Марк Хортонның пайымдауынша, AQR банк секторының тұрақтылығын кешенді бағалауға бағытталған қалыпты тәжірибе. Осыған дейін Беларусь пен Украинаның банктерінің активтері түгелденген. Беларусьте тоғыз банктің активі тексеріліп, үш банктің капиталы жетіспейтіні белгілі болды. Украинада 56 банктің төртеуін қаржыландыру керектігі анықталды. Бұл қаржы институттарының барлығы бір жылға жетпейтін уақытта айтылған олқылықтың орнын толтырған көрінеді.
Осыған дейін Үкімет тарапынан беріліп келген қаржылай көмекке қолы жетпей келген екінші деңгейлі банктер бұл жолы да қалтарыста қала бере ме? Біз осы сауалдың жауабын бұған дейін де тарқатуға тырысқан едік. Халықаралық валюта қоры бұл мәселені де ойластырыпты.
– Көмек мөлшері банктердің портфолиосына, қазіргі және жаңа акционерлердің осындай қолдауды қамтамасыз ету қабілетіне байланысты болады. Ұлттық банк пен Үкіметке кеңес берудің мәні – мұндай көмектің алғашқы көзі банктердің қолданыстағы акционерлері болуы керек. Содан кейін басқа инвесторлар қаржыландыруға кірісуі мүмкін, – дейді ол.
Демек Халықаралық валюта қоры AQR арқылы қазақстандық банктерге жеке қорынан көмектеседі деп үміттенудің қажеті жоқ. Олар Үкіметтің немесе басқа инвесторлардың көмегі арқылы жүргізіп, қаржыны Ұлттық банктің бір қалтасынан алып, екінші қалтасына салумен ғана шектеледі.
Сонымен қатар, М.Хортон қосымша капиталдандыруды жүзеге асыра алмайтын ең ірі және жүйелі маңызды банктер туралы да айтып өтті. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсету қажет.
– Бірақ қолдау осындай банктерді қайта құрылымдау жоспарларына және олардың қаржылық жағдайын жақсарту үшін бизнес-жоспарларды дайындауға қатысты нақты ережелер мен талаптардан туындауы керек. Жалпы, қазақ Үкіметінің активтер сапасын бағалауды жүргізіп жатқаны бізді қуантады, өйткені ол нақты және тәуелсіз бағалауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Миссия басшысы Қазақстанда девальвацияның қажеттілігі туралы пікір білдіріп, теңге бағасын қолдан ырықтандырып отырған Ұлттық банктің әрекетін қолдамайтындай сыңай танытты. Үкіметтің немесе Ұлттық банктің интервенциялау туралы ұстанымы Қазақстанның ұлттық валютасының жағдайын, оның экономиканың негізгі көрсеткіштеріне қаншалықты сәйкес келетінін, дұрыс бағаланғанын немесе жоқтығын талдауға мүмкіндік бермейді. Халықаралық валюта қоры теңге еркін болуы керек деп санайды. Сонда ғана ішкі және сыртқы факторларға, инфляциялық таргеттеу саясатына толық сәйкес келеді.
Егер Ұлттық банк интервенциялауды тоқтатпаса, ол Халықаралық валюта қоры тарапынан қайта бағалануы, мұның соңы тиісті деңгейде бағаланбауына соқтыруы мүмкін.
– Бұл процесс Ұлттық банктің екі есе шығындануына алып келеді. Қазақстанда біз қайта бағалауды немесе төмендетілудің белгілерін көрмейміз. Бізге жалпы алғанда, теңгелік баға негізгі экономикалық көрсеткіштерге сәйкес келеді, – деді ол.
М.Хортонның пайымдауынша, ағымдағы шоттың тапшылығы мен капитал ағындарының тепе-теңдігі сақталуға тиіс.
– Біз тікелей шетелдік инвестицияларды, сондай-ақ қарызды байқап отырмыз. Жалпы алғанда, жағдайдың қолдан теңдестірілгенін де көріп отырмыз. Теңге еркін болуы керек, ол ішкі және сыртқы факторларға жауап беруге тиіс. Бұл инфляциялық таргеттеу саясатына толығымен сәйкес келеді, – деді М.Хортон.
Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері жақсы екенін айтып отыр. Мұнайға жатпайтын экономикалық секторда өсім байқала бастаған. Ағымдағы жылдың III тоқсанындағы өсім 4,3%-ды құрады, жыл басында Халықаралық валюта қоры бұл көрсеткіш 3,8% болады деп болжаған еді. Алайда шикізаттық емес сектордағы өсім тұрақты түрде жалғаса береді деген болжамға сеніп қалуға да болмайды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім әлсірейді. Халықаралық валюта қоры көрсеткіш 4%-дан төмен болады деп болжап отыр.
2019 жылдың 1 тамызынан бастап банк жүйесінде екінші деңгейлі банктерге кешенді тәуелсіз бағалау жүргізу басталғаны белгілі. Тізімде 14 банк бар. Moody’s сарапшыларының пікірінше, AQR-ден кейін қазақстандық банктер 600 миллиард теңгеге дейін қаражат талап етуі мүмкін. Сонымен қатар, S&P Global Ratings болжамына сәйкес, активтердің сапасын бағалағаннан кейін банктерге 1 трлн теңгеге дейін резерв құру қажет болады.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, Ұлттық банк аудиторлармен және инспекторлармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
– Біз барлық процесті жыл соңына дейін аяқтаймыз. Соңғы екі-үш жыл ішінде реттеушінің талаптарына сәйкес келмейтін банктерді лицензиясынан айырдық, оған қоса акционерлермен бірлескен қағидаттар бойынша қолдау көрсетілді, – дейді Олег Смоляков.
Ұлттық банк өкілі айтқандай, AQR банк секторын тұрақтандырады. Тексерістен кейін қандай да бір теріс жағдайлар болмауға тиіс.
АЛМАТЫ