Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2019

Алтай Әбибуллаев: Алқалы жиынның әлем назарына ұсынар мұрағаты көп

453 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл жаңа Конфессияралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы ашылғаны мәлім. Осы орталықтың басты мақсаты мен міндеттерін білу мақсатында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының төрағасы Алтай Әбибуллаевпен сұхбаттасқан едік.

Алтай Әбибуллаев: Алқалы жиынның әлем назарына ұсынар мұрағаты көп

- Құрметті Алтай Ибрагимұлы, биыл жаңа Конфессияралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы ашылғаны көпшілікке мәлім, осы орталықтың басты мақсаты мен міндеттерімен таныстырып өтсеңіз?

- Конфессияаралық және ұлтаралық диалог мәселесі Қазақстан үшін тың тақырып емес. Бұл салада біраз белестерден өтіп, сан жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан бағытта елдің өзіндік форматы мен үлгісі қалыптасып та үлгерді. Елбасы Н.Назарбаев бастамасымен алғаш рет 2003 жылы шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі өткен болатын. 16 жыл көлемінде өткізіліп келе жатқан Съездің делегаттары 2018 жылы Алтыншы Съез жұмысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен дінаралық келісім жолындағы жаһандық ынтымақтастық құру үрдісіне қосқан үлесін мойындай келе «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығын» құру жөнінде бастама көтеріп, бірауыздан қолдаған болатын. Білікті дипломат, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы Съез Хатшылығының Басшысы қызметін атқарып келді, сонымен қатар, біздің Орталықты құру жөнінде бастаманы қолдап, жүзеге асыруға ықпал етті.

Мемлекет басшысы Съез жөнінде «Бүкіл әлемде әралуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде. Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адамдар бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты қалайды», – деп атап өткен болатын. Жақында АҚШ-та өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары мінберден Съез жұмысының пәрменділігін халықаралық деңгейде паш етіп, ерекше серпін берді.

Бұл ретте орталықтың негізгі мақсаты – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезде көтерілетін өзекті, түйіткіл мәселелерді әлемдік қауымдастық назарына ұсыну, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың дінаралық келісім мен диалог мәселесіндегі игі бастамаларын алға жылжыту.

8

Орталықтың ашылғанына аз уақыт болса да, бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізіліп, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылып, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізді.

28 қараша күні орталығымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және халықаралық Толеранттылық күніне орай «Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен толеранттылық моделі» атты халықаралық конференция ұйымдастырды. Жиынға қатысқан халықаралық ұйымдардың басшылары, дін өкілдері мен азаматтық қоғам институттары бірауыздан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың өркениеттер, діндер мен мәдениеттердің диалогы, сонымен қатар, қоғамдағы конфессияаралық және ұлтаралық келісім мен тұрақтылық саласындағы рөлі мен қосқан үлесін ерекше бағалауы біз үшін үлкен мәртебе.  

- Осы ретте қазіргі уақытта Қазақстанда тұрақты негізде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі жөнінде толығырақ айтып берсеңіз?

- Әлбетте, 2003 жылдан бастап 6 мәрте өткізілген бұл алқалы жиынның әлем назарына ұсынар мұрағаты үлкен. Алғаш өткен Съез жұмысына 13 елден белгілі діни көшбасшылар, қайраткерлер және ел басшылары қатысса, 2018 жылы – 46 елден 86 делегация қатысып, қатысушылардың құрамы ұлғаюда. Съездің тұрақты институттары қалыптасып, қазіргі уақытта Діни лидерлер Кеңесі, Съез Хатшылығы мен жұмыс тобы жұмыс істейді.

2019 жылдың 18 қыркүйегінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съез Хатшылығының XVIII отырысы өтті. Бұл Хатшылықтың ерекшелігі ретінде Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының Төрағасы, Съез Хатшылығының Басшысы Д.Н. Назарбаеваның төрағалығымен тұңғыш рет өтуін және орталығымыздың таныстырылуын атап өтуге болады. 

Хатшылық отырысының шеңберінде Д.Н. Назарбаева Съездің тұрақты қатысушыларымен екіжақты жеке кездесулер өткізіп, дін өкілдерінің ұсыныстары мен қызметімен толығырақ танысты. Хатшылық отырысында Д.Назарбаева: «Бүгінгі күні Съезд барлық діндер, халықаралық ұйымдар, саяси қайраткерлер мен сарапшылардың басын қосқан ерекше өкілетті үнқатысу алаңы. Діни көшбасшылардың кездесуі жақсы дәстүр болып отыр. Алғашында жаңалық болғаны рас. Бүгінгі күні барлығы да мүмкін екеніне куә болдық. Бастысы – түзу ниет», - деп Съез жұмысын ерекше бағалады.

4

Съезге қатысушы өкілдерімен екіжақты кездесулер барысында алда өтетін Съездің тақырыптары жан-жақты талқыланып, қазіргі уақытта орталық тарапынан пысықталуда. «Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты топтастыру үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін мен жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар» «Бейбітшілік және келісім – адамзат таңдауы» «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тәрізді терең әрі мазмұнды ауқымды тақырыптар Съездің жұмыстарында жан-жақты талқыланып келді.

Әлемде өзекті мәселелер ретінде халықаралық экстремизм мен терроризм салдарынан өз елдерінен кетуге мәжбүр болған босқындар, әлемдік экожүйе, ядросыз әлем құру, сонымен қатар, Съез қатысушылары жиі назар аудатын дін лидерлерінің әлеуметтік жауапкершілігі тәрізді өзекті тақырыптар алда өтетін Съез бен Хатшылық отырыстарының күн тәртібінде қарастырылатын болады.

Қолға алынған мақсаттарды жүзеге асыру үшін халықаралық тәжірибеге де сүйенген аса маңызды. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде биылғы жылы Рим Папасының 2019 жылғы 3-4 ақпандағы ресми іс-сапары халықаралық резонансқа ие болған атаулы оқиға болды. Бұл іс-сапардың нәтижесінде тарихта алғашқы рет «Авраамдық діндер үйі» ғимараты салынбақ. Бұл құрылым түбі бір негізден тарайтын туыстас діндердің бірлесіп қызмет атқаратын үлкен орталыққа айналдыру жоспарлануда.

Көріп отырғанымыздай, әлем қазір ынтымақтастыққа, ортақ дамуға апар жолдың бірден бірі – үнқатысу екендігін түсінді. Сондықтан, мемлекет деңгейінде көптеген елдерде бұл мәселе қолға алынып, бұл саланы дамыту үшін күш жұмылдыруда. Тағы айта кететін жәйт, конфессияаралық диалогты дамыту мен нығайту қызметіне әлемдік, дәстүрлі діндердің беделді басшыларының, халықаралық ұйымдардың әлеуетін барынша қолданған жөн деп есептеймін.

8

- Орталықтың қызметі туралы бөлісіп, еліміздің дінаралық диалог пен келісімді сақтаудағы игі бастамалары мен іс-шаралары жөнінде мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз!

- Сізге де үлкен рақмет! Мемлекеттік газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Басылым ұлттық мүддені, мемлекеттік бағдарды және рухани құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ баспасөзінің іргелі құрылымы ретінде елдегі ұлтаралық және дінаралық келісім мен татулықты дәріптеу ісіне де үлкен үлес қосуда.

Орталық Сіздің ұжымға қызметте шығармашылық серпін тілей отырып, ел игілігі үшін үлкен белестерге жете берулеріңізге әрдайым тілектес! 

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар