Әдебиет • 28 Қараша, 2019

Хат қоржын (28.11.19)

5778 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын (28.11.19)

...жаңалығын жеткізеді

Коворкинг орталығы ашылды

Биыл «Жастар жылы» аясында аудан жастары үшін оң өзгерістер орын алуда. Соның бірі – Маңғыстау аудандық жастар ре­сурс­тық орталығының жанынан ашылған жастарға арналған коворкинг орталығы.

Жастарға арналған коворкинг орталығы – студенттер мен басқа жастарға ресми және бейресми білім алуға, бос уақытын тиімді пай­да­лануға, жеке және топтық жұмыстарды ұйымдастыруға, интернет қолдану мүмкіндігі жоқ жастарға ақпарат іздеуге арналған тегін кеңіс­тік.

Аталған орталық аудан жастарының уақытын тиімді пайдалануға бағытталған жобалардың жұмысын жүргізу, жастар мен жасөс­пірімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру, жастар арасында инновациялық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруге бағытталған оқыту шараларын ұйымдастыру, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі мен кәсіпкерлік сауаттылықтың дамуына жағдай жасауға бағытталған.

Мұнда жастар мен жастар ұйымдарына арналған ағымдағы және келешектегі жобаларды талқылау алаңының жұмысын жүргізу, жастардың шығармашылық және ғылыми жұмыспен айналысуына мүмкiндiк жасау, жастарға арналған заманауи, ақпараттық технология­лармен жабдықталған және интернет желісімен қамтамасыз етілген тегін кеңістік қалыптастыру, жастардың өзін-өзі дамытуы үшін ашық кеңістік құру, жастарды ақпараттандыру және оларға кеңес беру, жас­тарды өмірлік маңызы бар дағдыларға үйрету көзделіп отыр.

«Кез келген жас орталыққа келіп, тегін wi-fi жүйесін қолданып, өзіне қажетті ақпаратты алуына, достарымен қосылып қызықты кітаптар оқып, олардың мазмұнын талқылау мүмкіндігіне ие бола алады. Коворкинг орталығы жастарға арнайы жұмыс регламентіне сай қызмет көрсетеді. Кез келген жас коворкинг орталығының қызметін тегін пайдалана алады», дейді «Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Аллаберген Қонарбаев.

 

Адайбек КӘДІРЖАНОВ

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

 

...қауіптенеді

Жапондар интернетке илікпейді

Бүгінгі таңда адамзат ғұмырының төрттен бір бөлігін интернет алады екен. Көбісі бостан босқа телмірумен уақыт өткізеді. Дүниежүзілік са­рап­шылар есебі бойынша, интернетке әрбір адам күніне шамамен 6 са­­ғат, 42 минутын арнайды деседі. Бұл – бір жылдың 100 күніне тең.

Соңғы 25 жылда ғылым мен техника қатты қарыштап дамыды. Мобильді қосымшалар, планшеттер, телефондар айналымға енгізіле бас­тады. Осының нәтижесінде кітаптан телефонға, қала берді ғаламторға жіпсіз байланатындар көбейді. Тіпті алпауыт Ұлыбритания елінде құлақ ауруымен ауыратын жастардың саны 60 пайызға жеткен. Сонымен қатар технологияның отаны саналатын Жапонияда көзілдірік тағатындардың үлесі артқан. Басым көпшілігі жас жеткіншектер. Осындай дерттің алдын алу үшін, қазір мектеп оқушыларына интернетті пайдалануда арнайы шектеулер қойған. Бұл елдің халқы интернетке орта есеппен ең көп дегенде күніге 3 сағаттан аса уақытын бөледі екен. Соның нәтижесінде ғаламторда аз уақыт өткізетіндердің көшін – Жапония бастап тұр.

Интернет тілін білгенге – пайда, білмегенге құзбен пара-пар. Пайда ойламай, арды ойлап жатқандар ол әлемде аз кезігеді. Кезінде ғаламтор шыққанда мынадай бір сөз қатар шыққан еді. «Компьютерде отырғандарды, кітап оқығандар басқарады» деген. Хош! Солай – болсын-ақ. Біз жапон халқының қалай бұл індеттің алдын алғанын көрдік. Ендеше кеш болмай тұрғанда бізге де бір жолын табу керек. Интернет адамзатты емес, адамзат интернетті басқарсын демекпін.

 

 Олжас ЖОЛДЫБАЙ

 

...кеңес береді

Киім тарату – сіңісіп кеткен дәстүр

Қайтыс болған кісінің артынан жыртыс, тәбәрік, киім тарату – қазақ халқының салт-дәстүріне сіңісіп кеткен үрдістер. Мұның бәрін мұсылман халқымыздың қайтқан кісінің атынан садақа беру ниетімен жасайтындығы белгілі. Ислам діні бойынша, қайтыс болған кісінің атынан садақа беруге болады және оның сауабы өліге тиеді деп есептеледі. Яғни, бұл амалдар садақа ниетімен жасалуы қажет. Осындай ниетпен жасалғанда шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ, қайта керісінше, құп көрінеді. Бірақ бұл амалдар шамасы келмейтін адамдарға жүктелмейді. Яғни, шамасы келетін адамдар ғана жасауына болады, ал шамасы жетпейтіндерді дініміз бұған мәжбүрлемейді.

Ал қаралы үйде тамақ пісіруге келетін болсақ, ислам діні бойынша ол үйде тамақ пісіріп, қонақтарға дастарқан жаю емес, керісінше көңіл айтып келген туыстары мен көршілерінің қаралы үйге тамақ ала келуі өсиет етіледі. Алыстан кісілер келгенде оларға тамақ берудің ешқан­дай сөкеттігі жоқ. Қазіргі кезде қаралы үйлерде «басқалардың алдын­да ұятқа қалмайық», «жұрт күлмесін» деген оймен той секілді дас­тарқанды жайнатып тастайтын әдет белең алып барады. Өзі қара жа­мылып, қайғыға батып отырған шаңырақ дастарқандарын жайнатып қою үшін шығынға белшеден батып, кейбіреулері қарызданып, қай­ғысына қайғы жамайды. Бұл, әрине дін тұрғысынан да құптарлық дүние емес. Сондықтан ауыл ақсақалдары мен молдалары ақылдаса отырып, осыны болдырмаудың жолын қарастыру қажет.

 

А.ӘДІЛБАЕВ,

исламтанушы

 

...алғыс білдіреді

Қылқалам шеберлеріне қанат бітірді

Жуырда Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қылқалам шеберлерінің «Жас толқын – 2019» республикалық байқауы өткен болатын. Аталған байқауға 131 жас автор өтініш беріп, соның ішінен 73 суретші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Байқауда облыстық Суретшілер одағының төрағасы Вадим Быков бастаған қазылар 4 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Аталған аламанда жүлдегерлер қатарына іліккеніміз үшін ерекше қуандық. Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі, Суретшілер одағының белді мүшелері Александр Захарченко мен Татьяна Баринова сияқты кәсіби мамандар байқауға қатысқан жас суретшілерге өз тәжірибелері бойынша шеберлік-сыныптарын өткізіп, дәріс оқыды. Осы ретте байқауды ұйымдастырушы Қостанай облысы әкімдігіне, Суретшілер одағының Қостанай облыстық бөлімшесіне үлкен алғыс білдіргіміз келеді.

 Ерсін ТЕМІРҒАЛИЕВ,

Ә.Ысмайылов атындағы балалар көремсурет мектебінің бейнелеу өнері және сызу пәнінің оқытушысы

Қарағанды облысы,

Шахтинск қаласы