Біз еске алып отырған Садықбек Хангелдиннің әдебиетке келу жолы өзімен қатарлас жастардан біраз өзгеше болғанын айта кеткен жөн. Яғни, ол кезде қаламгерліктен дәмесі бар жастар әдебиетке деген алғашқы қадамын шығармашылыққа жақын ортадан, мысалы, газет, радио редакцияларынан бастайтын. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасып келеді. Мұның себебі түсінікті де; шығармашылық ортадан жазушылыққа қадам басу әлдеқайда оңай. Садықбек те Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүрген студент шағында өнерге, әдебиетке барынша жақындығымен көзге түскен; түрлі шығармашылық кездесулерді ұйымдастырудың бел ортасында жүрген; қажет кезінде өзі де сахнаға шыққан; өлең жазып, жас ақын ретінде таныла бастаған. Тіпті сол кездің өзінде облыстық радиода диктор болып қызмет те істеген. Яғни, шығармашылық ортаға біржолата бет бұрған ыңғайы бар еді. Бірақ Садықбек Хангелдин институтты бітіргеннен кейін бірден облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып орналасыпты.
Бұған біраз жұрт кәдімгідей таңырқаған екен; тіпті, ақынмын деп жүрген адамның қолынан мұндай мемлекеттік жұмыс келе ме деп күдіктенгендер де болыпты. Дегенмен бойында ерекше дарын-қабілеті бар адам қай салаға барса да өз орынын тауып, абырой-беделге ие болады ғой. О бастан алғыр, кез келген шаруаны дөңгелетіп, игеріп әкететін Садықбек Хангелдин де комсомол қызметінде аз уақытта жақсы қырымен көзге түсіп, іскерлігін таныта білген. Соған орай, ұзамай облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, одан кейін қалалық комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комитеттің хатшысы сияқты жауапты қызметтерді атқарған. Бұл қызметтерде жүріп Садықбек Хангелдин облыстағы әдебиет пен өнерге бейім дарынды жастарды тауып, оларға жол көрсетіп, бағыт-бағдар беру, олардың қабілеттерін ұштап, жұртшылыққа таныстыру сияқты ұшан-теңіз жұмыстарға ұйтқы бола білген.
Сондай жастардың арасында осы жолдардың авторы, яғни біздің өзіміз де бармыз. Бұл жөнінде арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде аздап айта кеткеніміз де дұрыс. Мен бала күннен ақын-жазушы болсам деп армандайтынмын. Бұл үшін университеттің журналистика факультетіне түсуді жоспарлап қойғанмын. Бірақ ол кезде бұл факультетке түсу үшін кемінде екі жыл еңбек өтілі қажет еді. Соған орай, мектеп бітірген соң мен туған ауылымда шопан болып жұмыс істедім. Қой бағып жүріп, Қызылордаға бірнеше рет барып, Асқар Тоқмағамбетов пен Қомшабай Сүйенішовтің алдынан өтіп, ақыл-кеңестерін тыңдап, «Ленин жолы», «Сырдария» сияқты облыстық, аудандық газеттерде біраз өлеңдерімді жариялаттым. Содан 1966 жылдың сәуір айының басында Сыр бойындағы қыстауымыздан Сарысудағы жайлауға әкем екеуміз қой айдап шықтық. Дайралықтың тақыры дейтін елсіз жерге келгенде артымыздан бір «Уазик» машинасы қуып жетті. Машинада аудандық комсомол комитетінің хатшысы бар екен.
– Сұлтанәлі Балғабаев деген сенбісің? – деді ол кісі.
– Иә! – дедім мен.
– Сен республикалық жас ақындар фестивалінің жүлдегері болдың. Енді тез арада Алматыға баруың керек. Бұл жөнінде облыстық комсомол комитетінің тапсырмасы бар. Сол үшін біз сені алып кетуге келдік, – дейді хатшы.
Жас ақындардың республикалық фестивалі дегеннен мүлдем хабарым жоқ еді; оған қалай қатысып, қайтіп жүлдегер болып жүргенімді өзім де түсінбей, айдалада аңтарылып тұрдым да қалдым.
Сөйтсем облыстық комсомол комитетіндегілер менің газеттерде жарияланған өлеңдерімді жинап, Алматыға, фестивальге жіберген екен. Ондағы қазылар алқасы маған үшінші орын беріпті. Енді сол жүлдені алуға баруым керек. Сөйтіп Сарысу даласы жайына қалып, қойды әкеме тастап, аяқастынан Алматыға аттандым. Егер сол кезде комсомол ұйымдарында Садықбек Хангелдин сынды жастарға шынайы жанашыр азаматтар болмаса, айдалада қой бағып жүрген мені кім іздер еді; менің өлеңдерімді кім керек қылып, бәйгеге қосар еді? Өкінішке қарай, ол кезде мен бұған назар аударған жоқпын, ең болмаса оларға бір ауыз рахмет те айтпаппын.
Садықбек Хангелдин ол кезде отызға да толмаған еді; бірақ соған қарамастан, жоғарыда айтқанымыздай, әдебиет пен өнердің жаңа толқынына шынайы көңілмен қамқорлық көрсете білді және өзі де соларға қосылып жас ақын ретінде таныла бастады. «Пернелер» атты тұңғыш жинағы да осы кезеңде жарық көріпті.
Бұл ретте, Садықбек Хангелдиннің әдебиеттегі шығармашылық жолы өзге ақындарға қарағанда қиын болғанын да айта кеткен жөн. Бұл ең алдымен оның мемлекеттік мекемелердегі қызметіне байланысты еді. Садықбек ағамыз жетпісінші жылдары қызметі өсіп, Алматыға қоныс аударып, әуелі Қазақстан комсомолы Орталық комитетінде, одан кейін партияның Орталық комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Бұл жұмыстардың аты, атағы күшті болғанымен, қиындығы да жетіп артылатын. Яғни, ертеден кешке дейін толып жатқан ресми қағаз жазу керек. Күн сайын таусылып бітпейтін жиналыстарға қатысу, түрлі тапсырмаларды орындау қажет. Оның үстіне, айтқан, жазған әрбір сөзінің жауапкершілігі болатынын да ұмытпай, күнделікті жұмысыңды абайлап, байқап атқарғаның жөн. Кеңсеге таңертең ерте кетіп, үйіңе түннің бір уағында оралуың да үйреншікті жағдай. Мұның бәрі жаны нәзік, ақын болып жаратылған адамға оңайға түсе ме? Кеңсенің осындай таусылып бітпейтін жұмыстарынан кейін үйге келіп шабыт шақырып, шалқып өлең жазып отыру мүмкін бе?
Ал Садықбек Хангелдин болса осының бәрін басынан кешірді; күндіз кеңсе қызметкері, кешке ақын болып, екі оттың ортасында жүргендей ғұмыр кешті. Бірақ бұл жолда қаншалықты қиындық көрсе де қажымады; бойына біткен ақындық дарынды сөндірмей, аялап, мәпелеп, жалғастыра білді. Соның нәтижесінде ұзақ жыл мемлекеттік қызметте жүріп те бірнеше жыр жинағын шығарды; соның арқасында тек белгілі қоғам қайраткері ғана емес, жақсы ақын ретінде де танымал болды.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін Садықбек ағамыз бүкіл ғұмырын, барлық уақытын ақындыққа арнады. Бұрынғы өткен жылдарда жүзеге асыра алмаған арман-мақсаттарынның есесін қайтарғысы келгендей шығармашылық салада өндірте жұмыс істеді. Санаулы жылдарда бірінен кейін бірі жеті-сегіз жыр жинағын шығарды.
Осы кезде Сәкеңмен түрлі жиын-тойларда, әртүрлі басқосуларда жиі кездесіп тұрдық. Сондай сәтте Садықбек ағамыз жап-жас жігіттей жайнап, жанарынан сәулелі ұшқындар төгіліп, ара-арасында ақырын ғана күліп қойып, өткен-кеткен туралы неше түрлі қызық әңгімелер айтатын. Және жүзі жайнаған осы қалпымен әлі де талай уақыт бізбен бірге жүре беретін сияқты еді. Бірақ...
Қазір ойлап отырсам, Садықбек Хангелдинді ең соңғы көрген санаулы адамдардың бірі – мен екенмін. 2014 жылдың көктемінде дәрігерге қаралуға барғанда, жүрегімнен ақау табылып, мені он екі сағатқа реанимацияға жатқызып тастады. Сол жерде жатып қарасам, реанимациядағы кісілердің біреуінің жүзі таныс. Басымды көтеріңкіреп, асықпай көз жіберсем, ол кісі – Садықбек ағамыз екен. Жүзінен ешқандай қиналу белгісі білінбейді; көзін жұмып, тып-тыныш ұйықтап жатыр. Сәлден кейін ол кісі маған ешқандай да ұйықтамағандай, көзін ашпаса да менің келгенімді көріп, біліп жатқандай көрінді. Маған бірдеңе айтқысы келгендей... тіпті, шынымен айтып жатқандай сияқтанды. Мен: «Сәке, не дейсіз? Не айтасыз?» – деп айқайлап жібере жаздадым.
Он екі сағат мерзімім біткен соң дәрігерлер мені реанимациядан қайта алып кетті. Ал бірнеше күннен кейін Садықбек ағамыздың сол ұйықтап жатқан қалпында жарық дүниемен біржолата қоштасқан хабары жетті...
Садықбек Хангелдин туралы әңгімемізді осымен аяқтасақ та болар еді. Бірақ соңғы көрген сәтімде ол кісі көзін жұмып жатып, не айтты дейтін ой мені әрегідік мазалап қоятынын жасырғым келмейді. Иә, шынында, не деді екен?.. Таныс-білістеріне, әріптес қаламгерлерге арнап қоштасу сөзін айтты ма? Әлде, туған жер – Сыр бойындағы ағайындарға сәлем жолдады ма? Оның бәрін нақты айту қиын; бірақ қадірлі Садықбек ағамыздың өмірінің соңғы сәтінде менің мойыныма бір тапсырма жүктеп кеткені анық. Енді сәті келіп тұрғанда мойынымдағы сол тапсырма-қарыздан құтылып, төмендегідей бір-екі ауыз ұсыныс айтқым келеді:
Садықбек Хангелдин – мемлекет қайраткері ретінде де, қаламгер ақын ретінде де өз еліне, өз халқына шынайы қызмет еткен асыл азамат еді. Енді сол асыл азаматтың еңбегі ескерусіз қалмай лайықты бағалануы; есімі құрметтеліп, ұрпақтан ұрпақтан жететіндей болып насихатталуы керек. Бұл – ең алдымен Сыр бойының азаматтары ескеретін жағдай. Бұл мәселелердің болашақта толық жүзеге асатынына біз кәміл сенеміз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері