Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

Мемлекеттік хатшы

617 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақстанда Мемлекеттік хатшы институты 1996 жылдың наурызында енгізілді. Бұл қызметті бірінші болып атқарған адам – А.Есімов. Әбіш Кекілбайұлы осы лауазымға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылдың 30 қазанындағы Жарлығымен тағайындалып, оны 2002 жылдың 29 қаңтарына дейін атқарды. Осы жұмыста Мемлекеттік хатшының қызметін хатшылығы қамтамасыз етіп отырды. Оның меңгерушісі – Амангелді Қайырбаев, кеңесшілері Бақытжан Ордабаев, Жапсарбай Қуанышев, Мұхтар Тілеуберді, ал көмекшілері Асқар Молдағаринов, Тілекқабыл Боранғалиев болды. Қабылдау бөлмесінде Ләззат, Гүлнәр, Айгүл сияқты қарындастарымыз да қызмет етті.

Мемлекеттік хатшы

Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жауап­ты кездердің бірі, оның мемле­кет құрылысындағы өзіндік өтпелі ке­зең, кемелденген және тұрақты даму мақсатында бірегей және айқын қадам жасаудың уақыты еді. Ол «Қазақстан-2030» стратегиясын іске асырудың басталуы мен елдің ордасын Ақмолаға ауыс­тырудың күрделі кезеңі болатын. Міне, осы әлеуметтік-экономикалық, қоғам­дық-саяси оқиғалардың бел ортасында Мемлекеттік хатшы Әбіш Ке­кіл­ба­йұлы да тұрды.

Осы кездері атқарылған жұмыстар қоғамда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамта­масыз етуге, қоғамдық-саяси үде­ріс­­тер­ді реттеуге, болып жатқан өзге­ріс­терді ха­лыққа түсіндіру мен ғы­лым­ды, білімді, мәдениетті, денсаулық, бас­пасөз, жастар саясаты, туризм мен спорт және ұлттық әдет-ғұрыптар мен Қаз­ақстан халықтарының дәстүрлері, этно­саралық қатынастарды нығайтуға бағыт­талған мемлекеттік саясатты қа­лып­­тастырып, оны іске асырудың негі­зін қалады.

Мемлекеттік хатшы Тарих жылында қазақ халқының қазіргі замандағы салт-дәстүрін, ділін, әдет-ғұрпын жете тануда жаз айлары өткізілген жалпы қазақ даласын этномәдени тұрғыдан зерттеу шарасы – ғылымға қосылған баға жетпес үлес болатындығына үлкен сенім артты. Арнайы жасақталған экспедиция­лар кең-байтақ республикамыздың 74 ауданында жұмыс істеді. Бұл Елбасы айтқандай, қазақ деген халық ғұмыр кешкен кезеңдегі ең ірі, ең іргелі этномәдени зерттеу болды. Оған XXI ғасырдың та­бал­­дырығында, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолымыз жетті. Ендеше, бұл да тәуелсіздіктің нышаны еді. Бұл үде­ріс әрі қарай да жалғасын тапты, көп­те­ген ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынды, тарихи зерттеулердің дерек­көз­дік негізі молайды, өткен тарихымыз бен тарихи тұлғаларға арналған ескерт­кіш­тер бой көтерді.

Тарихи сананы қалыптастыру мәсе­ле­сі­мен бір мезгілде уақыт талабына сәйкес конституциялық өзгерістердің өзектілігі мен қажеттілігінің туындайтындығын, елдегі саяси қатынастарды либералдандыру мәселесінің пісіп-жетілетіндігін де Әбіш Кекілбайұлы жақсы сезінді. Оны болашаққа бағытталған тағы бір қадам деп қабылдады.

1998 жылдың 11 маусымында «Абы­лай хан» спектаклінің премье­ра­­сы болды. Оны Әбекеңнің тарихи дра­ма­сының желісімен режиссер Б.Ата­ба­­ев қойды. Ендеше, бұл қойылымға Әбіш Кекілбайұлының жазушы, драматург ре­тін­де де, Мемлекеттік хатшы ретінде де тіке­лей қатысы бар. Мен бұл драманың қалай жазылғандығының куәсі болған едім. Оның алғашқы нұсқасы Алматыда 1997 жылы бас-аяғы 15-20 күн ішінде жа­зылып бітті. Әрі қарай Еркеғали Рахма­диевпен бірге оның либреттосы пысық­талды. Бұл – жастардың бойында отан­сүй­гіштік қасиетті қалыптастыратын, аза­­маттық екпіні мол, қаһармандық дра­ма­лық дастан, елдік пен ерліктің ас­қақ жыры болды. Олай болса, Әбіш Кекілбайұлы тәуелсіз Қазақстанның осындай жауапты тарихи кезеңінде идеялық-тақы­рыптық тегеурінге, таным мен тағы­лымға толы еңбегі арқылы жеке басы «білімді мыңды жығады» дегенді дәлел­деп берді. Бұл тарихи драмада бір артық сөз жоқ, әрбір сөз орнымен қолда­нылған. Әрбір сөйлем салмақты, ұран­ды. Оның әрқайсысы тарихи санаға, ұлт­­тық болмыс пен отансүйгіштікке, тәуел­сіз­дік­ті көздің қарашығындай сақтауға, мем­ле­кеттілігімізді нығайтып дамытуға және бә­секелестікке қабілетті болуға шақы­ра­ды.

Айта кету керек, Әбекеңнің өмірдегі бас­ты қаруы сөз болды. Ол оның құді­ре­тін жақсы білді. Сондықтан да бұл кі­сі­нің аузынан шыққан әрбір сөз құдіретті еді. Ол таласса да, тірессе де өз айтары мен ұстанымын сөзбен дәлелдеп, сөзбен өт­кізіп, сөзбен жеткізіп отырды. Әбіш Кекіл­байұлына бос сөз, қысыр әңгіме және жалаң уәде дегендер тән емес, оның бол­мы­­сына тіптен келмейтін, мүлдем жат дү­ние­лер болды. Оның ойлау қабілеті терең және ауқымды, адамды таңғал­ды­ра­тын, қаламы да жүйрік, логика­сы да мық­ты-тын. Уақытты текке жібер­мей­тін, қағазды да үнемдегіш қасиет­те­рін жа­қын араласатын адамдар жақсы біледі. Бір парақ ақ қағазды төртке бө­ліп, кішкентай парақшаларды пайдала­н­уы өткен кездердің тапшылығынан ғана емес сияқты. Ол кейде – өз ойын шашыратпай, жинақтау үшін істелген бір психологиялық амал секілді болып көрінеді. Тіптен, кез келген жиналыс, кеңестердің барысындағы немесе солар­дың арасындағы 5-10 минуттық үзілістерді бекер жібермей, бастағанын жалғастырып, жаңа ойларын түртіп алып отыратын. Қабылдау бөлмесіндегі қыздар Әбекеңнің жаз­ған дүниелерін басып үлгере алмай әуре-сарсаңға түсіп жататын-ды. Ал егер жазу­ға ыңғайы келмей жатса, мәселен, далада жүрсе, жыл мезгілінің қай кезі болмасын, күбірлеп, кейбір сөздерді дауыстап айтып жіберетін кездеріне де куә болдық. Сөйтсек бұл абыз ағаның ой түйіп, образ сомдап немесе өзін толғантып, қоғамды елеңдетіп жүрген әлдебір мәселелерді іштей пысықтап, туындаған сұрақтарға жауап іздеген сәттері екен ғой.

Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлы Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жы­лы­­ның мәнін «Келешекке деген сенім – тек ұрпаққа деген сенім» ұстанымы тұр­ғы­сында қарастырды. Ол ұрпақ туралы әңгімені стратегиялық тақырып, ал тәуел­сіздікті нығайту – бүгінгі көзі тірі ұр­пақ­тың парызы ретінде қабылдады. Енде­ше, бостандықтың қадірін біліп, өз тағ­дырының жауапкершілігін өз мой­ны­на алу қазіргі ұрпақтың басты мінде­ті болмақ. Осы жерде Әбекеңнің мына сөздерін қазақ қоғамының барлық өкіл­де­ріне жариялаған үндеуі десек те болар еді: «Егер сол буындар өз әулеті мен өз шаңырағының келесі ғасыр мен мың­ж­ыл­дықта да өсіп-өркендегенін көк­се­се, алдымен өз ауызбірлігін нығайт­сын. Қа­зір қинап тұрған уақытша қиын­дық­тар­­дан аман-есен шығуға қам жасасын. Басты игілік – отбасындағы бірлік, соған негізделген азаматтық келісім мен ха­лық­тар достығы. Міне, ең басты қоғамдық, әлеуметтік және рухани құндылықтар осы. Ол бар жерде басқа игіліктерге де ұмты­лыстың жолы ашылады».

Қоғамдық дамуымыздың тағы бір ерекшеліктерінің қатарына тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы күрделі үрдіс­тер­дегі интеллигенцияның рөлін жат­қы­зуға болады. Зиялы қауымның адам­гер­шілік және саяси таңдауы мәселесін Елбасы Н.Ә.Назарбаев көтерді. Қазақ зиялыларының тарихи және әлеуметтік жауап­кершілігі, олардың жаңа мемлекет­ті­ліктің қалыптасуына сіңірген үлесін ескере отырып, Қазақстанның саяси тәуел­сіз­дігі, оның демократиялық негізде дамуы және тек этносаралық емес, ұлт­ішілік алауыздықты болдырмау міндет­те­рін шешуде интеллигенцияға арқа сүйеу керектігін Әбіш Кекілбайұлы жақсы түсінді. Және осы бағытта қыруар жұмыс атқарды.

Заманымыздың ұлы жазушысы М.Әуе­зов­­тің 100 жылдығы аясында Мем­­­ле­кеттік хатшы Ә.Кекілбайұлы Қырғыз­стан мен Ресейде болды. Осы тұста көрші Қырғыз еліне іссапары кезіндегі Әбекеңнің адами қасиеттерін сипаттайтын және маған тікелей қатысы бар мына бір естелікпен бөлісудің реті келіп отыр. Бізді шекарада Қырғыз Республикасының Премьер-министрі бастаған бір топ ресми адам қарсы алып, «Ала-Арча» резиденция­­сына әке­ліп орналастырды. Түскі тамақ кезі бол­ған соң қырғыз жағы сол жерде оның рәсімін жасады. Мен Әбекеңді нөмі­рі­нен ертіп әкеліп, тамақ ішетін жерге кіргізіп, өз орнына отырғыздым да шығып кеттім. Артынша, бір кісі, қырғыз жағы­­ның ұйымдастырушыларының бірі болуы керек, жаныма келіп: «Сізді шақы­рып жатыр», деді. Мемлекеттік хатшы бір тапсырмалар береді екен деп, өзімше дайындалып ішке кірдім де, кіре­берісте, ары баруға батпай іркіліп тұра қалдым. Әбекең маған қарап, үстелдегі бос орындардың бірін қолымен көрсетіп: «Кел, отыр», деді. Неге отыр деп жатқанын онша түсіне қоймасам да: «Отырып жазып алуды талап ететін тапсырмалар беретін шығар» деп, өзімше шамалап, ақырын барып шеткі бір орынға жайғастым. Сол кезде Әбекеңнің: «Бұл Жапсарбай Қуанышев деген менің данышпаным», дегені бар емес пе! Мен не дерімді, не істерімді білмей абдырап қалдым. Басқалар да сондай күйде болған болу керек, әсіресе қазақстандық делегация мүшелері. Соны сезген Әбіш Кекілбайұлы: «Қырғыздарда «данышпан» деген сөз «кеңесші» дегенді білдіреді, ендеше, бұл жігіт менің кеңесшім болады», деп өз сөзін үстел басында отырған Қырғызстанның Үкімет басшысы, екі елдің вице-премьерлері мен делегация мүшелеріне түсіндіріп берді. Ал шын мәніндегі данышпан, қырғыз тіліндегі емес, қазақ түсінігіндегі қазақтың нағыз данышпаны Әбекеңнің өзі еді ғой. Осы іссапар барысындағы ол кісінің «Сен екеуміз әкім де, министр де болмаймыз. Докторлығыңды көп созбай қорғап ал», деген тағы бір сөзі, сөзі емес, ағалық ақылы әлі есімнен кетпейді. Былай қарағанда, жоғары деңгейлі лауазым иесі бола тұра, ол кісінің осындай «кішік» бола білетіндігі емес, болғандығы, Әбекеңнің адамгершілігін, адалдығын, кіршіксіз тазалығын көрсетсе керек.

Рухани кемелденудің бірден-бір кепілі – мәдениетті орнықтыру. Мәдениет пен өркениеттің әу бастан тіршілік пен дамуды одан әрі өрге бастыратындығы 2000 жылғы Мәдениетті қолдау жылында нақты көрініс тауып, көп жұмыстар атқарылды. Әбіш Кекілбайұлы өзінің Президентке жолдаған жазбахатында Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәдениет саласында қол жеткен табыстары туралы қысқа да мазмұнды мәлі­мет­тер берді. Ерекше еске алар жайт, сол бір қиын деген жылдардың өзінде республикалық дәрежедегі мәде­ни­ет орындары мен ошақтарының бір де бірі жабылған жоқ. Керісінше, олар­дың материалдық-техникалық базасын нығайтуға тұрақты түрде қажетті жағдай­лар жасалып отырды.

Мемлекеттік хатшының пікірінше, мұның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің ішкі-сыртқы саясат астарларын әлеу­мет­ке түсіндіруге бағытталған игі шаралар еді. Мінеки, осындай жағдайда біз өзіміз өркениетке лайық ұлтпыз ба, осы күнгі демократиялық талаптарға сай мемлекетпіз бе, қазіргі заманғы бәсекенің бәріне төтеп бере алатындай азаматтармыз ба дейтін сұрақтарға жауап бере алатындай қазақтың ұлттық жаңа санасы қалыптастырылды. Сөйтіп «Мәдени мұра» бағдарламасының иығына ауыр жүк артылды.

Әбіш Кекілбайұлы рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді, тойған тоғышарлыққа халықтың, адамның аза­мат­­тығы емес, оған нәпсісінің азат­ты­ғы ғана керек деп білді. Ол сонымен бірге тәуелсіздік шекарасын өрелі азаматтық сана мен биік рухани мәдениет қана айна-қатесіз анықтай алатынын да түсін­ді. Сондықтан рухани-ақылақтық келбе­тіміз бен ұлттық үрдістерімізді қорғауда айрықша табандылық таныту керектігін де ескертті. Тәуелсіздіктің бас кезінде алғашқы дүрмекпен бірқатар құнды­лық­тарымызды жоғалтып алғанымызға қын­жыл­ды. Сондықтан Әбекең қай кезеңде де рухани, мәдени үрдістерді назардан тыс қалдырмау, соның ішінде ұлт ре­тін­де өзіндік бет-бейнемізден айырылып қалмау маңызды екендігіне ерекше көңіл аударды.

Осы кезеңдерде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлының жұмыс кестесінің өте тығыз болғандығы анық. Оған біз Президент архивінде сақталған құжат­тар­ды зерттегенде көз жеткіздік. Енді солар­дың кейбіреулерін атап өтсек: 2000 жылдың бірінші жартысында ол респуб­ликалық комиссиялардың отырыстарын өткізді, Қазақстан тарихына қатысты сирек кездесетін материалдармен, Шығыс тарихына байланысты әде­биетпен жұмыс істеп, жаңа шық­қан кітап­тармен таныс­ты және тұрақты түрде рес­пуб­ликалық бұқаралық ақпарат құралдарын сараптаумен айналысты. Бірлік пен ұрпақ­тар сабақтастығы жылының қорытынды материалдарының мәтінімен және Мә­дениет­ті қолдау жылының құжаттарымен жұмыс істеді. «Қазақстан-1» Ұлттық телеарнасына сұхбат берді. Жиырмаға жуық мемлекет және қоғам, мәдениет пен өнер қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен білім саласының өкілдерімен кездесті. Қатар, Словения елшілерінен Сенім гра­мотасын қабылдады. Сол сияқты бола­шақ Ұлттық музейдің экспозициясын талқы­лау, Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысу, Астана мешітінің имамын қабыл­дау, Елбасының шығармашылық  интел­лигенциямен кездесуін дайындау, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жыл­дығын өткізу мәселелерімен айналысты. Облыстық газет және телерадио комитеттерінің басшыларымен кездесті, Құрбан айтқа қатысты, «Абылай хан» фильмін түсіруге арнал­ған кеңес ұйымдастырды. Сондай-ақ Түркістанның тарихына қатысты әдеби дереккөздермен жұмыс істеп, мәдениет туралы мақалаға материалдар іріктеді, Ұлттық музейде тігілетін қазақ үйді қарады. Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академия­сын бітіру­ші­лерге дипломдар тапсырды. Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына іссапармен барып келіп, Парламент қос палатасының бірлескен отырысына қатысты, ҚХА-ның ұлттық-мәдени орталықтары жетекшілерімен кездесті және сараптамалық зерттеу материалдарымен танысу сияқты тағы да басқа көптеген іс-шараларды өткізгендігін атап өткен жөн.

Әбекең «Тіл көгермей, ел көгермейді, тіл мерейі – ел мерейі» дегенді жиі айтатын. Өйткені тілдерін дамытып, кемелі­не келтірген халықтар ғана өсіп-өніп, өркен жайған екен. Сондықтан Әбіш Кекілбайұлы: «Тілдік жарасым жоқ жерде әлеуметтік жарасым болмай­ды. Ал әлеуметтік жарасым тек әділетке ғана сүйене алады. Әділіне жүгінсек, адам­зат­тың адамзат болып қалуына барлық халықтың бәрі қажет. Олардың тарихи жасақ­талған тілдері мен мәдениеттерінің бәрі қажет. Бір тілдің жоғалуы – тек белгі­лі бір ұлтқа ғана емес, күллі адам­зат­қа жасал­ған қиянат болып табылады. Ал мә­дениет пен тіл сияқты аса нәзік құбы­лыс тек белгілі бір ортада ғана өркен жайып, көсегесін көгерте алады. Әр тіл мен мәдениеттің ғасырлар бойы қалып­тасқан сон­дай етене ортасы бар», деген­ді үнемі еске салып отырды. Себебі ол ұлт­тық руханиятымыздың өзегі және ұлт­ты ұлы мұраттарға жетелейтін баға жет­пес құндылық. Сондықтан да Әбекең бұл мәселеде алалық пен шала­лыққа, жайбасарлыққа жол беруге болмай­тын­дығына көңіл аударып, желдің ыңға­йына жығыла беру көсегемізді көгерт­пей­тін­ді­гін айтады.

Абыз аға ел тарихын тіл тарихынан, жер тарихынан бөле-жара қараған емес. Сондықтан ол ономастика мен терминология салаларында да нәтижелі іс жүр­гі­­зіп, күш-жігерді аямауға шақырды. Қа­зақ терминологиясын жүйелі жолға салу үшін тиісті тұжырымдама әзірлеп, көп сөзбұйдаға салмай, жедел талқылап бекі­туді, әркімнің өз бетінше термин жа­са­уына, ресми бекітілмеген даулы тәр­жіме­лерді орынсыз қолдануына шек қою­ды ұсынды.

Саяси құштарлықтар жетегінде кете беру шын зиялылыққа жат. Әсіресе рухани экологиямыздың негізі деп жүрген орнықтылық ахуалды теңселтіп алмауға мұқият болғанымыз жөн. Әбекең ол үшін барлық мәселеге де елдік тұрғысынан қараудың дұрыстығына көңіл аударады. Қайраткер ағаның елдік мәселесі туралы түсінігі міне, осылай тым терең, біздің қоғамымыз үшін, оның болашағы үшін өте маңызды. Ол – жарастықтың үлгісі, баршамызға ортақ, бәрімізге бірдей қым­бат жетістігіміз. Халқымыз елдік деп ел ішіндегі жарастықты ұққан. Олай болса, біздің асыл мұратымыз сол елдікті сақтай білу болмақ. Елдіксіз ешкімнің көсегесі көгермейді дейді Әбекең.

Әбіш Кекілбайұлы үшін бәрінен қымбат, ең бастысы және тәу етер жалғыз киесі тәуел­сіздік болды. Сондықтан да ол: «Өз мемле­кетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұ­ратын елдің егемендігін құрметтеу – тек пат­риоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдында ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты дүниеде өмір сүре алады. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде ондай шынайы жарастық орната алады. Өйткені халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа жете алмайды. Қоғам бостандыққа жете алмай тұрып, адам бостандыққа жете алмайды. Тәуелсіздік қазіргі адамзаттың ең бас­ты мұрасы, ең асыл игілігі. Сондықтан уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мұраттарды тәрк етуге болмайды» деген Әбіш Кекілбайұлының бұл сөздері көп жайтты аңғартса керек. Сонымен бірге Әбекең ішкі ынтымақты нығайтуды тәуелсіздікті нығайтудың ең басты кепілі деп білді.

Ортақ қиындыққа бірге төтеп беруге шақырудың орнына, орынсыз қиқуды көбейту жолдан да қалдырады, әлеу­меттік пиғылды да бұзады. Әлеу­мет­тік даукестік, жаппай жанжал құмар­лық бірде-бір мәсе­ле­ні шешпеген, шие­леніс­­тірген, деген кемел ақыл-ой иесінің өмір­ден түйген пайымы бүгінгі күннің ақиқаты. Ол осы жағымсыз жайттарды тек ізгілік арқылы жөнге түсіре аламыз дей келе: «Ізгілік дегеніміз – өзің мен үрім-бұтағыңа игілік болып даритын адал еңбек... Күнбе-күн көзіміз көріп жете түскен ақиқат мынау: жаппай іске жұмылсақ қана, жағдайды тез жақсарта аламыз, әділет бар жерде ынтымақ бар», дейді.

Ол сондықтан Мемлекеттік хатшы ретінде де, азамат ретінде де бүгінгі күннің басты идеологиялық мақсаты қолымызға ти­ген тәуелсіздігімізді сырттың ала көзі­­нен, іштің алауыздығынан аман сақ­­тап қалу деп білді. Әбекең армандап қана қол қусырып отырған жоқ, сондай дең­гей­ге жеткізетін, билік болып, қоғам болып ұстанатын бәріне ортақ жаңашыл қағидаларды ұсынды. Ол азамат пен билік арасындағы күнде­лік­ті қарым-қатынасқа адами сипат беруге, мемлекеттілікті нығай­­ту­­дағы жауапкершілікті тең бөлісу­дің қажет­­тілігіне деген сұраныс бар екен­дігін түсіне білді. Әбекеңше «өзіміз түзел­­мей тұрып, өзгелер түзелмейді». Оның ғалами, адами және мәдени даму филосо­фиясы – гуманизмі – қазір­гі заманауи азамат­тық қоғамды қалып­тас­ты­ру үдерісі және үрдісімен үндесіп жат­қа­нын көрмеуге болмайды. Бұл өмірлік ұста­­ным­ның мәні жалқының түзелуі жалпы­ның түзелуін тездетеді деген қағидада. Өйткені мұны абыз ағамыз Әбіштің қоғамдық қатынастарда жалпы түзелмей тұрып, онда әділет те орнамайды, қоғам түзелмей билік те түзелмейді деген өсиеті деп түсінген жөн. Яғни, Әбіш Кекілбайұлының бұл көзқарасындағы басты ерекшелік оның «ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де жағдайын түзей алмайды» дегендігінде жатыр.

Осы тақырыпты дамыта келе, Әбіш Кекілбайұлы саяси ұстамдылық мәсе­ле­сін де көтерді. Тәуелсіздіктен айырылып қалмас үшін барлық мәселеге асқан салауаттылықпен, пайымды парасат­пен қарау керектігіне назар аударды. Өйт­кені «саяси ұстамдылық – мемле­кет өміршеңдігі». Осының барлы­ғы асыл ағаның азамат ретінде, қайрат­кер ретінде өзіне жүктелген ұлы міндет­тер­ді толыққанды атқарып, өтпелі кезеңде Қазақстанда мемлекеттілікті қалып­тас­ты­рып, оны нығайтуға сүбелі үлес қос­қан­­дығының нақты айғағы.

Әбіш Кекілбайұлы биліктің бүкіл табиға­тын, философиясын, психология­сын, әлеумет­тік сипатын, тағдыр-тау­қы­метін, өткен жолдарын, құлап-күй­ре­ген тұс­та­рын, оның себеп-салдарларын, мінез-құлқын, бағы мен сорын әлем­дік деңгей­де өмір бойы зерт­теген. Бұл туралы белді де беделді әбіш­та­нушы­лар айтып та жүр, жазып та келеді. Әбекең билік­құмарлықтың қатер екендігін ескертті. Билікті аздыратын көлгірлік, оспадар­лық, интригандық екен­дігін де атап көрсетті. Ол сонымен бірге әділеттілік категориясының қоғам­дағы рөлін барынша ашып көрсетуге күш салды. Оны мәселенің мәсе­ле­сі деп пайымдап, тәуелсіздіктің ең үлкен жаулары – жікшілдік те, алауыз­дық та тек әділет­сіз­діктен өрби­тін­­дігіне қоғамның назарын аудар­ды.          

Демек, Әбіш Кекілбайұлы қоғамдық санада биліктің табиғаты, билік пен ха­лықтың байланысы, демократия және тәуелсіздік туралы дұрыс түсі­нік қалыптастыруда қыруар еңбек сіңір­ді, қазақтың саяси ой ағымын қалып­тас­ты­­рып, көптеген істердің басы-қасында бола білді. Ендеше, оны тәуелсіздік таңы­ның атуын тездеткен данагөй саясат­кер деуге толық негіз бар.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбайұлының 1996-2002 жылдардағы кеңесшісі, саяси ғылымдар докторы