Технология • 29 Қараша, 2019

Креативті 8 индустрия – «Жаңа Алматының» жарқын келешегі

727 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Заманауи көркін асқақтатып, әлемдегі дамыған қалалар үдесінен шығу Алматы шаһары үшін айшылық алыс қашықтық емес. Almaty Investment Forum алаңында отандық және шетелдерден келген инвесторлар «Жаңа қаланың» келешегіне қатысты маңызды құжаттарға қол қойған сәтте сөзіміздің растығына көз жеткізгендей болдық. Ал қағаз жүзінде күшіне енген креативті жоспарлар қала халқымен бірге жүзеге асатын болады. Өйткені Алматыда еліміздегі және өңірдегі ең креативті, ең батыл әрі білімді адамдар тұрады. Дәл осындай пікірмен бөліскен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев креативті адами капитал Алматының басты артықшылығы деп атап өтті. Қалада жұмыс істейтін тұрғындардың 70 пайызға жуығы жоғары білімді. Ал жұмыспен қамтылғандардың үштен екі бөлігін құрап отырған шағын және орта кәсіп иелері қазынаға салықтың 63 пайызын беріп отыр.

Креативті 8 индустрия – «Жаңа Алматының» жарқын келешегі

«Жаңа Алматы» жоспары мегапо­листің шеткі аудандарын да қамтиды. Б.Сағынтаев атап өткендей, қалалық инфрақұрылымды жаңарту алдағы 5 жылда инвестиция үшін жаңа алаңдар ашады. «Жаңа Алматы» жоспарына 834,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынады. Бұл ағымдағы бағам бойынша 2 млрд 155 млн доллар. Арнайы брифингте Алматы агломерациясының дамуына қатысты қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қала маңындағы Талғар, Қаскелең сияқты бағыттар бойынша заманауи жолаушылар жүйесі іске қосылатындығын атап өтті.  Әзір­ге бұл бағытта шетелдік сарапшылар мони­торинг жүргізуде. Қала мен ауыл арасын жалғайтын даңғыл жолдарда жүретін көлік­тер зерттеулер нәтижесінен кейін алдағы жартыжылдықта белгілі болады.

Алматының болашағы жаһандық іскерлік орталық, жаңа Жібек жолындағы көлік-логистикалық және туристік хабқа айналуымен ерекшеленеді. Бірінші кезекте бұл – қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, логис­тика және дистрибуция. Алдағы мерзімде қала құрылысы да қарқын ала түспек. Қала басшысының айтуынша, Алматының экономикалық өсуінің маңызды драйвері – әлеуметтік экономика. Осы бағытта ең алдымен білім беру және денсаулық сақтау салаларына басымдық беріледі. Ал  бес жылда кемінде 19 мектеп пен 16 қосалқы нысан, 400 мемлекеттік және жекеменшік балабақша, 30 медициналық мекеме салу міндеті тұр. Инфестфорумда қол жеткен нәтижелерге орай Құлжа тас жолы, Ақсай шағын ауданында салынатын клиникалардың артықшылығы заманауи талаптарға негізделетінін толықтырып өткен Сапарбек  Тұяқбаев ғылыми-зерт­теу бағытындағы орталықтардың, фар­мацевтикалық өндірістердің, сондай-ақ халықаралық мектептердің де құрылысы қарқын алатынын жеткізді.

Алматы – туризм орталығы. Мәлімет­тер бойынша, өткен жылы мегаполис­ке 1 млн-нан астам турист келген. Бұл рес­публикаға келетін шетелдіктердің 43,9 пайызын құрайды. Туристердің келуімен қонақүй бизнесі де қарқынды дамып келеді. Қонақүй орындарының саны 2015 жылдан бастап 41 пайызға артқан. Әлемдік мегаполистер тәжірибесінен туристер жүрген аймақта инвестициялық салымдардың да көп болатындығын аң­ғаруға болады. Ал 2050 жылға қарай  жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесі 6 пайызға жетеді деп болжануда.

Қала экономикасының жаңа индус­триясына және цифрландыруға арнайы платформалар құруға басымдық беріледі. Бүгінде Алматы айтарлықтай ғылыми-тех­­никалық әлеуетке ие. Қалада 39  жоға­ры оқу орны, ғылыми-зерттеу және тәжі­­рибелік-конструкторлық жұмыс­тар­ды жүзеге асыратын ұйымдардың 35 пайызы орналасқан. Бұл салада қыз­мет­керлердің 42 пайызы жұмыспен қамтылған. Ғылымды қажет ететін экономиканы дамытуға, жа­ңа ақпараттық технологияларға, жо­ғары технологиялық тауарлар өндірісін да­мытуға ерекше назар аудару да жоспарда бар. Ал қаланың экожүйесіне – жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу инс­титуттары жанын­дағы трансферт және технология­ларды коммерцияландыру орталықтары, тех­нологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктер, инновациялық және IT-кварталдар енгізілмек. Мәдени креа­тивті қаланың болашағын осылайша жос­парлап отырған қала басшылығы   креа­тивті экономика инвестиция үшін тартымды сала деп біледі. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес баста­уыш сынып оқушыларының 65 пайызы таяу болашақта әлі пайда бола қоймаған мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады.

Алматы – Орталық Азияның ІТ қа­лып­тасқан, ғылымы мен креативті инфра­құ­рылымы бар, жарқын жастар қаласы. Бүгінде креативті сектордың 45 пайы­зы шоғырланған қалада осы бағытта ин­дус­триялар паркін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар дамуына баса назар аударылатын 8 креативті индустрия анықталды. Қала және қала маңындағы көркем табиғат, дамыған инфрақұрылым кез келген жанрдағы, айталық тарихидан фэнтезиге дейінгі фильмдерді түсіруге зор мүмкіндік. Бұл бағытта шетелдік студиялардың да белсенді жұмыс істеп, қы­зығушылық танытып отырғанын атап өтуге болады. Ал отандық өнімдер тү­сіру үшін қала әкімдігі жанынан Almaty Film Commission құрылатын болады. «Отандық кинематографияны да­­мытып, Алматыны әлем­дік кино тү­сіру алаңы жасаймыз. Ал­ма­тының анимациялық мектебі кеңес дәуірінде-ақ биік нәтижелерге қол жет­кізді. Ал бүгінде анимация студиялары жоқ. Бұл да инвестициялар үшін қосымша резерв. Ал алматылық аниматорлардың әлеуеті зор», деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Алматы – музыка бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желі­сіне кірген Орталық Азиядағы жалғыз қала. Алматылық музыканттарды қолдау үшін арнайы платформалар құрылып, өнімдері iTunes, Үandex, Spotify, тағы да басқа заманауи цифрлы құралдар арқылы таратылатын болады.

Мемлекеттік қолдауды көбірек қажет ететін саланың бірі – әдебиет. Ең алдымен жас таланттарға, жазушылар мен оқыр­мандарға жағдай жасалып, қаладағы кітап­ханалар қоғамдық кеңістікке айналады. Кітапханаларда жас қаламгерлер iTunes, Үandex, Вookmate, Аmazon арқылы сату, ілгерілету әдістеріне үйреніп, әлем­дік дең­­гейдегі жауһар туындылар жазатын болады.

Алматы – қазақстандық сәулетшілер­ді дайындайтын негізгі орталық. Алма­тыда елімізге де, шетелдерде де таны­мал сәулет және дизайн бюролары көп­теп ашылуда. Сондықтан бірың­ғай сәулет және дизайн кодын жасап, қаланы болашақтың нысандары құ­рылысына енгізу, заманауи дизайнды та­рихи ғимараттармен үйлестіру сияқты кешенді міндеттер жаңа қаланың көркін аша түсетіні сөзсіз.  

Соңғы жылдары сән индустриясы қар­қынды дамып келеді. Десек те әлі жүзеге аспай келе жатқан үлкен мүмкіндіктері  бар. Осы ерекше саланы дұрыс дамыта білсек, әлемге Ұлы дала өркениетінің дәстүрлеріне негіз­делетін сән өнерін, оған деген шынайы көзқарасымызды ұсына аларымыз анық дейді қала басшысы. Жетек­ші сән үйлері мен зергерлер әлем жұрт­шылығын ата-бабаларымыздың «аң стилімен», халықтың қолданбалы ою-өрнектерімен шабыттандыратын болады. Осы бағытта жас дизайнерлерге шеберханалар ұсынып, өнімдері ішкі нарықта насихатталатын болады.

Жаңа медиа және цифрлық мәдениет – қарқынды дамып келе жатқан ин­терактивті электронды басылымдар. YouTube, Instagram, Twitter секілді платформалар тиімді контент құрып, жақсы табыс табуға мүмкіндік берді. Үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырған жастар елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал. Алматының аудиовизуал­ды контентінің дамуын ескере отырып, бүкіл Орталық Азияны қамтитын нарық қалыптастырудың алғышарттары бар.

Алматының «Күн белдеуі» үлкен аттракциондар паркін құруға мүмкіндік береді. Ол шетелдік туристер үшін де тар­­тылыс аймағына  айналады. Ал Алма­ты мұражайлары интерактивті және ойын-сауыққа ыңғайлы. Ол өскелең ұр­пақ­қа цифрлы ортаға бейімділігімен тартымды болуы тиіс. Сондықтан да қала басшылығы мегаполистің ғылыми-ағар­тушылық және коммуникативтік орта­лығына айналатын галерея немесе заманауи өнер мұражайын құруды ұсынып отыр. Ал қалада  Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы базасында ашылған «бір терезе» Almaty Invest орталығы инвес­торлар үшін кең мүмкіндіктер алаңын ұсынады.  Міне, арайлы Алматының креативті индустриясының бағдары осылай бедерленеді.