Елбасы кітапханасына барды
Мәселен, бас қаладағы №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінің 9-сынып оқушылары Елбасы кітапханасына барып, ондағы архив, музей және кітап жинақтарымен танысты. Сондай-ақ балалар «Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыс» экскурсияcы және интерактивті аймақ аялдамасында өткен квест-экскурсияға қатысты.
Экскурсияны жүргізген кітапхана қызметкері Ботагөз Аяпбергенова оқушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін таныстыра келіп, еліміздің спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Осыдан кейін Қазақстанның Олимпиада тарихы туралы толық ақпарат алған жасөспірімдер квест ойынын ойнады.
«Экскурсияға оқушылар белсенді қатысты. Тұңғыш Президенттің балалық шағы мен еңбек жолына, тәуелсіздік жылдарындағы құнды жәдігерлерге қаныққан балалар Елбасының электронды кітаптарын тамашалады. Спорт саңлақтарының жетістіктерімен танысқан оқушыларға квест ойындары тіпті де қызық болды», дейді №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінің әлеуметтік педагогы Кәмшат Тасболатова.
Өскелең ұрпаққа өнеге
Ал №72 мектеп-лицейде атаулы мерекеге орай «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» атты кеш өтті. Жиынға көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов пен оның жары, белгілі опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева қатысып, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық ұлағатты әңгіме айтып, әсем әннен шашу шашты. Көшбасшы жолы мен мұраты, ынтымағы мен бірлігі жарасқан бүгінгі Қазақстанның жаңа келбеті туралы сөз қозғады.
– Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріндегі халықтық мерекеге айналған Тұңғыш Президент күні – еліміз үшін ерекше елеулі уақиға. Көреген шешімі мен халық үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ең әуелі егемендігіміздің берік іргесін қалап, шекарасын шегелеп, экономика, білім, мәдениет салаларын алдыңғы қатарға шығарды. Оның басшылығымен құрылған ел астанасы ел игілігіне арқау болған дипломатиялық миссиялардың ордасына айналды. Сондықтан келер ұрпақ үшін жастық арманға қанат бітірер осындай арнаулы күннің маңызын айту, насихаттау өте маңызды, – деген Т.Мұхамеджанов барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Дәріс оқыды
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айнұр Жұмағазықызы Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 мектеп-гимназиясының 9-11 сынып оқушыларына Елбасының дара жолы жайлы дәріс оқыды.
Тарихшы Елбасының еңбегіне өзге елдердің басшыларының берген бағасына тоқталды. «Жас ұрпаққа тәрбие беру барысында үлгі боларлық тұлғалар көп. Мысалы, Елбасы саясатының арқасында еліміздің көк байрағы талай мәртебелі жиында желбіреді. Тұңғыш Президент дербес мемлекет екенімізді әлем жұртшылығына таныстырды. Н.Назарбаевтың Қазақстанның дамуына, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зор. Өзінің сарабдал саясатының, пайым-парасаты арқылы Тәуелсіз еліміздің керегесін кеңейтіп, келешегін жарқын етіп, қиын-қыстау жолдардан шебер шешім қабылдап алып шықты», деді Айнұр Жұмағазықызы.
Жиын оқушылардың дайындаған әдеби-музыкалық концертімен аяқталды.
Армандар орындалады
Балалардың танымын кеңейтіп, жігерлендірген осындай игі іс-шараның бірі №63 мектеп-гимназиясында өтті. Бұл сабаққа мектеп оқушылары да тыңғылықты дайындалып келіпті.
Ашық сабақ «Армандар орындалады» деп аталды. Бұл ретте балаларға Елбасының дара жолын үлгі ете отырып, өз арманына жетуге деген жігерлерін жанитын байыпты әңгіме өрбіді. Мектепке арнайы келген белгілі журналист Данияр Есен осы тақырыпта кеңінен сөз қозғады.
– Балалармен сөйлескен қызық. Олар – шынайы. Ойын бүкпесіз айтады. Ата-аналардың қателігі – балаларымен емен-жарқын сөйлесе білмейді. Балаңызға жауапты мектеп те, интернет те, тәрбиеші де емес, тек өзіңізсіз! Балаларға армандары, оған жету жолында қандай әрекет керектігі туралы айттым. Ұйып тыңдады. Ойын ойнадық. Бір-біріне сұрақ қойды. Бұл әдіс жапон педагогикасында оң нәтиже берген. Жалпы, кездесуден алған әсерім ерекше. Балалар аздап болса да мотивация алған шығар деп ойладым. Балалармен сөйлесіңіздер. Еркелетіңіздер. Бауырыңызға басыңыз. Олар сіздердің махаббаттарыңызға зәру, – деді ол.
Данияр Есен өзін ізгілік педагогикасының негізін қалаған Шалва Амонашвилиге ұқсататынын айтты. Сондай-ақ мектеп қонағы балалармен кездесуге әйелі, опера әншісі Гүлнұр Ерманованы да ертіп келді. Ол жылы жүздесудің соңында ән айтып, оқушылардың зейінін классикалық әнге бұрды.
Адам капиталын дамытуға басымдық берді
Нұр-Сұлтан қаласындағы №77 мектеп-гимназиясында өткен ашық сабақ «Жасампаздықтың 30 жылы» тақырыбында өтті. Елбасының өмірі мен қызмет жолдарына шолу жасай отырып, «Мәдени мұра», «Мәңгілік ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» тәрізді мемлекеттік бағдарламалары мен идеяларының маңызын ашуды көздеген ашық сабаққа «Болашақ» бағдарламасы бойынша Amsterdam университетін тәмамдаған, Назарбаев университетінің магистранты Уәлихан Дидарбеков қатысты. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде қатар өткен ашық сабақта У.Дидарбеков: «Әр мемлекеттің басты байлығы – адам. Біздің ел үшін де адам мен адами капитал ең қымбат қазына болып есептеледі. Елбасының бастамалары мен бағдарламаларының барлығында дерлік адам капиталын дамытуға көңіл бөлінеді. «Болашақ» бағдарламасы да адам капиталын дамытуға теңдессіз үлес қосқан бастамалардың бірі. Елбасының осынау бағдарламасы біздің білім мен біліктілігімізді арттырып, адам ретінде бәсекелестікке қабілетімізді жетілдірді. Біздің сапамыз арта түсті», деді.
Тәуелсіздік жемісі
Сондай-ақ №56 мектеп-лицейде «Елбасы мұраты – білімді ұрпақ» атты кездесу кешіне ақын Ербол Бейілхан мен жазушы Анар Қабылқақ қатысты.
«Оқушылардың белсенділігі мен білімге құштарлығы ұнады. Бұл қоғамды алға сүйрейтін қасиет. Оқушылар жоғары деңгейде дайындалған екен, Елбасы өмірін – балалық шағы мен қызмет жылдарын жұп-жұмыр театрландырылған көрініске сыйғызып, шынайы, сенімді сахналап шықты. Олардың белсенділігін арнайы ұйымдастырылған эссе байқауына қатысуынан да көруге болады. Біз жеңімпаз атанған екі оқушыны марапаттадық. Сондай-ақ кездесу барысында оқушылар қазіргі ақын-жазушылар, әдебиеттің даму барысы, кітап шығару жайында түрлі сауал қойды. Көзінде оты бар, көп білетін, пікірін ашық айтып, қысылмай сұрақ қоя алатын қазіргі оқушылар – тәуелсіздіктің, демократиялық қоғамның жемісі», дейді А.Қабылқақ.
Дайындаған «Егеменнің» тілшілер тобы