Бизнес • 29 Қараша, 2019

Қазақстандағы ең үздік бизнес-климат – Алматыда

412 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Almaty Investment Forum жұмысына қатысу үшін 700-ден астам іскер топтың өкілдері тіркеліпті. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерде делегаттардың 142-сі шетелдік, 126-сы Қазақстандағы халықаралық компаниялардың өкілі екен. Форумның негізгі міндеті – Алматы кәсіпкерлері мен шетелдік инвесторлар арасында диалог орнату. Оларды қызықтыратын сұрақтарға жауап беріп, бизнес үшін өзекті мәселелерді талқылау. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыда ең батыл жоспарлар мен ірі инвестицияларды жүзеге асыру үшін аса қолайлы кезең екеніне тоқталды. Себебі бұл форум Алматыда алдағы 30 жылға арналған даму стратегиясы қалыптасып жатқан тарихи сәтте өтті.

Қазақстандағы ең үздік  бизнес-климат – Алматыда

Осы тұста Алматының даму стра­тегиясын жасау барысын­да әлем­дік мегаполистердің түрлі тәжі­ри­бе­лері қарастырылғанын да жиналған­дар­дың қаперіне салды. Қазір әлем инте­грация­лық үдерістерді бастан ке­шіп жатыр. «Әлемдегі кей­бір қа­лалар неліктен қарыштап алға жылжып, та­бысқа жетеді де, ал енді біреулері, керісінше, ке­дей­ленеді?» деген сұрақ тек қазақ үшін емес, әлем үшін өзекті.

«Сан-Франциско халқының жан басына шаққандағы табысы – Аме­риканың ең кедей қалалық аймағына қарағанда үш есе жоғары. Сан-Франциско сыры келесі үш түрлі себепке байланысты. Өмір сүруге қо­лайлы тамаша климат жағдайлары – АҚШ-тың қолайлы күн белдеуі, дамыған инфрақұрылым және АҚШ-тағы ең үздік бизнес-климат.

«Жалпы, Алматы да «күн белдеуінде» тұр. Мен тек климатты ғана айтып тұр­ғаным жоқ. Сан-Франциско сияқты қа­ла­­лардың жолы бізге өте қызықты. Қа­­лалық экономиканың құрылымдық маневрінің идеясы осыдан шығады» деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Алматы инвестклимат бойынша жетек­ші орынға ие. Дүниежүзілік банктің ұлтішілік рейтингісінде Алматы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақ­станның барлық өңірі арасында бірінші орында тұр. 2019 жылдың қыр­күйек айында Fitch агенттігі Алма­тыға ВВВ несиелік рейтингін – Қазақ­станның дербес рейтинг деңгейін берді, бұл инвестиция үшін тәуекелдің төменгі деңгейін білдіреді.

Іс жүзінде Қазақстандағы ең үздік бизнес-климат Алматыда. Сонымен қа­тар Орталық Азиядағы өзге бірде-бір мегаполис мұндай халықаралық не­сие­лік рейтингке ие емес. «Қала эконо­ми­касының көлемі – 12,1 трлн теңгені немесе 35 млрд долларды құрайды. Бұл – жалпы ішкі өнімнің бесінші және салық­тардың төрттен бір бөлігі. Ал­маты – жал­пы өңірлік өнімі жан басына шақ­қан­да 19 мың долларға жуықтайтын, Ор­талық Азиядағы ең табысты мегапо­лис. Мегаполисте өмір сүру сапасы мен жайлылықты арттыру үшін біз қыс­қа-мерзімді және ортамерзімді даму жос­пар­ларының арнайы пакетін қабыл­дадық. Олар бірінші кезекте «жаңа Ал­матыға», яғни мегаполистің шеткі аудан­дарына, сондай-ақ Алматы агломерациясына қатысты. Екі жоспар да қаланың кезек күттірмейтін мәселелерін жылдам шешуге бағытталған: сумен жаб­дықтау, жарықтандыру, абаттандыру және қауіпсіздік» деп сөзін бір түйіп өтті шаһар басшысы.

Алматының даму жоспарында басымдық беретін келесі тренд – креа­тивті индустриялар. Бұл тек Алматы емес, экономиканың ең перспективалы бағы­­тының бірі болмақ. «Стив Джобстың бүгінгі әлемде идеялар ең құнды тауарға айналады дегенін естеріңізге салғым келеді. Бұл пікір дәлелденуде. Әлемдік ірі корпорациялар қазірдің өзінде бі­лім капиталына түбегейлі ауысқан. Мәсе­лен, әлемдік компаниялардың нарық­тық құнындағы материалдық емес актив­тердің үлесі соңғы 40 жылда 17%-дан 84%-ға дейін өсті. Әлемдегі ірі компаниялар рейтингінде алғашқы орындарды Google, Apple, Facebook, Amazon ие­ленеді» деп атап өтті Алматы әкімі.

Одан әрі қала әкімі креативті индус­трия­лар паркін салу жобасын бастауды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Бұл парк материалтану, энергия­ны сақтау және тасымалдау, криогеника, кванттық материал, астрофизика, опти­калық физика, жоғары энергия физикасы, опто және микроэлектроника, сығылған материя теориясы, биотехнологиялар, медицина, жер туралы ғылымдар және т.б. сияқты салаларда жаңа әзірлемелерді дамытумен айналысады.

Осыған дейін классикалық өнерді дамыту мен оларды дотациялау деңгейін төмендету үшін Алматыда қала­ның арнайы театр өнерін дамыту стратегиясы жаса­латыны айтылып келген болатын. Басты мақсат – театрды тек қала тұр­ғын­дары үшін ғана емес, жақын қалалар мен елдер үшін де тартымды ету. «Біз театрға бару мәдениетін қай­та жаң­ғыртуымыз қажет. Бұған біз ауқым­ды әлемдік деңгейдегі сахна, опера және балет жұлдыздарын тартып, те­атр фес­тивальдарын өткізу арқылы қол жет­­кіземіз. Алматының мәдени мұрасы мен білім базасын ескерсек, қаланың Орталық Азиядағы сахна өнерінің орта­лығы болуға толық мүмкіндігі бар. Осы­л­ай­ша, орталықазиялық аймақтың түк­пір-түкпірінен осы өнер түрлерін сүйе­тіндерді тартуға болады», дейді Бақытжан Сағынтаев.

Одан әрі қала әкімі «Жаңа Алматы» мен агломерацияны дамыту жоспарлары қалалық экономика үшін маңызды драй­верлер екенін атап өтті. Осы артық­шылықтардың барлығы бізге кейінге қалдырмай, қаламызды күшті, серпінді өсіп келе жатқан, бәсекеге қабілетті ете түсу үшін қала экономикасында құры­лымдық маневрді бастауға мүм­кіндік береді.

«Мұндай құрылымдық маневрдің мәні неде?» деген сауалға әкім ұстаны­мын төмендегідей негіздеп өтті.

«Бүгінде қала экономикасында жетекші сала көтерме және бөлшек сауда – шамамен 32%; одан кейін қар­жылық (10%) және жылжымайтын мүлікпен жасалатын іс-шаралар (8,3%). Өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік эконо­мика және жаңа индустрияның үлесі ша­малы. Бұл ретте, көбінесе дәстүрлі және архаикалық сауданың (барахолкалар, базарлар және үйдегі сауда) рөлі басым. Электронды коммерцияның жалпы үлесі 3-5%-дан аспайды. Мұндай жағдай қала­ның қарқынды дамуын едәуір тежейді. Бұл қала экономикалық жүйесінің әлсіз тұстары болмақ», дейді Бақытжан Сағын­таев.

Алматыда еліміздегі ең ірі салық төлеу­­ші компаниялардың үштен бі­рі, отыздан аса трансұлттық компания, банктердің 90%-ы, бірлескен кәсіпорындардың 43%-ы және ірі ха­лық­аралық кәсіпорындар орналасқан, жақында БҰҰ-ның 14 арнайы агенттігі үшін жаңа ғимарат ашылды. Алматы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына, Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына, әлемдік үздік тә­жірибелерге сүйенеді. Смарт техноло­гияларды енгізуде Алматының өзіндік ерекшеліктері, басымдықтары мен тәжірибесі бар. Солардың негізінде қағазсыз құжат айналымы жолға қойы­лып, бірқалыптанды. Мысалы, интернет арқылы кәсіпорын тіркеу, есеп-қисап жүргізу, түрлі мазмұндағы өті­ніштер беру сияқты қолданыстағы он­лайн-сервис­тер бар. «Қазпошта» мә­лімет­теріне сү­йен­сек, электронды сауданың 55%-ы қалаға тиесілі. Ал БҰҰ рейтингінде элек­­тронды үкіметті енгізу бойынша Алматы 25-орында. Қала әкімі жүр­гізілетін құрылыстар, тұрғын үй, көлік дәліз­дері, білім, денсаулық саласына қатысты жетістіктерді мәлімдеп, бола­шақта Алматының инвестициялық тар­тым­дылығы және даму стратегиясы бо­йынша нақты қадамдардың жүйелі әрі қар­қынды жүзеге асатындығын айтты.

Алматы инвестициялық форумын­да құны 2,3 млрд долларға бағаланған 31 келісімге қол қойылды. Қол қойыл­ған құжаттар арасында  Алматы халық­аралық әуежайына TAV Airports хол­дин­гінің инвес­тициялары ең көп талқыланды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен TAV Airports басшысы Сани Шенер 700 миллион доллар көлеміндегі меморандумды мақұлдады, бұл қаржы аэропорт терминалын кеңейтуге жұмсалады. Сондай-ақ Downtown Almaty бизнес-ор­талығының жобаларына 300 млн, Smart City жобаларына 250 миллион доллар, қаланың әлеуметтік-экономикалық да­муына 232 миллион доллар және 200 орын­дық емхана құрылысына 200 мил­лион доллар бөлінетіні де осы форум барысында белгілі болды. Қол қойылған өзге келісімдердің жалпы сомасы 100 миллион АҚШ доллары шамасында. «TAV Airports» холдингін сату бо­йынша мәміленің аяқталғаны ту­ралы осы форум барысында білдік. Әуе­жай­дың жаңа инвесторлары 150 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр. TAV Airports холдингінің бас­шысы Сани Шенераның айтуынша, бұл мәміле әуежайдың инвестициялық мүм­кіндіктерін жақсартады. «Біздің компания VPE Capital жергілікті серіктесімен бірлесіп келісім жасасуда. Ол іс жүзінде аяқталды. Алматы әуежайы үлкен. Біз бұл қаланың болашағын көріп отырмыз, сондықтан оған 150 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлап отырмыз»,  деді Шенера.

Ол сонымен қатар жолаушылар ағы­ны­ның 1 миллион адамға артуы әуежайда 1 мың және қалада 1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бере­тінін айтты. Қала әкімі Бақытжан Сағын­­таевтың сөзімен айтқанда, Алма­тының табысты болуына барлық қажетті алғышарттар бар, атап айтқанда тұрғын­дардың жоғары білім деңгейі, озық кәсіпкерлік, күшті креативті класс.

Бұл – Алматыны өзгелерден ерекше­лендіріп тұратын басты ерекшілік.

Демек, бизнес-климаттың Алматыға, Алматының бизнес-климатқа «ставка» жасайтын кезі келді. Табыстылық формуласы да осы фактордың беталысына қарап айқындалады. 

Соңғы жаңалықтар