Мен өзімнің дәрігерлік қызметімді балалар инфекционисі болып бастадым. Институтта оқыған кезде профессорлар бізге дифтерия, қызылша және көкжөтел індеттері туралы айтты. Бұл аурулар аналар арасында қорқыныш тудырды. Кешкісін дифтериясы бар балаларға қолдарын бұлғап, таңертең оларды мәйітханадан тапты. Әсіресе балалар қызылша пневмониясынан және көкжөтелден тез қайтыс болды. Асқынулардың тез дамығаны соншалықты, тіпті дәрігерлер оларды жасанды желдету аппаратына ауыстыруға да үлгермеді.
90-жылдары студент, содан кейін жас дәрігер бола отырып, мен бұл ауруларды ешқашан көрмеймін, қандай бақытты болдым деп ойладым, себебі әлемде вакциналар пайда болды және бізде республикада тиісті контингентті қамту көрсеткіші 95%-ға жетті.
Өкініштісі сол, мен қателескен екенмін. Менің тәжірибемдегі бірінші дифтерия жағдайы 90-жылдардың басында тіркелді, ол өліммен аяқталды. Ауылдан шыққан 13 жастағы бала осы инфекциямен ауырғаны есімде. Ол жұтқыншақ дифтериясының токсикалық түрімен ауруханаға түсіп, миокардит асқынуынан қайтыс болды. Осыдан кейін аурушаңдық көтеріліп, 25 жастан асқан ересектер келіп түсе бастады. Біз аурудың барлық клиникалық түрлерін көрдік, дифтерияға қарсы сарысудың арқасында емделушілерді құтқардық, сонымен қатар 30%-ға жуығы өлімге ұшырап, ауру ешкімді де аяусыз қалдырмады. Әр 10 жыл сайын жүргізілетін 16 жастан бастап қосымша вакцинация енгізілгеннен кейін инфекция толығымен жойылды. 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда дифтерия тіркелмеген.
Балалар жұқпалы ауруы қызамықтың да қауіптілігі аз емес. Егер барлық адамдар онымен балалық шағында ауырса, иммунитет ересек жаста қалыптасатын еді. Әсіресе, ана болуға дайын қыздар үшін қызамық қауіпті. Егер жүктілік кезінде әйел қызамықпен ауырып қалса, онда нәресте жүрек, көру (соқырлық), есту (кереңдік) мүшелері тарапынан даму ақауларымен туады. Вирус ұрықтың даму аномалиясын тудыруға қабілетті. Осы себепті, 90-жылдары қызамықты алғашқы 12 аптада бастан кешкен жүкті әйелдерге жүктілікті үзуге ұсыныс жасалды. Мұндай жағдайлар көп болды. Соңғы 10 жыл көлемінде менің тәжірибемде жүкті әйелдің қызамықпен ауырғаны жөнінде тек бір ғана оқиға болды. Қазіргі уақытта аурудың тарамауы вакцинацияның тиімділігіне ғана байланысты.
Бірақ қазір мені қызылша, қызамық және паротиттен қорғайтын вакцина бар болса да, қызылша ауруымен сырқаттану деңгейінің өршуі алаңдатады.
Қазақстандағы менің замандастарым негізінен бала жасында қызылша ауруын бастан кешірді. Қазір індет Еуропа және ТМД-ның жекелеген елдерінде таралуда. Біздің республикамызда көбінесе бір жасқа дейінгі балалар ауырады. Неге? Қызылшаға қарсы егу 12-15 айда тағайындалады. Ана сүтімен қоректенетін бір жасқа дейінгі балалар қорғаныс иммуноглобулиндерін анасынан алуы тиіс. Алайда бала ауырып қалады. Мұның негізгі екі себебі бар. Біріншісі – анасы вакцинацияланбаған, сондықтан қорғаныс иммуноглобулиндерін алу мүмкіндігі жоқ, екіншіден – бала ана сүтімен емес, жасанды тамақпен қоректенеді.
Жалпы, адам тікелей қызылшадан өлмейді, өлімнің себебі қызылшаның кесірінен асқынатын пневмония, энцефалит сияқты дерттер. Ең ауыр асқыну – балада алған дағдыларын жоғалту арқылы көрінетін өткір склерозды панэнцефалит. Бала 5 жасқа дейін мүгедек болады. Бұл өте қорқынышты.
Тағы бір өзіне қауіп төндіретін инфекция – паротит инфекциясы, ол халық арасында «құлақ безінің ауруы» деп аталады. Көбісі онымен балалық шағында ауырған. Екі жақты орхитпен ауырған ұлдарда келешекте белсіздік пайда болуы мүмкін екендігін көп адам білмейді. Менің тәжірибемде әскери бөлімде паротитті инфекцияның өршуі кездесті. Сол кезде әскери қызметшілер паротитпен, панкреатитпен, менингитпен, орхитпен, орхоэпидимитпен стационарға түсті. Олардың арасында екі жақты орхоэпидемитпен ауыратын балалар болды және олар көбінесе отбасындағы жалғыз балалар еді. Маған белсіздікке ұшырағандары жайлы жаман хабарды айтуыма тура келді. Мұндайды естігенде азаматтардың алғашқы сауалы «неге бізге бұрын вакцинациялау қажеттігі туралы ескертілмеді?» деген мазмұнда болды. Бұл жағдайда не деп жауап беруге болады? Бір өкініштісі, кейбір ата-ана өз балаларының вакциналық мәртебесі туралы білмейді.
Пациенттердің ересек контингентін емдейтін инфекционист ретінде консультативтік қабылдауда отбасылар маған бедеулік проблемасымен жиі жүгінеді. Мұқият жиналған анамнез кезінде ерлі-зайыптылардың біреуі бала кезінде паротитті инфекцияны – екі жақты орхоэпидимитпен ауырғаны анықталады. Бұдан соң бәрі түсінікті болады.
Вакцинацияның көмегімен алдын алуға болатын жұқпалы аурулардың қайғылы салдары туралы жас ата-аналарға жиі айту керек. Халықты өздерін және балаларын вакцинациялау керектігі туралы хабардар ету қажет.
Бахыт КӨШЕРОВА,
Қарағанды медицина университетінің проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор