Руханият • 27 Қараша, 2019

Ұстаным кеңістігі

1308 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әдістеме ғылымы – өзіндік ізденісті қажет ететін, қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін ғылым саласы. Өзіндік ізденіс зерттеу нысанына алынып отырған тақырыпты оқушыға қалай оқытамыз, оның түпкі нәтижесі қандай болу қажет, не себепті осы тақырыпты игерту керек деген сауалдарға жауап іздеуден тұрады. Басқа ғылым салаларына қарағанда әдістеме ғылымы үнемі өзгеріп, жаңарып, дамып отырады. Бүгін ұтымды болып отырған жүйе заман талабының өресінен шыға алмай қалуы ықтимал. Бұл әдістеме ғылымының қиын сала екендігін танытады. Талмай ізденіп, тәжірибе жинақтап, еңбектің нәтижесін көру әдістеме ғылымының қызықты сала екенін көрсетеді.

Ұстаным кеңістігі

Әдістеме ғылымының ішінде ең күрделісі ‒ тілді оқыту. Өйт­ке­ні адам баласына тән бар­лық қасиет тіл арқылы айқын­да­ла­ды. Адамның санасы, болмысы, танымы, ой-өрісі және т.б. оның тілі арқылы көрінеді.

Тілді оқыту әдістемесі заман тала­бына қарай дамып, жетіліп оты­рады. Бірақ білім беру жүйесі өзгер­генмен, оның оқыту мен тәр­биеге қойылатын талабы жаңар­ған­мен, өзінің өміршеңдігін жоймайтын, әр кезеңде қазық болып, түп негізін құрайтын идеялар мен әдістемелер бар. Оған қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Құдайберген Ж­ұ­банов және т.б. ұлы тұлға­ла­ры­мыз­дың еңбектерін жатқызамыз.

Қазақ тілі мен оны оқы­ту­дың тұғыры болып табыла­тын ұлылардың идеяларын әрі қа­рай жетілдіріп, өзінің бүкіл зерт­теу­лерінің өзегіне айнал­дыр­ған, «Рухын сақтаған ел өміршең болады. Ұлт та, ұлттың рухы да ең әуелі тіл арқылы танылады. Тілін сақтай алған ел өзін, өзі­­нің ертеңі мен болашағын қам­­та­масыз ете алады» деген ұс­­та­­нымды ұстанған, осындай қиын да қызықты саланың біл­гір маманы, озық ойлы, әдіс­кер-ғалым ‒ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің профессоры, педаго­гика ғылымдарының док­то­ры, ҰҒА корреспондент-мүше­сі, Педагогика ғылымдары Халық­ара­лық академиясының академигі Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева.

«ХІХ-ХХ ғасырдың қазақы бейне­сін әлем жадында қалып­тас­тырған Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дула­тов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауыт­ұлы, Мұхтар Әуезов, Құдайбер­ген Жұбанов, т.б. арыстар мен алыптар жаратылысын танып, талдай отырып, ұлылық төр­кін­інде қашанда «өзіңді өле сүйіп», «өзгені құрметтеу» сезімі жатқанын, «өзіңді терең танып», «өзгені жатсынбау» принципі тұрғанын жаңа буын ұрпақ білуі тиіс» деген тұжырымды өзінің өмірлік креодасына айналдырып, оны теория мен практика жүзінде дәлелдеп келе жатқан да ‒ Фаузия Шәмсиқызы.

Ғалымның «өзіңді өле сүйіп» ұста­ны­мын ұлы тұлғалардың еңбектерін зерделеп, ондағы басты құнды­лықтар мен идея­­ларды бүгінгі ұрпақтың санасына терең сіңір­уге бағытталған тұжырым­дарынан көреміз. «Тіл мен рух» атты мақаласында «Абай мен Шәкәрімнің тілдік тұлға­сы мен тілдік мұрасы ұлттық өрке­ниет­тің дамуы мен нығаюына ық­пал» ететінін, «жаһандану проце­сінде ел мен елді, ұлт пен ұлыс­ты сақ­тау­дың қайнар көзі» болып табы­­ла­тынын дәйектейді. «Жал­пы адамзатқа тән ортақ құнды­­лық­тарды сақтай алғанда ғана әр ұр­пақ өз міндетін адал атқара­ты­нын» есімізге салады.

 Бүгінгі таңда қоғамда белең алған, қазақ халқының болмысына тән емес түрлі жағдаяттардың орын алуы адамзат­қа тән құнды­лық­тарды сақтауға мән бермей кеткені­міздің нәтижесі екені көзі қарақты адамдардың барлығына белгілі. Осы түйінді мәселелерді шешу­дің жолдарын ғалымның «Ұлы даланың рухани мұрасы» деп ата­латын мақаласынан табамыз. Әдіскер-ғалым ұрпақ тәрбие­сіне тілші мен әдебиетші де, философ пен психолог та, бар­лық мамандық иелері жауапты, ол үшін бәріміз бір мақсатты ше­шу­дің жолында бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет деген идеяны ұсы­нып, «Ұлы даланың рухани мұрасын, тағылымды тарихын, тамырын тереңнен тартар шежіресін қазіргі заманмен сәт­ті сабақтастыру; барымызды шашау шығармай, жаһандану жағдайында ұлт­тық руханиятымыз бен мәдение­тіміздің даму бағытын өркениет­тік үлгіде қалыптастыру, оны ұлт болашағы үшін тиімді пайдала­ну» қажеттігін айтып, рухани мұраны тілдік аспекті тұрғысынан зерттеудің үш бағытын ұсынады:

1) философиялық-әдіснамалық (методо­ло­гиялық) бағыт;

2) тілдік-танымдық бағыт;

3) психолингвистикалық ба­ғыт.

Ға­лым аталған үш бағыттың қа­рас­тыратын мәселелерін де ай­қындап береді. Егер елімізде ғалым ұсынған үш бағытты негіз­ге алып, «ұлтымыздың ұлы пер­зент­тері ұсынған өміртану, қоғам­тану, адам­тану, ұлттану, жара­тылыстану, ғалам­тану хақын­дағы ой-толғаулары мен пікір-қөз­қарастарын, концептуалды тұжырымдары мен күрделі фило­софиялық толғаныстарын» білім беру жүйесінде қолданатын бол­сақ, білім сапасын арттырып, саналы да білімді ұрпақ тәрбиелейтін едік. Өкінішке қарай білім беруде өзімізде барды бағаламай, «...екшеу ‒ танымды, таным ‒ тағылымды, тағылым ‒ ұлтты» тәрбие­лейтінін ескер­мей, өзгенің ұтым­­сыз идеясын қолда­ну­дан аса алмай келеміз.

Фаузия Шәмсиқызы ұлт ұста­зы Ахмет Байтұрсынұлын «ұлт тілін оқыту әдісте­ме­сінің іргета­сын қалаушы, негізін салу­шы» ретінде танытып, ғалымның тіл, сөйлеу, жазу, сауаттылық, оқыту және т.б. тұжырымдарын тұғыр ре­тінде алып, қазақ тілін тек оқы­ту тұрғысынан ғана емес, тер­миндік тұрғыдан да дамытты. Ғылыми айналымға тілдік қаты­нас, сөйлесім, баяншы, қабыл­дау­шы, тыңдалым, оқылым, айты­лым, жазылым, тілдесім термин­де­рін енгізді.

«Жырдың алтын тамыры» атты мақа­лада ғалым Жамбыл Жа­баев­тың өлең­де­ріне талдау жасап, «бүгінгі жас ұрпақ Жам­был бабамыздың өсиеттері мен нақыл сөздерін оқып-біліп, зерделеу арқылы еліміздің рухани мәдениетін, қоғамның саяси-әлеуметтік ерекшелігін танып-біле­тінін», «сөз өнері қай кезде де ұлт ойы мен парасатынан ха­бар берер басты өл­шем болып» табылатынын, ақынның «сөз саптау табиғатын жан-жақты зерттеу, жыраудың тіл өрне­гін жас ұрпаққа түсін­ді­ру ұлт­­тық құндылықтарымыз бен ізгі дәс­­түр­­ле­рімізді сақтауға, тануға, талдау­ға» көмек­тесетінін, «ұлт­тық білім­нің негіз­дері оның мазмұнындағы елдік рухпен, ұлт­тық ділмен сабақтасып жатса ғана тың сипатқа ие болып, шын мағы­насында тәуелсіздіктің символына» айналатынын айтады.

Ал қазіргі қолданыстағы «Не­­гіз­­гі білім беру деңгейінің 5-9-сыныпта­рына арналған «Қа­зақ әдебиеті» пәнінің жаңар­­тыл­ған мазмұндағы үлгілік оқу бағ­­дарламасында» 7-сыныпта «Тол­ға­уы тоқсан қызыл тіл» лек­си­калық тақы­ры­бында Жамбыл Жаба­ев­­­тың «Зілді бұйрық» өлеңі ғана берілген. Оның өзінде Ш.Қанай­ұлының «Зар заман», С.Арон­ұлының «Сүйінбай мен Қатаған­ның айтысы» бір тақырып аясында ұсынылған. Бұл жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу бағдарламасын ұлт­тық құндылықтар тұрғысынан қайта қараудың қажеттігін көр­се­те­ді.

«Тіл тануды ұлт танумен» ұштастыра білген Құдайберген Жұбанов туралы ғалым­ның тұжы­рым­ды ойларын «Ұлт биі­гі­не көте­рілген тұлға» мақаласынан таба­мыз. Әдіскер профессор Қ.Жұбанов­тың өз еңбектерінде түйінді мәсе­леге көңіл аудару, сөзбен суреттеу, көрнекілік, өмірге үңілдіру, еңбек процесімен байланыс, жүйелі ойға төселдіру, оқушының алдына проблема қоя оқыту, бір пәнді игерту үшін оған екінші пәнді құрал ету әдіс­те­рін қолданғанын фактілер арқы­лы дәйектеп, ғалымның оқыту үдері­сінің сапасын арттыруда оқу­лықтың рөлін айрықша бағала­ғанын айтады. Фаузия Шәмси­қы­зының ғалымның оқулық дайын­дау­да қойылатын талаптарын жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарына арнап жазылған оқулықтар мен оқу құ­ралдарын әзірлеуде іске асыр­ға­ны мәлім.

Профессор Ф.Ш.Оразба­ев­а­н­ың қазақ тілінің теориясы мен әдістемесін дамытуға үлес қосқан тұлғалар Шамғали Сары­баев, Сәрсен Аманжолов, Мәу­лен Балақаев, Нығмет Сау­ран­баев, Ахмеди Ысқақов, Рабиға Сыз­дықова, Әбдуәли Қайдар, Кәкен Аханов, Сейілбек Исаев, Алтай Аманжолов, Қанипа Бітібаева, Асқар Жұбанов, Мүслима Жұбанова, Төкен Жұмажанова, Жамал Манкеева, Зейнеп Базарбаева, Бердібай Шала­бай және т.б. туралы мақалалары салмақты талдау, сали­қалы, тұжырымды ойларымен құнды. Аталған мақалалар ғалым­ның алдыңғы буын өкілдері мен үзеңгілес қатарластарының еңбек­терін жіті зерттеп, бағалай алуы­ның көрсеткіші, «өзіңді өле сүй» ұстанымының нәтижесі дер едік.

Ғалымның «өзіңді терең таны» ұста­ны­мы сонау студенттік шақтан, 1971 жылдан басталғаны таңғалдырады. С.М.Киров атын­да­ғы Қазақ мем­лекет­тік уни­вер­­си­тетінің бесінші курс студен­­ті кез келген адамның қолы­нан келе бермейтін қиын тақы­рыпты – «Оғыз-нама» дас­та­нын зерттеу нысаны етіп алған. «Аңыз... Дәуір... Ақиқат»; «Оғыз-нама» текстінің транскрипциясы мен аудармасы»; «Шерулі ғасырлар шежіресі»; «Жырдағы көркемдік айшық. Сөз өрнегі» деп аталатын төрт бөлім­нен тұратын зерттеу жұ­мы­сы ‒ жас зерт­теушілерге үлгі боларлық еңбек. Фаузия Шәмси­қы­зының дипломдық жұмы­сын ғылыми жетекшісі Мырзатай Жолдас­­беков жоғары бағалап, «Фаузия Оразба­ева тақырыпты өз дең­гейінде игеру үшін көп оқып, көп ізденген. «Оғыз-нама» жырының тарихын түркі жұр­ты­ның ұлы тарихымен сәтті, сауатты сабақтастыра отырып қарас­тырған...Түр­кологияда әлі күнге зерттеушілерді бір тоқ­там­ға жүгіндірмей, әр
алуан пікір­сайыстарға арқау болып келе жат­қан Оғыз ханның кім екендігі, қандай дәуірде өмір сүргендігі туралы даулы мәселе­лер жөнінде де шәкіртіміз ғылы­ми додаларға жасқанбай араласып, өз көзқарасын ашық айтады әрі осындай тұстарда өз ойы мен пікірін дәлелдей отырып, «атағынан ат үркетін» көрнек­ті ғалымдарымызбен де орын­ды полемикаға барады...» дейді. 

Ғалым-әдіскердің «өзіңді терең таны» ұстанымы «Тілдік қатынас» еңбегінде толық көрініс тапқан. Тілдің табиғатын терең зерделеп, оның қаты­сым­дық қызметін жан-жақты дәйектеген бұл еңбек қазақ тілі теория­сы мен әдісте­ме­сіне тың өзгерістер енгіз­ді. Сөз, сөйлем, мәтінді қаты­сым­дық бірлік ретінде тану­ға, танытуға және оны қатысымдық әдіс арқылы оқытуға арналған көптеген ғы­лы­ми-әдістемелік зерттеуге негіз болды. Ғалым «тілдік бірлік пен қатысымдық бір­ліктің ең бас­ты айырмашылығы олар­дың атқаратын қызметі мен қолдану өрі­сіне байланыс­ты» екенін дәлелдеді. Олар­дың аражігін ашып көрсетіп қана қоймай, оны меңгертудің жолдарын ұсынды.

Тілдік қатынас пен елта­ным­ның сабақ­тас­­тығын «елтанымның этно­мәдени сипа­ты диалогтік қарым-қатынаста кеңінен орын алған. Коммуникативтік акт­ке құ­рыл­­ған диалогтық қаты­нас сәлемдесу/аман­дасу (сә­лем ‒ сөздің анасы), тілде­­сім (адам тілдескенше, жыл­қы кісінес­кен­ше), сөйлесім (сөй­лей-сөйлей шешен боласың), сұ­рас­тыру (сұрай-сұрай Мек­кеге барасың), хабарлама (алысқа ат шап­тырып, сауын айту), қошемет ету (үлкенге ‒ ізет, кішіге ‒ құрмет), пікірталас (сөзсайыс, ойжарыс), қайшылық (қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ) се­кілді сөйленіс түрлерінен тұ­ра­ды» деп тілдік фактілер негі­зін­де дәйектейді. Тілдік қаты­нас пен өлкетанымның сабақ­тастығын зерделеп, «туған өлкеге қатысты аңыз-ертегілер, ондағы кейіпкерлер, жер-су атаулары жас ұрпақтың туған жерге деген ішкі сезім иірімдерін оятуда оқиға желісін жеткізіп қана қоймай, сөздердің мағынасын түсініп, тіл нәрін игеруге себеп» болатынын айтады.

Фаузия Шәмсиқызы тілді оқы­ту­дың сапа­сын арттыруды әр уақытта назарда ұстап, соған барлық ғұмырын арнап келеді. Әлемдік әдістемеде өзі­нің тиімділігін дәлелдеген мәсе­ле­лер­ді қазақ тілін оқытуға бейім­деп, оны әрі қарай дамытып, жетілдіріп келе жатқан білікті әдіскер-ғалым.

«Өзгені жатсынбау» ұста­ны­мын ана тілінің өркендеуі үшін негіз етіп алған  тұлға. Профессор Фаузия Оразбаеваның жетекшілігімен еліміздің үздіксіз білім беру жүйесінде тұңғыш рет Қазақ тілін деңгейлік оқытудың тұжырымдамасы, Тіл стандарты, Оқу бағдарламасы мен Оқулықтар және Оқу-әдістемелік кешендер дайындалды. 2007 жылы қазақ тілін өз бетімен үйренгісі келетін тіл үйренушілерге арналған Қазақстан Республикасының көпұлттық сипаты мен өзіндік ерекшелігін және тілдік білімді бағалаудың халықаралық, Еуропалық стандарттары TOEFL, DALF\DELF, ALTE, IELTS негізінде алты деңгейден тұратын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірленді. Аталған құралдар қосымша электронды оқулық түрінде де ұсынылды. Әр тіл үйренушіге электронды оқулықтағы тест тапсырмалары арқылы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға мүмкіндік берілді. Еуропалық стандартта қамтылған терминдерді ғалым-әдіскер қазақ тілінің сөзжасамдық нормасына сәйкес аударып, жаңа терминдер жасады. Атап айтқанда, қарапайым деңгей (А1 Бастапқы игерім); негізгі деңгей (А2 Қалыптасқан игерім); орта деңгей (В1 Ілгерілей қалыптасқан игерім); ортадан жоғары деңгей (В2 Терең­де­тіле қалыптасқан игерім); жоға­ры деңгей (В2, С1 Еркін игерім); же­тік деңгей (В2 + С2+ Еркін және кә­сі­би игерім) деп аталды. Деңгейлік оқы­ту­дың қағидаттары өрістік, нақтылық, шапшаңдық, әрекеттестік, сабақтастық деген атаулармен, яғни жаңа терминдермен толықты. Электронды оқулықта «Жеті қазына» тақырыбымен берілген «Мақал ‒ сөздің атасы», «Көсемсөз», «Ойлан, тап!», «Өлең ‒ сөздің патшасы», «Ғибратты ғұмырлар», «Ән ‒ көңілдің ажары», «Алтын тамыр» айдарларының атауларын да ғалым өзі қойып, онда қамтылған мәселелерге айрықша мән берді.

Ғалым «Рухымыз, ұғым-танымымыз, халықтық қалыбымыз, ұлттық сипаттарымыз, қысқасы бізді планетаның өзге жұрт­тарынан даралап тұратын белгі-нышан­да­рымыздың қай-қайсы да, ең әуелі, осы тіл дейтін басты құн­ды­­лығымызға тіке­лей байланыс­ты еке­нін естен шығар­мауы­мыз керек» де­ген қағиданы ту етіп ұстап, жаһан­да­ну заманында бүгінгі ұрпақ­тың «өз мем­лекеттігімізді сақтап қалу дейтін ең іргелі міндетті арқалап» отыр­ғанын, «Алаш көсемдерінің пікір-көзқарас­тары мен ұстанымдарын «Рухани жаңғыру» жағдайында еліміздің дамуына, өркен­де­уіне тірек болатын мәдени-рухани негіз» деп қабылдаудың қажеттігін үлкен мін­бер­лерден үнемі айтып келеді. «ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері тіл мәселесін ұлт болашағымен, ұрпақ тәрбиесімен байланыстырып, ана тілінің дамуына ерекше» көңіл бөлгенін есімізге салып, «Қазақ елі секілді үлкен өріске, өркениет айдынына бет алған мемлекетке Батыс пен Шығыс мәдениетін қатар игеру қалай қажет десек, босағасын жаңа аттап отырған ғасырымызда да мектептің екі үлгісін қатар дамыту тиімді екенін уақыт сұранысы өзі көрсетіп отыр» деп, «өзгені жатсынбауды», озық әдістемелерді игеріп, қолданысқа енгізу керектігін дәлелдеп келеді.

Профессор Ф.Ш.Оразбаеваның «Тілдік коммуникация мен қатысым әдісінің ғылыми-теориялық негіздері» атты докторлық диссертациясында (1996 жыл) жоғарыда сөз болған 4К моделіндегі барлық дағдылар жан-жақты негізделген. «Тілдік қатынас ‒ тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы; қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу; яғни адамзаттың тіл арқылы сөйлесім әрекетін меңгеруі» деп анықтама берген.

Бір мақаланың аясында ұстазы­мыз­дың барлық еңбегінің тілді дамыту мен оқытуға қосқан үлесін қамту мүмкін емес. Ғылымда да, өмірде де адалдық мен адамгершілікті, «өзіңді өле сүй», «өзіңді терең таны», «өзгені жатсынбау» ұстанымын өзінің өмірлік кредосы санайтын, терең парасат пен текті болмыстың иесі, бәрімізге білім беруші, тәрбиелеуші, өмірге бағыт сілтеуші, ұйымдастырушы, тең дәрежеде пікірлесуші, оқушының жан дүниесін түсінуші, әрі сыпайы мінезді, бекзат бітімді тәрбиеші, әрі мейірімді ана, сырлас жетекші – арамызда жүрген ардақты ұстазымыз – біз үшін қай кезде де үлгілі жан, өнегелі тұлға.

 

Райгүл РАХМЕТОВА,

 педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қаз ҰПУ-дың ассоциативтік профессоры