Алматының алмасын таныған әлем, сол алманың тағдырына алаңдап, танымал жемістің тұқым жаюына өзінің үлесін қосқан Арыстан Ғазизұлындай агроном-ғалымды да білсе екен деген көшелі ой көкірекке сәулесін құйып, жанымызға жарық төгеді.
Алматы өңіріндегі алма және алмұрт ағаштарының бұтақтарын будандастырудағы, осынау жеміс ағаштарының сапасын арттырудағы Арыстан Ғазизұлының еңбегі ерен еді. Алатау баурайын, Алматы аймағын абаттандыру ісіне аянбай атсалысқан Арыстан бағбанның бақшаларын көрген жұрт еріксіз таңырқап таңдай қағатын. Оның бақша жемістерін сұрыптап, алма мен алмұрттың бұтақтарын будандастырудағы шеберлігі әлі күнге ел есінде.
«Баптай білсең, жер жомарт» деген нақыл сөзді ұстаным еткен Арыстан ерте көктемнен кетпен-күрегін алып, жер аудару қамына кірісетін. Арықтарды аршып, жеміс ағаштарының күтімін бақылауға алатын. Киелі кәсібінің жауапкершілік жүгін ерекше сезіне білген алғыр агрономның тікелей басшылығымен егілген, жапырағын самал тербеген саялы жеміс ағаштары мен түрлі өскіндердің жайқалып тұрғанын көрген жұртшылық Қызыр қонған қаланың көркіне ерекше қуанатын. Бағбандықтың қыр-сырын өте жақсы білген білікті маман алма мен алмұрт ағаштарын баптауды, суаруды, қопсытуды, топырағын жаңалауды, жерді демалтуды қарамағындағы өзге де бағбандарға үлгі еткен. Жемісті тал кезінен қалай баптап өсірсең, түсімін де солай береді. Жас шыбықты қалай болса солай еге салу, оны отырғызатын жерді дұрыс қазбау, артық бұтақтардан арылтпау, айналасындағы арам шөптерін отамау ағаштың жылдам тамырланып кетуіне кедергі келтіретіндігін айналасындағыларға айтып, кеңес беріп отырған. Бақша егу еріккеннің ермегі емес, бұл адам мен табиғаттың үндестігі екендігін ескертіп, жастарды табиғатты аялауға үйреткен тәлімгер, бағбандыққа ғылыми тұрғыдан қарай білген зиялы зерттеуші Арыстан Ғазизұлы өзі туған Шамалған ауылының ғана емес, жалпы Алматы маңайының табиғат жанашыры бола білген аяулы азамат еді.
1946 жылдың 21 қаңтарында қазіргі Қарасай ауданы құрамындағы Шамалған ауылында дүниеге келген Арыстан Жапаров 1965 жылы Қазақтың ауылшаруашылық институтына оқуға қабылданып, 1970 жылы осы аталған оқу ордасының толық курсын агроном мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Артында абыройлы аты қалған, еңбегімен еліне елеулі, халқына қадірлі болған ғалым-агроном, жемістанушы Арыстан Ғазизұлы Қазақтың ауылшаруашылық институтындағы оқуын ойдағыдай аяқтаған соң, туған ауылына оралып, өзінің өмірлік серігі болған, асыл да адал жары Шолпан апайымызды кездестіріп, шаңырақ көтерген. Енді ғана отбасылық өмірдің қызығына қуанып, балалы болып, еңбегінің жемісін жаңа ғана көре бастаған айтулы азамат небары 33 жасында, аяқ астынан болған апаттан бақиға аттанды. Ол он балалы әулеттің үлкені тұғын. Аяулы ата-анасына қолғанат, өзінен кейінгі сегіз қарындасына, жалғыз інісіне қамқор болды. Үйдің үлкені ретінде арттағы іні-қарындастарына жол көрсетіп, үлгі болып, үміт шырақтарын өшірмей, өмірге жетелеген Арекеңдей абзал ағаның өмір жолы – кім-кімге де салауаты сабақ, өскелең ұрпақ үшін – өнеге.
Бауырларын барлық өмір белестерінде қолдап, әрқайсысының табысына қуанып, білім-біліктеріне бағыт-бағдар беріп, маман болып қалыптасуларына жәрдемдесіп, жүректеріне имани гүл егіп, саналарына сауаттылық пен сауаптылықтың сәулесін дарытқан, айналасындағыларға арқатірек пана, ата-анасына сүйкімді бала, кейінгілерге абыройлы аға, балаларына үлгілі әке, қосағына қадірлі жар бола білген, бір бойында бірнеше өнер тоғыстырған Арыстанның ақжарқын, жайсаң жан болғандығын ауылдастары, көзкөрген ағайындары үнемі мақтанышпен айтып отырады. Артында қалған Ләззат, Қадірбек, Жанна, Бағила есімді төрт бірдей сәбиін аманаттап, бақиға аттанған Арыстан Ғазизұлының күтпеген жерден көз жұмғанына қан жұтып, қабырғасы қайыса қайғырған аяулы анасы Кубира баласына арайлы жырларын арнаумен ғана жаралы жүрегін жұбатуға тырысыпты.
«Қыс пенен жаз алмасып, жыл өтеді,
Сенің жатқан жеріңе гүл өседі...»
Ананы ақын еткен – баласының тағлымды тағдыры, ауыр қазасы. Кубира апаның, толық аты-жөнімен атасақ, Кубрайхан Алғазықызының тұңғыш сәбиіне Арыстан деп есім беруінің өзінде қандай терең мән жатыр десеңізші. «Арыстандай айбатты азамат болсын!» деген ізгі ойдан туындаған шұғылалы шешімтұғын. Осының өзі Кубира апайымыздың нұрлы да қасиетті жан екендігінен хабар береді ғой. Бұл есімді тегіннен-тегін таңдамаса керек. Тағылымды тектіліктің белгісіндей! Аяқ астынан асқар таудай ұлынан айрылып қалу анасы Кубира Алғазықызымен бірге әкесі Ғазиз Жапарұлы үшін де, аяулы жары Шолпан үшін де, артында қалған балалары мен бір туған бауырлары үшін де үлкен қасірет болды. Алайда Алла ісіне сабырмен қарап, Кубира апаның айтқан «Аруағы папаңның риза болсын, Балалары Арыстанның жақсы дегіз» деген ақылын ардақтап жүрген Арыстан Ғазизұлының қызғалдақтай қыздары Жанна мен Бағила үшін бүгінде әке есімі айрықша нұрлылықтың нышанындай.
Арыстан әкесі аяқасты опат болғанда, ең кіші қызы Бағила қырқынын да шықпаған нәресте еді. Бүгінде әкесін көрмесе де, марқұмның текті тұлға болғандығын терең түйсінетін Бағила Арыстанқызы да республикаға еңбегі белгілі, білім саласының білікті маманы. Әкесіне ұқсап жеміс-жидек екпесе де, «білімнің бағын баптап», Тәуелсіз елі үшін жемісті еңбек етіп келеді.
Айналасына жұлдыздай жарық болған Арыстан Ғазизұлының қайраткерлік тұлғасын ұлықтау – ұрпақ парызы. Бұл алыстан тұлға іздеп, қолдан аңыз жасау емес, бұл – нағыз тағылымды тағдыр шындығы. «Жақсыдан жасыл бақ қалар» демекші, жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, тек қана өз іні-қарындастары мен туған балаларына ғана емес, тұтастай ауыл-аймаққа, жалпақ қазақ жұртына қал-қадірінше қамқорлық танытып, айналасына мейірім шуағын шашыратқаннан шабыт ала білген, біреуге шарапат-шапағаты тисе, шаттана білген шынайы мәндегі жақсы адам өзіміздің қасымызда жүрген екен, бізбен бірге бір аспан астында, бір жердің үстінде өмір кешкен екен. Өмірден ерте кеткенмен, артында жасыл бақ болып, еткен еңбегі, ағайын, дос-жаран арасындағы құрметі, ұлағатты ұрпақтары қалыпты.
Арыстан Ғазизұлындай игі жақсының есімі, артында қалған ізгілікті ісі ұмытылмайды. Оның қолымен егілген бау-бақшалар қазіргі таңда да қалың жұрттың қажетіне жарап тұр десек те, артық айтқандық емес.
Балтабек НҰРҒАЛИЕВ,
өнертану ғылымдарының магистрі, ақын-драматург