Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Әйгілі Әйтеке бидің: «Өмірім – халықтікі, өлімім – өзімдікі», – дейтіні сондықтан. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.
Өткенімізге назар салсақ, тарих қатпарындағы небір келеңсіз келіспеушіліктердің орын алуына адам бойындағы астамшыл пиғыл мен дарақы дандайсушылық һәм тәкаппарлық пен үстемшілдікке үйір ниеттің түрткі болғанына көз жеткіземіз. Адамзат баласының қасіреті мен дүрдараздығына ізгіліктен бет бұрып, адамшылық ақ пейілден ауытқып, әу бастағы дүниеге келудегі мұрат-мақсаттан айнуы, қарадүрсіндік пен қатыгездікке бой алдыруы әсер еткені талассыз шындық. Ал адамзат осындай өткен өмір соқпақтарындағы шалт кеткен қателіктерінен сабақ алуға тиісті. Осы тұрғыда ғаламдық бейбітшілікке үндеген кез келген ізгі қадам, оның ішінде дәстүрлі дін жетекшілерінің сұхбаттастық орнатуы, адамзат баласын татулыққа үндеуі, адамдық мақсат-мүддені танып білуге үнқатысуы, сөз жоқ аса маңызды іс-шараға жатады.
Осы тұрғыдан келгенде, Тəуелсіз Қазақстанның əрбір жеткен жетістігінде, бағындырған белесінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы жатыр. Еліміздегі барлық этностарды бір шаңырақтың астына топтастыра білген Елбасының ерен еңбегі тарихта мəңгі қала бермек.
Н.Назарбаев тəуелсіздік жылдарында діни сенімі мен ұстанымы бір арнаға тоғыса бермейтін əлемдік және дəстүрлі діндер көшбасшыларының басын елордада қосып, дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа үндеді. Нұр-Сұлтанда əр үш жыл сайын өтетін Əлемдік жəне дəстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жер жүзіндегі діні мен тілі, ұлты мен ұлысы əртүрлі күллі адамзат баласын бірлік пен бейбітшілікке, ымыра мен ынтымаққа ұйыстырар бірегей игі жобаға айналды. Осылайша елорда бейбітшіліктің алтын бесігіне айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев əлемге татулық пен достықты, тұрақтылық пен толеранттылықты жақтайтын көшбасшы, тұлға ретінде танылды. Ол кешегі ата-бабаларымыздың арманын орындап, жаңа Қазақ мемлекетінің іргетасын қалады.
Мемлекетті басқаруда ұлт бірлігін, дін бірлігін бірінші орынға қойып, достық пен келісімнің үздік үлгісін қалыптастыра білді. Осынау сарабдал саясаттың арқасында біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды.
Мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт демалыс күні болып жарияланды. Мұсылман жамағаты мемлекеттің бұл қамқорлығына әрқашан дəн риза. Біз, Ислам дінінің қызметкерлері мемлекеттің тұтастығы мен игілігі үшін қашанда дұға-тілектеміз.
Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы ретінде Аллаға және адамға әрдайым алғысын айтуды міндеті санайды. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамға алғыс айта алмаған Аллаға да алғыс айта алмайды», деген.
Асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін жариялаудан бір күн бұрын елордада Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ, бір мезетте 30 мың адам құлшылығын өтей алатын зəулім мешіттің іргетасын қалады. Осы тарихи шарадан кейін Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратын аралап, дін қызметкерлерімен сұхбаттасты.
Мүфтияттың жұмысына сəттілік тілеп, игі бастамаларымызға батасын берді. Бұл – Елбасының Ислам діні мен еліміздегі 70 пайыздан астам мұсылман жамағатының қарашаңырағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жасаған қамқорлығының жарқын көрінісі деп айтар едім.
Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти