Биыл фестиваль форматына өзгерістер енгізілді. Бұл жолы байқауға дебюттік толықметражды фильмдер де қатысады. Фестивальдың ресми бағдарламасы «Bastau Shorts» – Еуропа елдері, алыс-жақын шетел студенттерінің кейінгі 2 жылда түсірілген қысқаметражды көркем, анимациялық және деректі фильмдерінің халықаралық байқауы және «Bastau Debuts» – толықметражды дебюттік көркем фильмдерінің халықаралық байқауынан тұрады.
–Біздің фестиваліміз шығармашылықпен айналысатын жастарға бастау болатын, тәжірибие алмасуға және жас киногерлерге өз жобаларын кеңінен насихаттауға, өнердегі ынтымақтастыққа жол ашатын кәсіби алаң, – деді фестивальдің ашылуына байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында сөз алған «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов. – Сондықтан да бұл алаң дарынды жастарымызға фестивальдың қонақтарынан – кино өндірісінің түрлі саласындағы кәсіби мамандар мен сарапшылардан үйренуге таптырмас мүмкіндік сыйлайды. Сонымен қатар фестивальдың алдыға қойған мақсатының бірі – жас мамандардың жұмысына қолдау көрсетіп, олардың жұмысын насихаттау, түрлі жанрда фильм түсіруге қызығушылығын арттыру. Жалпы фестивальдің басты ерекшелігі – шығармашылық еркіндік. Оның тыныс-ырғағын қатысушы жас буын өзі айқындайды. Сондықтан да фестиваль ұранының «Жаңа буын киносы» деп аталуы да тегін емес. Мысалы, байқаудағы жұмыстарға халықаралық қазылар алқасымен қоса, студент жастардан құралған төрешілер де баға береді. Фестивальдің нәтижесінде ұлттық кинорежиссурадағы жаңа толқынның қарымы байқалмақ.
Bastau Debuts атты дебюттік толықметражды фильмдердің халықаралық байқауына он картина таңдалып алынды. Олардың қатарында түрлі халықаралық байқауларда топты жарып, оқ бойы озып жүрген «Аврора» (Қырғызстан), Берлин кинофестиваліне қатысқан «Оларды көрген соңғы адам» (Германия), Үндістан мен Қытайдың бірлесіп түсірген «Ауырсыну» фильмі, «Бейіттерді жылжыту» кинолентасы (Корей), әлемдік жетекші кинофестивальдердің лауреаты «Мәриам» (Қазақстан) және басқа картиналар бар.
Бұл байқауға белгілі ресейлік режиссер, сценарийст әрі продюсер Михаил Сегал жетекшілік ететін халықаралық қазылар алқасы баға береді. Қазылар алқасының құрамында: испандық киносыншы, кинофестивальдың Сан-Себастьяндағы іріктеу комитетінің мүшесі Роберто Куэто, француз продюсері әрі дистрибьютер Денис Васлин, ресейлік театр және кино актрисасы Нелли Уварова, қазақстандық танымал актер әрі продюсер Фархат Әбдірайымов бар. Сондай-ақ фестиваль барысында студенттік қазылар алқасы да жұмыс істейді. Биыл оның құрамына Қазақстан, Армения, Белорусь, Ресей, Қырғызстан өкілдері кіріп отыр.
Bastau Shorts қысқаметражды фильмдер байқауына қатысу үшін биыл әлемнің 44 елінен 360 өтінім келіп түскен. Мұндай рекордтық көрсеткіш фестивальға деген қызығушылық пен оның халықаралық беделінің арта түскенін айғақтайды. Тізімдегі көшті 60 фильмімен қатысатын Ресей бастап тұр. Бір ескеретін жайт, биыл фестивальға алғаш рет Непалдың жас киногерлері қатыспақ.
Бұл бағдарламада Қазақстан 6 картина ұсынады, олар: Камилла Бердімұратованың «Тақсыр» деректі фильмі, Айдарбек Әбділқадырдың «Терең су» атты анимациялық туындысы, Самғар Рақымның «Дипломмен ауылға» фильмі, Еламан Шаубановтың «Бауыр» картинасы, Дарина Манапованың «Мәулен» драмасы және Бағлан Құдайберлиевтің «Тыныштық баяны» фильмі.
Қысқаметрлік фильмдерге қазылық ететін алқаның төрағалығына франциялық режиссер, сценарийст, «Сандерс» секілді беделді кинофестивальдің екі мәрте жеңімпазы, Венеция кинофестивалінің жүлдегері Гела Баблуани таңдалды. Сондай-ақ қазылар алқасының құрамында Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Рано Шодиева, «Листопад» ХКФ бағдарламалық директоры Игорь Сукманов, ресейлік театр және кино актері Александр Пашков, қазақстандық режиссер Шәрипа Оразбаевалар бар.
Фестиваль аясында конкурстан тыс қызықты бағдарлама дайындалған. Онда әлемдік деректі (BASTAU DOCS), сонымен қатар жаңа қазақстандық кино (BASTAU KZ) көрсетілімдері ұйымдастырылмақ. Жалпы «Бастау» шеңберінде көрермен бес күн бойы түрлі жанр мен бағыттағы 80-ге жуық кино шеберлері мен дебютанттардың киносын көріп, тамашалай алады.
Көрсетілімдер Bekmambetov Cinema (Абай даңғ.109 В, Globus ХКФ, 2-ші қабат) кинотеатрында өтеді. Кіру- тегін.
Фестивальдың қазылар алқасы мен қонақтары өткізетін шеберлік дәрістері мен шығармашылық кездесулер кезінде студенттер кино саласына қатысты толғандырар сұрақтарына жауап таба алады. Мысалы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Питчинг» өнері» тақырыбында шеберлік дәріс ұйымдастырылады. Оны армениялық актриса Арминэ Анда өткізеді. Сондай-ақ, фестиваль аясында Орталық Азиямен бірлесіп түсіретін кино туындылардың ерекшеліктеріне арналған (Денис Васлин, Нидерланд), қазіргі заманғы кино өндірісі мәселелеріне қатысты (Арсен Аракелян, Армения), сонымен қатар цифрлық төңкеріс заманындағы деректі киноға қатысты (Алексей Ханютин, Ресей) сұрақтар төңірегінде шеберлік дәрістері ұйымдастырылады.
Фестиваль аясында Халықаралық киномектептер қауымдастығының құрамына жаңа мүшелерді қабылдау туралы Меморандумға қол қойылады.
Жас киногерлердің фестивалі режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Мәриам» атты картинасымен ашылады. Фестиваль жеңімпаздарының есімдері 2019 жылдың 7 желтоқсанында өтетін марапаттау салтанатында жарияланады.
«Бастау» студенттік және дебюттік фильмдердің халықаралық фестивалі Алматы қаласы әкімдігінің, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы, Tanaris Production компаниясы, «Тұран» университеті және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.