Екінші курста жүріп республикалық конкурстарға қатысып, көрмелерге суреттері қойылды. Осы бәйгеге қатарластары ғана емес, өзін оқытатын, бейнелеу өнеріне етене етіп, қабілетін ұштайтын ұстаздары да қатысып еді. Алайда, жүйріктің аты – жүйрік! Мағауияның еңбегі жанды. Міне, осы жетістік ол мағыналы тірлік кешкен барлық жылдарына ұласты. Ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылды. Еңбегі ғажап еді! Бірақ, әттеген-айы, өте алмады, сыйлықсыз қалды...
Арада уақыт өтті. Шығармашылығы шыңдалған, есімі Одаққа мәшһүр бола бастаған М.Аманжолов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Еңбектері бұрынғыдан да ғажап, тамырлы, тағдырлы болатын. Ол елдің батылы бара бермейтін, айтуға ауызы жасқанатын қазақ халқының қасіреті туралы сан түрлі тақырыпқа барды. «Ақтабан шұбырынды...», аштық оқиғалары, қазағым деген алаштықтардың көңілін тербеген ойлар... Осының бәрін мың бояулы, айтары әріде жатқан суреттері арқылы елге жеткізсем деді. Сөйтсек, бояу тілімен-ақ қазақтың қасіретінің бәрін ашып беруге болады екен. Дәл солай екенін Желтоқсан көтерілісінен кейін ізін тіміскілеген, кенептегі суреттерінен сұрқай оқиғалар іздеген «мықтылар» шеберханасына түнделетіп келіп, әрбір дүниесіне үңіліп, «мына суретің не туралы?» деп, әбден сауалдан кейін сауал беріп, ішкі ойын білмекке ұмтылғанда өзінің нендей тақырыптарды қозғағанын бір-ақ білді. Сөйтсек, Мағауия әлгіндей жабық тақырыптарды қозғау арқылы қазақ жастарының санасына сәуле жүгіртіпті. Әдебиет әлемінде Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбеков, Шона Смаханұлы және басқа да ағаларымыз қаншалықты ықпал етсе, бейнелеу өнерінде Мағауия дәл солардай із тастапты.
М.Аманжолов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын да ала алмады. Ол оған өкінген жоқ. Алайда, ішінде еңбегім адал бағаланбады-ау деген жаман ой қалды. Десе де оған қираған жоқ! Шамырқанып, шабыттанып кетті. Әріптестері бара бермейтін тың ойларға құрылған суреттерін жазуға асыл уақытын арнады. Күнін – түнге, түнін – күнге ұластырды. Бәлкім, шаршаған да шығар. Әділетсіздік, әрине, шаршатады. Кейбір кісілер Мағауияның осындайда сәл босаңсыған сәттеріне куә...
– Мағауия сирек талант еді. Ол туралы маған жазуға ықпал еткен Ақселеу Сейдімбеков. Шеберханасына бардым, жазған шығармаларын көрдім. Туындыларын тамсана қарай жүріп өзімен тілдестім. Білімдар жігіт екеніне көзім жетті. Сөйтсем, ол әр шығармасының тақырыбына орай қатты ізденеді екен. Көркем дүниелерді де оқиды, тіпті архивке де баратынын білдім, – деп еске алады ақын Жүрсін Ерман. Өзінің республикалық газетке портреттік мақаласын жазғанына марқаяды.
М.Аманжолов туралы көп жазылыпты. Республикалық барлық газеттерде есімдері елге әйгілі журналистер, ақындар, қалам ұстағандардың талайы ой толғапты. Солардың бірі бүгінде қазақтың қабырғалы қаламгері атанған Қали Сәрсенбай.
– «Мағауия Аманжолов» атты альбом-кітапты жасау кезінде сол материалардың бәрін оқып шықтық. Мәкең қағазға өте мұқият екен. Өзі туралы жазылған газет-журналдардың екі-үшеуі, тіпті он шақтысын кезіктірдік. Арасында одақтық басылымдар да бар. Біз қалам қайраткерлерінің, өнер зерттеушілерінің, суретші әріптестерінің айтқан лебіздерін іздедік. Ішінен ерекше ойларын іліп алдық. Өзіміз құрастырған (К.Молдабаева – жары, Қ.Аманжолова – қызы, Т.Айтбайұлы – публицист-жазушы) әлгі кітапта отыздан астам пікір иелері қамтылды. Әрқайсысы әр қырынан келеді. Өйткені Мағауия көп қырлы суретші екен. Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Қаржыландырған Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов сурет өнерінің шын жанашыры екен. Өскеменде көрмесін өткізді, Алматыдан баратын қонақтардың барып-келу шығынын көтерді. Альбом-кітаптың тұсаукесерін жасады. Қалай ғана осындай азаматқа разы болмассың? – дедім мен.
Егер Мағауия арамызда жүрсе, бүгінгі күні мерейлі 70 жасын тойлар едік. Бар ма, жоқ па – белгісіз. Әрине өте ауыр. Сондықтан да оқылған құранда аты аталмады. Өмірлік сыңары, суретші Күлбайраш Молдабаева бастап, үш қызы қостап өткізген ас дастарқанында сөз алғандар не дерге білмей дағдарды. «Ол – тірі», деді бірі. «Ол көкке ұшып кеткен шығар» деді – екіншісі. Өйткені арда азаматтың өлгенін көрген ешкім жоқ. Хабарсыз кеткеніне 24 жыл болыпты...
Мағауиядай сирек талант шығармалары арқылы жасай береді. Ол үшін, оның өнерін шынайы бағалайтын ұрпақ керек. Өзі туған Қарағанды облысында да еске алатын, ескеретін кісілер табылады. Өйткені оның бейнелеу өнеріндегі қалдырған ізі айрықша. Бір ғана өңірге, аймаққа арналмаған. Онда қалың қазақтың талайлы тағдыры бар.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
журналист