰПУ), Айгүл Жүсіпқалиева (С.Асфен­дияров атындағы ҚазҰМУ) ие­ленді.

Сонымен қатар О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитар­лық білім беру және тәрбие инс­ти­тутының директоры Есен­келді Өміржанұлы ҚазҰАУ ректоры Тілектес Исабайұлының аты­нан тағайындалған арнайы жүлдені (50 мың теңге) Кари­ма Батталоваға (Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ) табыс етті. Барлық қаты­сушылар грамоталармен, жоға­ры оқу орнынан келген жетекшілер сертификаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

Шара соңында «ALQA Foun­dation» халық­аралық мәде­ниет қоры­­ның Президенті Алуа Таңжа­рықова жиынды қорытын­ды­лады, Қазақстан халқы Ассам­блеясының сарапшысы Гүлмира Билялова құттықтау сөз сөй­леп, барлық қатысушыларға Ассам­блея атынан кітаптар табыс етті.

Соңғы жаңалықтар